«Қорқыт ата кітабы»  түркі мәдениетіндегі ерекше туынды ретінде
жеке
блог

«Қорқыт ата кітабы» түркі мәдениетіндегі ерекше туынды ретінде

Әлия Масалимова

Философия ғылымдарының докторы, профессор,

Шәри Ислам

мәдениеттану мамандығының 2 курс магистранты

 

 

Еліміздің тарихы бір-бірімен өзара байланысты, өте күрделі, әрі қызықты кезеңдерден тұратынына ешқандай күмән жоқ. Арқадан Алатауға дейін созылған ұлан-ғайыр атырап түбі бір, мәдениеті мен діні, тілі мен дүниетанымы бір-біріне өте жақын халықтарға мекен болған. Тіпті, оларға тарихта «түркі халықтары» деген ортақ атау берілген. Қазіргі күні Алдыңғы және Орталық Азия жерлерінен орын тепкен ұлттардың атамекені – Қазақстан деп аталуы да бекер емес.

Өз тарихымыз бен мәдениетіміз жайындағы құнды деректерге қол жеткізу үшін сонау Қазақ хандығы құрылған кезеңнен бастап орын алған оқиғалар жайында зерттеу жеткіліксіз. Бірнеше ру-тайпалардың ауызбіршілікке жетіп, біртұтас мемлекеттік бірлестік құруының өзі өте ұзақ, әрі қиын үдеріс. Ал олардың бірлесуіне өздері өмір сүріп келген ел ішіндегі жағдайлар ғана емес,  сыртқы жаулармен немсе одақтастармен қарым-қатынасы да тікелей әсер етеді. Мысалы, Қазақ хандығының құрылуына негіз болған – Әбілқайыр хандығының қыспағына шыдай алмай, Жәнібек пен Керейдің қол астына өткен Ақ Орда тайпалары. Ал біртұтас мемлекеттің негізінің қалануына өз септігін тигізген – сыртқы жауларына қарсы одақтас табу үшін Моғолстан әмірінің бас сауғалап келген қазақ тайлаларына жер бөліп беруі. Ары қарай қандай оқиғалар орын алғанын барлығымыз да тарихтан білетін болармыз.

Бұл мысал не үшін келтірілді? Мұндай тарихи-саяси үдерістер қазақ даласында сан ғасырлардан бері орын алып келген. Әрине, бұл үдерістер кезінде басты рөлді атқарған – ерте кезеңдерде жерімізді мекен еткен, тілі, діні, мәдениеті жақын түркі тілдес халықтар. Осы халықтармен байланысты тарихи, мәдени, саяси оқиғалардың барлығы да кейіннен құрылған қазақ ұлтына да тікелей әсерін берді. Осылайша, қазақ дүниетанымындағы, қоғамындағы, тілі мен мәдениетіндегі көптеген дүниелерді зерттеу үшін кезінде жерімізде өмір сүрген халықтардың мәдениеті мен тарихын зерттеген жөн деп есептеймін.

Қазақ даласында өз мемлекеттік бірлестігін құрған тайпалардың бірі – оғыздар ІХ ғасырдың аяғынан ХІ ғасырдың басына дейін өмір сүрді. Олардың ру-тайпалар бойынша бөлінуі (үш оқ, боз оқ) кейіннен қазақ қоғамындағы жүзге бөлінуге байланысты екенін, олардың жаңа туылған сәбиге ат қою үлгісі де біздікіне ұқсас келетінін  Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Х.Әділгереев секілді ғұламар келтіріп өтеді. Сонымен қатар, оғыздар елінде орын алған оқиғалар жайында сыр шертетін тарихи-мәдени ескерткіштер жоқ емес. Солардың бірі – аты аңызға айналған, бүкіл түркі халқына ортақ тұлға болып есептелетін адамның атына жазылған «Қорқыт ата кітабы». Кейбір тарихи деректерде бұл ескерткіштің авторы, яғни, оғыздардың хан, бек, батырлары жайында сөз айтылған 12 жырды жасап шығарған Қорқыт деп есептеледі.

Өз заманында аты аңызға айналған бұл тұлға Оғыз мемлекетінің тарихында үлкен лауазым мен беделге ие болған. 12 жырдың ішінде кейіпкерлер, соның ішінде, хандар, бектер мемлекеттік маңызы бар, не болмаса, қоғам ішіндегі өзекті мәселені шешу үшін, ақыр аяғында белгілі бір ритуалдық іс-әрекеттерді жүзеге асыру үшін Қорқыттың ақылын тыңдайтын болған. Мысалы, жырдағы басты кейіпкерлердің бірі - батыр Бамси-Бейректің есімін Қорқыт қояды; оғыз еліне Төбекөз (Циклоп) қауіп төндіргенде онымен алғаш болып бітімге келуге тырысқан – Қорқыт; барлық жырдың соңында сондағы оқиғаны суреттеп берген «менің Қорқыт атам» деп айтылып кетеді.

Көріп тұрғанымыздай, 12 жырда сипатталған ел билеушілер, батырлар, қарапайым адамдар жайында жеткізген – Қорқыт. Бір деректерде оны сарайда қызмет еткен жырау (узан) деп айтылады. Бұл қызметтегі адамдар айтулы тұлғалардың жасаған ерліктерін мадақтап, асқақтап жеткізіп отырады. Қазақ ауыз әдебиетіндегі ертегілерде, батырлық жырларда кездесетін басты кейіпкерлер – батыр, патша, бойына бар жақсылықты жиған образ түрінде суреттеледі. Әдетте, батырлар жайлы ауыз әдебиеттерінде  басты қаһарманның тұлғасы мен жеке қасиеттері асқақтатылып, құдіретті күшпен байланыстырылып жеткізіледі. М.Баталов пен М.Сильченконың «Қазақ фольклоры мен әдебиеті жайлы очеркінде» эпостарда жолығатын Қобыланды, Ер-Сайын, Алпамыс, Едіге, Орақ-Мамай секлді батырлардың есімдерінің, жеке тұлғаларының, күштерінің асқақтығы хандық дәуірдегі әскери аристократияға байланысты делінеді. Сол кезеңдегі қазақ қоғамында батырлар аса жоғары мемлекеттік қызметтерде орын алған, әрі үлкен лауазым мен байлыққа ие болған. Сыртқы жаулармен күресте қазақ батырларын асқақ етіп көрсету үшін, сонымен қатар, халықтың санасында оларға деген сенімді арттырып, ал жауларға деген өшпенділікті көтеру мақсатында  жоғарғы қызметтегі батырлар мен қолбасшылар немесе хандар сарай маңындағы ақын-жырауларға қазақ жауынгерлерінің күшін, ерліктерін жыр,  аңыз түрінде айтқызған. Эпостық жырларда қазақ батырларына антогонистік обараздар ретінде қарсы тұратын – Қазақ хандығымен ұзақ жылдар бойы қақтығысқа түскен жоңғарлар не қалмақтар.  Ер-Сайын, Алпамыс батыр туралы эпостарда олардың мыңдаған жоңғармен жалғыз ашық майданға түскені жайлы айтылады. Ал «Қорқыт ата кітабындағы» оғыздардың, соның ішінде беделді батырлар - Салор Қазар, Қара Гюне, Бамси Бейрек және тағы да басқа кейіпкерлердің басты жауы ретінде «гяурлар» (орысша «неверные»), яғни басқа діннің, мәдениеттің адамдары келтіріледі. Кейіпкерлер мен олардың жаулары бөлек болғанымен, қазақ және оғыз эпостарының арасындағы өзара сюжеттік құрылымындағы ұқсастықтарды (ерлік, елдік, махаббат, Отанға деген сүйіспеншілік мәселелері, өзін құрбан ету) байқауға болады.

Сонымен қатар, «Қорқыт ата кітабындағы» кейбір жырларды оғыз халқының діни көзқарастары жайында кішігірім ақпарат беріліп кетеді:

 

В «Китаб-и Коркуд» огузы    выступают уже как общество с вполне сложившейся кочевой аристократией, что не мешает, впрочем, сохранению в      неприкосновенном виде  таких        глубоких    пережитков      древности,         как тотемизм. Одна из былин «Китаб-и -Коркуд»,   «Рассказ    о разграблении дома Салор-Казана», начинается следующими характерными словами: «Однажды сын     Улаша, детеныш         птицы Тулу, надежда для нас бедных, лев племени     и рода, тигр      толпы...».

В         другой       песне,        «Рассказ   о      Бамси-Бейреке,  сыне Кам-Буры»,         говорится:         «Опора     остальных         джигитов,надежда для нас бедных,         тень Баюндур-хана,    детеныш    птицы       Тулу, столп Туркестана,      лев    племени и рода...».

(«Книга моего деда Коркуда», СССР, 1962)

 

Кішігірім қорытынды жасай кетсем, «Мәдениеттану» мамандығының магистранты ретінде түркі дәуірінің құнды тарихи-мәдени ескерткіші болып табылатын, ортағасырлық түркі мемлекеттері жайында мағлұмат беретін «Қорқыт ата кітабы» жинағын зерттеу жұмыстарын қарқынды жүргізу дұрыс деп есептеймін. Жоғарыда атап өткеніміздей,  қазақ жерін көптеген түркі халықтарының атамекені, және ғасырлар бойы бір-бірімен тығыз қарым-қатынастың нәтижесінде өзара мәдени кеңістік орната білген. Қазақ халқы да осы еркін мәдени кеңістікте өмір сүре отырып, түркі халықтарының мәдени мұраларын бойына сіңірді. Сол себепті өз ұлтымыздың мәдениетін зерттеуде, және қазақтану саласын дамытуда ерте кезеңде өмір сүрген туысқан халықтардың мәдени жазба ескерткіштеріне мән бергеніміз абзал.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Очерки по казахскому фольклору и казахской литературе [Текст] / М. Баталов , М. Сильченко; под общ. ред. И. Кабулова - Алма-Ата : Казакстан. краев. изд-во, 1933 .
  2. Книга моего деда Коркута. М-Л. АН СССР. 1962.
  3. https://www.kaznu.kz/kz