Дүние жүзі білімі мен мәдениетінің екінші ұстазы атанған данышпан

Қазіргі заман мəдениетінің негізін құрайтын жетекші форма — ғылым мен білім. Ғылыми- техникалық революция заманында ғылым — мəдениеттің шын мəніндегі жетекші формасы, онсыз қазіргі материалдық жəне рухани игіліктерді өндіру мүмкін емес.

Ғылым жолында көптеген зерттеулер мен ашылулар ежелден де, қазір де жүріп жатыр. Соның ішінде ежелден бізге белгілі ұлы шығыс ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидың есімін естігенде бәріміздің елең ете қалатынымыз рас. Қазақстанда Әбу Насыр әл-Фараби мұраларын аудару, зерттеу, насихаттау жұмыстары мен әрекеттері ХХ ғасырдың 60-70 жылдарынан басталып, Қазақстан фарабитанудың әлемдегі ең үлкен орталықтарының біріне айналды.

Биыл 2020 жылы ұлы ойшыл, шығыстың Аристотелі атанған, атақты жерлесіміз Әбу Насыр Мұхамед ибн Тархан ибн Узлаг әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толды. Осыған орай елімізде әртүрлі іс-шаралар, тіпті ауқымды жобалар да қолға алынып жатыр. Соның ішінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті көптеген жобаларды қолға алуда. Атап айтатын болсақ, 2020 жылдың 1-маусым күні ХХІІI «Аханов оқулары» аясында әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына арналған «әл-Фараби философиясы: мәдениет, тіл және әдебиет» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік workshop өтті. Конференция барысында әл-Фарабидың өмірі, оның ғылым жолындағы еңбектері көрсетілді. Уоркшопта университет магистранттары мен докторантары өз мақалаларының баяндамасын оқыды.

Сонымен қатар, әл-Фарабидің мерейтойына орай, университет студенттері және Алматы қаласының еріктілері университет стадионына күзгі жапырақтардан ұлы ойшылдың портретін құрастырған болатын. Бұл өте ғажап туынды ретінде халқымызды сүйсіндірді.

Басқа да жасалып жатқан көптеген жобалар дүние жүзі білімі мен мәдениетінің екінші ұстазы атанған данышпанды құрметпен еске алып, оның мұраларын қадірлеуімізге жетелейтіні хақ.

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 2-курс магистранты Уәлиханова Гүлнұр

 

Ғылыми жетекшісі: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ф.ғ.к., доцент м.а. Бектемірова Сәуле

 



Бөлісу: