Болашақтың шыршасы

Болашақтың шыршасы
жеке
блог

Қайта оралмас студенттік шақтарын бірге өткізген достарың есіңнен мәңгі кетпейді. Сол бір жалын атқан жас кезде өмірдің қызығы мен шыжығын бірге өткерген достарынан кейбір азаматтар қол үзіп араласпай кетсе, кейбірі  тіпті отбасыларымен араласып көпке үлгі болып жүр. Оралхан Бөкей: "Сәбең үлкен білім берер орта мектеп болса, Мұқаң академия ғой. Мектепте бәрі оқып шығады, ал академияға екенің бірі түсе алмайды" деген екен. Сол секілді, расымен де жоғары оқуға  сауаты зор, білімң ұшқыр жастар түседі десек, біздің әңгіме еткелі отырған 1979-1983 жылғы қазақтың Дене шынықтыру және спорт институтының түлектері сол кезде білім қуып келіп, бастары бір оқу ордасында қосылған жастары болатын.

Бүгінде сол өздері оқып тәмамдаған институттың білікті мамандары ретінде барлығы спорт саласында еңбек етіп келеді. Олардың жиі кездесіп, өткен күндерін сағына еске алып, күн ұзақ әңгіме айтып отырып қалатын кездері де болады. Ал бүгінгі бас қосулары ерекше деп айтуға болады. Өйткені, алда келе жатқан тәуелсіздік күніне орай, 1983 жылдың түлектері түгелдей жиналып,  Кәркен Ахметов атындағы Олимпиада резерві республикалық мамандандырылған мектеп-интернат колледжіне  келіп, мектеп ауласындағы "Достық аллеясына" қаз-қатар шырша отырғызды.Осындай игілікті іске ұйытқы болған, айтулы мектеп-интернаттың директоры Сейілхан Бақтығалиұлы Қарақовтың өзі бел шешіп кіріскен игілікті шара, көңілді күймен  жарасымын тапты.

"Кешегі жас, бүгін дана" демекші,1983 жылғы түлектердің әрқайсысы әр спорт  түрін аяқтап, жасөспірімдерге бар тәжірбиелерін үйретіп жүрген өз саласының білікті мамандары. Айталық, Сейілхан Қарақов - самбо, Данара Байдосова - (аты әйгілі Қабден Байдостың туған қызы) – семсерлесу,Пак Леонид – бокс, Юрий Кузьмин – футбол, Дулат Тұрлыханов пен Жаңабай Оспанов – грек-рим күресі,  Доставалов Владимир – Спорттағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, бүгінде Төтенше Жағдайлар қызметінің полковнигі, зейнетте. Міне, осындай қазақ спортының дамуына бар үлесін қосып жүрген атпал азматтар  өздерінің жоғары оқу орнын оқып бітіргендеріне 40 жыл толу қарсаңында, осындай шырша отырғызып көпке үлгі-өнеге болып отыр. Негізі хадисте, "Отау тік, ағаш отырғыз, ұрпақ жай"-деген асыл сөздер бар. Расымен де, ағаш отырғызу ол айналаның ауасын тазартып қана қоймай болашақ ұрпақ үшін игілігі зор іс. Сондықтан да, тәуелсіздік күніне қатысты, ағаш отырғызған 1983 жылғы түлектердің бұл қадамын - Жарайсыздар ағалар! - деп қол соқса болар. Ынтымағы  ұйысқан аға буындардың жұмыла, жабыла тіккен шыршалары болашақтың шыршасы болып мәңгі қалары сөзсіз. Ұрпаққа үлгі осындай ізгі шаралар көп болса екен.

Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ