Отандық өнім

Отандық өнім
жеке
блог

Базарға барсаңыз болды әр қазақтың: «китайский ме?» деген сұрағына, «турецкий» деп жауап беріп жатқанын көресіз. Ақ көңіл тұтынушы тұтылып, айласын асырған сатушы құтылып кетеді. Ал «отандық өнім алуға неге бармайсыз?» деп сұрақ қойыңызшы, «Қой, құрысын, бағасы удай ғой» деп жатады. Қазақстан – мемлекет, республика, Отан. Ендеше оның ішкі нарығы ішінде өмір сүріп жатқан халықтың жағдайына қарай өмір сүруі керек. Шет елге қандай баға қойып сатсаңыз да өзіңіз біліңіз, бірақ ел ішіндегі белгілі бір баға немесе жүйе болуы керек.Мемлекет отандық өнімді жасап отырған кәсіпкерлерге қолдау жасау керек. Өйткені бара-бара ұлттық оюлы өнімдер мен отандық заттарды тек қалтасында ақшасы барлар ғана сатып алатын болады. Мәселен елімізде брендке айналып үлгерген тері бұйымдарын өндіретін дүкендер, аяқ-киім өнімдері, зергерлік сынды нарық бар. Ол нарыққа кіріп кетсеңіз, бағасы шынымен қымбат. Халықтың жағдай көтере бермейді. Олар заттары өтуі үшін жұлдыздарға ақша беріп олардың бағасын арттырады. «Қайрат Нұртас тағып жүрген сағатты неге алмасқа?!» деген ой қалыптасса екен дейді. Құдай-ау, елдің бәрі Қайрат секілді ақша таба алатын болса баяғыда алатын еді ғой. Бірақ жағдай оған жеткізіп отырған жоқ. Әрине әрбір адам еңбектеніп, жақсы ақша табуы керек. Қиындықтарға ұрына беретін кәсіпкерлер амалсыз заттың құнын көтереді. Ал «неге қымбат деген сұраққа?» осының бәрі сізге айтып, ағынан жарылып отырмайды ғой. «Сапалы» деп құтылады. Сапалы екені де өтірік емес, бірақ сапалы деген заттың де арысы 2-3 жылдық ғұмыры бар.Ойлап қарасаңыз, айына 50-60 мың теңге жалақы алып отырған ата-ана баласына қымбат немесе сапалы аяқ-киім алып бере алмағандықтан оның баласы жиі ауруы мүмкін немесе дертке шалдығуы да ғажап емес. Ал отандық өнімдерді алуға шамасы жетпейді. Сонда кім кінәлі? 60 мың теңге тапқан әке ме әлде отандық өнімді қымбатқа сатқан кәсіпкер ме, әлде мемлекет пе? Жауап біреу-ақ, әке кінәлі болады. Себебі ол 60-ақ мың теңге тауып отыр. Неге көп таппайды? Енді айтайын, онсыз да жұмыс тапшы әрі жұмыс табу қиын қоғамда 60 мың теңгені шүкір көріп отырған отбасына қандай кінәрат артасыз. Мәселе кәсіпкерде де, әке де емес. Мәселе мемлекеттің отандық өнімдерге бей-жай қарамай, «кәсібін айналдырып отыр ғой» деп қол сілтемей, оң қабақ танытуында. Мемлекет ештеңе бітірмейді деп те айтуға болмайды. Дегенмен саусақ ұшымен жасалған көмектің пайдасы аз. Білек сыбанып кірісіп, бірігіп шешу керек. Сол кезде мемлекет ұтады, кәсіпкер де ұтады, халық та разы болады. Бәрі ұтып тұрған, бәрі разы болып тұрған Отанда кімнің өмір сүргісі келмейді деп ойлайсыз?! Бəрі тағдырынан бақытты болуға жаралмаған болар, бірақ бақытты өмірді жасап беруге болады.