Ұлы даланың ұлы тұлғасы
жеке
блог

Ұлы даланың ұлы тұлғасы

     Еліміздің жоғары оқу орындарының ішінен білім мен ғылымға саналы  келешек ұрпақ тәрбиелеп отырған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің орны ерекше, атқарылып жатқан еңбек бүгінгі күні ерен екені айдан анық. Студенттер, магистранттар мен PhD докторларын дайындауда көптеген бағдарламалар мен жоспарлар жүзеге асып отырғанын да, халықаралық қарымқатынастың ныңайыпғ кеңейіп жатқанын да көріп, білеміз. Білім мен ғылымды алға тарта отырып бәсекеге қабілетті, тәрбиелі мамандардың зиялы азамат болуына жоғары талап қойылып, бүгінгі таңда сол бағытта көптеген іс-шаралар жұмыла атқарылуда.

     Дана халқымызда «атына заты сай болу», «атына кір келтірмеу» сынды  өнегелі сөздер тал бесіктен бойға сіңіріп келген ұрпақтарымыз бүгінде университетіміздің табалдырығын аттап, білім алып жүргенін «үлкен мәртебе», «мақтаныш». Айтпағымыз әл-Фараби атындағы университетімізде жүрген әрбір білім алушының басқаша болуы мүмкін емес деп біледі. Сол себепті де, университеттің абыройын асқақтату, мақтанышы болу – басты  міндетіміз, деп есептейді.

     Осындай пікірдегі «Шетел тілі: екі шет тілі» мамандығының 3 курс студенттері Әлемге әйгілі ойшыл, философ, әлеуметтанушы, математик, физик, астроном, ботаник, лингвист, логика мен музыка зерттеушісі, шығыстың Аристотелі атанған, атақты ғалым Әбу Насыр Мұхамед ибн Тархан ибн Узлаг әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толуына орай мерекелік жиын өткізді. Қашықтықтан өткен жиын өте әсерлі және студенттердің үлкен дайындығының арқасында жоғары деңгейде өтті. Тақырып аясында көптеген жақсы баяндамалар жасалды. Мысалы, Серикахметова А., Нұрлан Р., Сванова А., Ұшан А., Пернебек А., Махмут А., және т.б. қатысушыларды атап өткен жөн. Ал, жиында тілге тиек болған мәселелерді жинақтап айта кетудің де жөні болары анық.

     «Ұлы даланың ұлы тұлғасы»  атты жиын барысында  Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың дүниеге келген жылынан бастап, Отырар қаласы жайында тарихи мәліметтерімен бөлісті.

      Әл-Фарабидің ілім-білімге деген алғашқы ынтасы, ғылыми ойының алғашқы ұшқындары туған жері Отырарда, оның тамаша кітапханасында пайда болғандығы туралы. Кейіннен ол Шаш, Самарқан, Бұхара, Хорасан, Бағдат, Дамшық (Дамаск), Каир қалаларына барып білімін тереңдете түсті. 950 жылы Дамшық қаласында дүниеден озғандығы жайында көптеген деректер айтылды.

     Әл-Фараби Аристотельден кейінгі дүние жүзі білімі мен мәдениетінің екінші ұстазы атанған данышпан, энциклопедист ғалым, астрономия, астрология, математика, логика, музыка, медицина, табиғаттану, әлеуметтану, лингвистика, поэзия, риторика, философия ғылымдарын меңгеріп, 200-ге жуық трактаттар жазған. Өкінішке қарай, осынау ұшан-теңіз рухани туындылардың көбісі жоғалып, біздің заманымызға тек 40 шақты еңбегі ғана жеткен. Азияның ұлы ғалымдары мен ойшылдары Әбу Әли ибн Сина (Авиценна), Беруни, Бозжани, Омар Хаям және т.б. өздерін Әбу Насыр әл-Фарабидің шәкірттеріміз деп есептеген. Әбу Әли ибн Сина: «Бұрын еш түсіне алмай жүрген грек метафизикасын толығымен осы әл-Фарабидің кітабын оқып түсіндім»  деген екен.

     Әл-Фараби «Данышпандықтың інжу-маржаны», «Ақылдың мәні туралы трактат», «Ғылымдардың шығуы», «Аристотель еңбектеріне түсіндірме» тектес трактаттары арқылы ғаламдық ойдың дамуына өзінің қомақты үлесін қосты. Сондықтан да халық оны «Шығыстың Аристотелі» атап кеткен. Ол ежелгі заман ойшылдары Аристотель, Платон, Гален шығармаларына терең талдаулар, түсініктемелер жазды. Әл-Фараби сонымен бірге әлеуметтік-қоғамдық және этика саласына да қалам тербеген. Мысалы, «Бақытқа жету жайында» деген еңбегінде «оның бірден-бір жолы – ғылымды, білімді игеруде» деп насихат айтады.

     Ал «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» деген трактаттарында бір­қатар қоғамдық, әлеуметтік, этикалық мәселелерге талдау жасалынды. Мұндағы қала деп отырғаны – мемлекет. Бабамыздың бұл шығармасындағы мемлекеттің пайда болуы, ондағы теңсіздіктің өмірге келуі, идеал – қала  халқының моральдық бейнесі, қала әкімдеріне қажетті адамгершілік қасиеттер, әр адамның бақытқа жету үшін бүкіл қоғам болып тіршілік ету керектігі туралы айтылған пайым-пікірлері бүгінгі күнге дейін өзекті. Ал ғұлама әдебиет теориясына арнаған «Өлең кітабы» атты еңбегінде өлең жазу ісіне қойылатын шарттарға тоқтала келе, ішкі терең мағынаға сыртқы пішін, яғни сұлу ұйқас үндесіп келгенде ғана әсем жыр туындайтынын айтады.

Қорыта айтқанда, әл-Фараби бабамыздың мұраларын зерттеу, насихаттау, оларды ұрпақтан ұрпаққа жеткізу мақсатында көптеген іс-шаралар атқарылуда. Мысалы, Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, яғни Әл-Фараби сынды ғұлама бабамыздың еңбектерін толық, жан-жақты зерттеп, оны қазақ, орыс, ағылшын және өзге  тілдерге аудару да алға қойылған мәселенің бірі. 2020 жылға Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде, әлемдік мәдениеттің ұлы мерекесі дәрежесінде өзінің туған жері Қазақстанда біршама жиындар, конференциялар халықаралық деңгейде өтуде.

     Мемлекетіміз үшін биылғы жыл Әл-Фараби жылы болса,  әсіресе біздің университетіміз үшін мерейлі жыл. Осы орайда, Әл-Фараби атындағы кітапхана, Әл-Фараби орталығының бүгінде атқарып жатқан еңбектерін бір ауыз сөзбен айтып жеткізе алмасымыз анық. Себебі мұнда қаншама білім алушы студент, магистранттар мен PhD докторларымыз ғылыми еңбектер мен көркем шығармалардың көмегімен білімін шыңдап, қажетті материалдардың көмегімен ғылыми жұмыстар орындауда. Атап өту керек, қазіргі қашықтықтан оқу барысында университетіміздің кітапханалары мен орталықтарының электронды сайттарының көмегімен білім алу жағы жоғары деңгейде алға қойылған.

     Тағы бір айта кетер мақтанышымыз, дәстүрлі Республикалық әл-Фараби олимпиадасының Мемлекетіміздің түкпір-түкпіріндегі мектеп оқушыларына берер үлкен мүмкіндіктері, дәстүрлі Халықаралық Әл-Фараби оқулары атты ғылыми конференцияның да еліміздің және өзге елдердің барлық ЖОО-ның студенттері мен жас ғалымдары үшін ұйымдастырылып жыл сайын жоғары деңгейде өтуде. Осы айтылғандар және өзге де көптеген кейінгі жылдардағы оқу үдерісіндегі философиялық пәндердің жиынның жақсы дайындықпен жақсы өтуіне ықпалы жайында пікірлерімен бөлісті.

     Атаулы жылдағы қашықтықтан өткен кіші жиыннан студенттердің аса үлкен дайындығы, жан-жақты ізденісі көңілге жылулық ұялатып қана қоймай, мақтан тұтар жастарымызға тәнті де ете алды.

Медетбекова П.Т.,

Әл-Фараби ат.ҚазҰУ,

Жалпы тіл білімі және еуропа тілдері

кафедрасының оқытушысы

Егембердиева Н.,

Әл-Фараби ат.ҚазҰУ,

«Шетел тілі: екі шет тілі» мамандығының студенті