жеке
блог

КЕЛІНШЕКТАУ

Ертеде мыңғырған малы бар бай қызын ұзатарда жасауының бәрін алтыннан жасапты. Ұзатылып бара жатқан кезде қыз көшті тоқтатып, жасауды тексереді, сөйтсе, итаяғы ағаштан жасалған екен. Әкесінің мұнысына көңілі толмаған қыз дереу төркініне кісі жібереді. Әкесі болса, қызының дүниеқоңыздығы мен тойымсыздығына ренжіп, «бүйткенше тас боп қатып қал!» деп ашуланыпты. Әкесінің қарғысы заматта орындалып, әлгі қыз да, жасауын артқан түйелер де, керуен де тас пен тауға айналып кетіпті. Сол керуен қатып қалған жер Келіншектау аталған екен дейді ескі аңызда.

Келіншектау — Созақ ауданы, Абай ауылының маңында орналасқан екен. Біздің ауылдан ары кетсе 500 шақырымдай ғана жерде. Соншама жақын жердегі кереметті осы күнге дейін неге көрмей жүрміз деген оймен, 2020 жылдың қарашасында аңыз-тауды бетке алып, сапарға шықтық. Ініміз екеуміз «асай-мүсей» атаулыдан ұялы телефонды ғана алып кете бердік.

Шымқаланың түбінде орналасқан Қасымбек датқа ауылындағы (бұрынғы аты «Советская») бір жекжатымыздың үйіне бір күн қонып, ертесіне таңғы жетіде ары қарай зуладық. «Зуладық» деуіміздің себебі бар, Шымкенттен өткенше кептелістерден жүрісіміз өнбей шаршап ек, Шаянның жолы құмырсқадай қаптаған көліктерден ада екен, оның үстіне жаңа төселген жол болғандықтан, ызғыдық та отырдық. Шаянға бір сағатта жетіп бардық. Ары қарай жолдың екі беті елсіз сап-сары дала. Бағытымыз Шолаққорған. Жолда көлік деген жоқтың қасы, Шаяннан 84 шақырым деген Шолаққорғанға жету түк те қиындық тудырмады.

Шолаққорғаннан түстенетін жер іздедік. Алдымыздан кезіккен шағын асханаға кіріп, асқазанға аздап ауыл-ел қондырдық.

Сатушы-аспаздан Келіншектау жайлы сұрадық.

— Білмеймін, бармаппын сол жерге, — деп иығын қиқаңдатты.

— Мынау тұрған жерге бармағансыз ба?

— Иә, қызықпаймын.

Анадай жерде тамақтанып отырған бір жігіт ағасы сөзге араласты.

— Қай жақтан келдіңдер?

— Жетісай.

— Мен мына жақта Степной, қазіргі Қыземшек деген жерденмін. Келіншектауға баратын жолды жатқа білемін. Абай аулының тұсынан барыңыздар. Оңай жетесіздер, — деді.

Оған алғыс айтып шығып бара жатыр ек, тағы сұрақ қойды.

— Сендер жақта сатылатын «Урал» мотоциклі бар ма?

— Білмедім, біз жақтағылар мотоцикл міне бермейді…

— Біз жақта мотоцикл өтімді, аң қуалағанға жақсы.

Онысы рас та шығар, Шолаққорғанның айналасы жазық дала. Не қуаласаң да, тоқтамай шапқылай беруге болады.

Шолаққорғаннан өте жаңағы Абай деген ауылға бұрылдық. Ауылға дейін жаңа асфальт төселіпті. Ауылға жақындағанда:

— Ана өркештерді қара! — деді інім. Шынында да тұман арасында мұнартқан өркеш-өркеш таулар еміс-еміс көріне бастаған екен. Көзімізге кәдімгі түйенің өркеші елестеп, сондай керемет таудың етегіне жақындап қалғандығымызды сезіндік.

Абай аулынан ары қарай да көлікпен бірталай жер жүрдік. Ол жердің құрамы тастақ болуы керек, көлік жүрген айқыш-ұйқыш жолдардың табанынан тастар ұшады, осылайша таудың етегіне жетем дегенше біршама уақыт өтті.

Тау бірден бастала қоймайды екен. Әуелі төбеден сәл ғана биік жайпат жоталарды асып өттік. Жақындаған сайын іркес-тіркес өркештер анық көрініп, шұбатылған керуеннің сұлбасы көз алдымызға келе қалды. Біз секілді тау көрмеген жазықта өскен жазғандар үшін әлгі жоталарға шығу да әжептәуір күш екен, «тау салқын шығар» деп үстімізге іліп алған сырт киімімізді шешіп алып, иығымызға ілуге тура келді. Өйтпесек қара терге малшынып кеттік.

Таудан бастау алып, жазыққа қарай жайылып кеткен кішірек бұлақты жағалап, әлгі аспанмен таласқан өркештерге қарай бет алдық. «Мына бұлақтың басталатын жерін көрейік» дегенбіз, бір кезде әлгі бұлақты таппай қалдық. Оның орнында құрғақ арна жатыр.

— Әлгі бұлақтың суы қайда кетті? — деп аң-таң болып, шамалы кері қайтып ек, сөйтсек, жер астынан шығып жатқан қайнар екен.

Тауға өрмелеу оңайға соқпады. Алдымыздан бірінші кездескен тауға өрмеледік, жартысына ғана жете алдық, ары қарай тым тік, кәнігі альпинистер болмаса, біз секілділер өрмелемек түгіл қарауға сескенетін қорқынышты тастар. Кетілген күрек тіс құсап, төбеге шошайған жаңағы өркештер енді тым сұстанып кетті. Бірақ мұның қайсысы қыздың сұлбасы екенін қанша үңілсек те таба алмадық (әйтпесе ол оқиғаның тау болмысына қарай шығарылған аңыз ғана екенін білдік, сонда да іздей бердік, нәтиже шықпады). Айғайлап көріп ек, бұл тұстан онша дауыс жаңғыра қоймайды екен. Солай қалағанымызша суретке, видеоға түсіріп жүргенде түс ауып кетті.

«Осы тойғанымызбен қайтайық» дедік. Тау аралай бергеннен мүйіз шыға ма, оның үстіне көлігіміз айдалада қалып кетті, біреу-міреу дөңгелегін шешіп әкетіп қалса, қызықтың көкесі сонда болмақ. Сол оймен көлікті қалдырып кеткен жерімізге беттеп келе жатқанымызда, отын кесіп жатқан үш-төрт қаралы адамға кезікті.

— Қай жақтың қазағысыңдар? — деді салған жерден. «Бұлар неғып жүрген бейсәубет адамдар? Екеуден-екеу тау аралағаны несі? Тауда не қызық бар? Осы пәлекеттер алдын-ала бәрін зерттеп алып, камазбен малымызды тоғытып әкеткелі жүрген біреулер ме?» деп күдіктенгенін де жасырмады. Біздің түр-әлпетіміз ондай «қарақшы баукеспелерге» ұқсамаған болуы керек, айтқанымызға сенгендей қалып танытты. Танымайтын адамдардың жанында көп тұрған жоқпыз, көлігімізге жеттік же, келген ізімізбен кері қайттық.

«Бұл жерге туристер көп келетін шығар» деп ойладық. Келіншектау бізді ғана қызықтырмағанын кейін ғаламторда жарияланған түрлі видео, блогтурлардан білдік. Бірақ жергілікті халық ол жердің туризм орталығына айналғанын қаламайтынын әлдебіреуден естідік. Төрт түлік малы емін-еркін жайылып жүретін аймаққа бөтендердің келе беруі тым қауіпті көрінеді. Ежелден бері тыйылмаған мал ұрлығы деген мәңгілік дерт ондай жағдайда асқынып кетуі де мүмкін ғой.

Қайтар жолда тағы да Шолаққорғанға соқтық. Бұл жолы Шаянмен емес, Түркістанмен қайтқымыз келді. Өйткеніміздің екі себебі болды, жол-жөнекей тау арасымен салынған тас жол арқылы Қаратаудың қызығына қану, екіншіден, облыс орталығына айналған Түркістанның бүгінгі келбетін көру. Бұл екі мақсат та орындалды. Әсіресе Қаратау сілемдері қатты ұнады. Түстіктің жылы ауа райы тау басындағы қарды лезде ерітіп жібереді екен де, тау солай аталып кеткен.

Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту



Жұлдызды блогтар

Ана мен бала жағдайы
Ана мен бала жағдайы
Бауыржан Момышұлы келінінің кітаптары
Бауыржан Момышұлы келінінің кітаптары
Екі жүрек бірге қағуда
Екі жүрек бірге қағуда