Ұлттық құндылықтар: кеше және бүгін
жеке
блог

Ұлттық құндылықтар: кеше және бүгін

      Ұлттық құндылықтар – әрбір ұлттың болмысында ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан адамгершілік қағидаттары. Ғасырдан-ғасырға жеткен халықтың қазынасы – тілі, ділі, салт-дәстүрі, әдебиеті мен өнері ұлтымыздың рухани байлығы. Менің ойымша, сол құндылықтардың арқасында біз өзіміздің халықтық қалпымызды сақтап, әлемге танылып отырмыз. Сондықтан да кешеден бүгінге сол құндылықтарымыз  қалай жетті, ертеңгі күнге жеткізе аламыз ба деген сұраққа жауап іздеп көрейік.

       Ұлттық болмыс, оны дәріптеу отбасынан, ошаққасынан басталады. Отбасы –  тәрбиенің тамаша мектебі. Үлкенді сыйлауға, ана тілін ардақтауға, салт-дәстүрімізді сақтауға тәрбиеленсек, ұшқанда да соны іліп, жүрген жерімізде сол құндылықтарды дәріптейміз. Әкесі мен баласы, қызы мен анасы, бозбала мен бойжеткен арасындағы жарасты қарым-қатынас отбасындағы ұлттық дәстүрді берік ұстанудың бір жолы. Халқымыз ұлын-нарға, қызын арға балап, татулықты абысындар арасынан тапқан, жігіттің бойынан елге қорған боларлық батырлық қасиетті іздеген. Осындай тәрбие арқылы құндылықтарды қалыптастырған.

      Ұрпағын елжанды, ұлтының ұлылығын ұлықтайтын азамат етіп тәрбиелеуде ана тілінің нәрімен сусындатып, жүрегіне ізгіліктің дәнін сепкен.  Ана сүтімен бойымызға дарыған тілді шұбарламай, таза күйінде ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген. Елге қалтқысыз қызмет етуді ойлаған асыл ерлеріміз жеке басының мүддесінен халық мүддесін жоғары қойған.

       Егемендік алған күнінен бастап, түрікмен халқы өзінің тазысы мен ақалтекесін, өзбектер ала шапаны мен кепкен өрігін, қырғыздар қымыз бен айыр қалпағын әлемге жар салып заңдастырып алған. Ал біз ше, нені  қазақтікі еді деп таласа аламыз. Аңсаған арманымыз Тәуелсіздікке де қол жеткіздік. Қазақ тілі –мемлекеттік тіл деп жар салдық. Алайда, бұл заң тілімізді мемлекетік мәртебесіне көтере алды ма? Жоқ, көтере алмады. Соңғы кезде қабылданған «Үш тұғырлы тіл»  мәселесі де ұлт болмысына кері әсерін тигізіп жатыр. Ғаламдық жаһандану көшіне ілісеміз деп ағылшын тілін бес-алты жастан бастап оқытуға кірісіп те кеттік. Осының бәрі де ұлтымыздың жаны –ана тіліміздің өз елімізде өгейдің күйін кешіп отырғанына дәлел бола алады.

    Өнеріміз бен мәдениетіміз туралы сөз қозғағанда да осындай келеңсіздікке   тап боламыз. Шет елдің музыкасына елтіген жастар, шет елдік үлгіде киініп , жөні келсе шет елде демалғанды ұнатады. Салт-дәстүрлерімізді ескінің сарқыншағы деп қарап, ата-анасынан бөлек тұруды арман ететін замандастарымызға да жиі ұшырасатын болдық. Кемшіліктеріміз бен жетістерімізді таразыласақ, таразы басын кемшіліктер жағы басатын сияқты.  Уақыт өзі шындықты жайып салып отыр.

     Осындай ойларды қорытындылай келе, бүгінгі таңда ұлтымыздың рухани байлықтарын көзіміздің қарашығындай сақтап, келешекке жеткіземіз деген мақсатпен ел болып бірлесе жұмыстар жүргізу керек деп есептеймін. Тіліміз мен ділімізді кіршіксіз күйінде  болашаққа мирас етіп қалдыру үшін әрқайсысымыз тамшыдай болса да үлес қосуымыз керек. Сонда ғана ұлы армандарымыз орындалады деп ойлаймын.

Қозыбақова Ф.А 

               Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, т.ғ.к., профессоры

                                  Гулдерхан Досымова

                                                                             Тарих факультетінің 2-курс магистранты