Денсаулықты сақтау – үлкен өнер

Денсаулықты сақтау – үлкен өнер
жеке
блог

Адам – табиғатынан әлсіз жаратылыс. Өз-өзіне не біреу оған қарамаса, қамқорлық жасамаса, аман қалуы қиын. Әсіресе, адамда денсаулық деген өте қадірлі, алтыннан қымбат нәрсесі бар.

Халқымыз "бірінші байлық – денсаулық" деп бекер айтпайды. Егер жаның аман, денің сау болмаса, бұл өмірде мән жоқ. Бір жерің шамалы ауырып тұрса, онда ешнәрсеге зауқың соқпай, көңіл-күйің де көтерілмей мазаң қашады. Ал еш жерің ауырмаса, онда күнділікті шаруаңды емін-еркін жасап, армандап та, қиялдап та өмір сүресің.

Кейде денсаулық барда, оның қадіріне жетпей, бағаламай жататын жайымыз бар. Сондықтан оны оңды-солды жұмсаймыз. Денсаулықты құртатын дүниелерге көп барамыз. Ал адамның өзіне жасаған ең үлкен өкініші де осы болуы тиіс: денсаулығын құрту – өзіңе жасаған қылмыспен бірдей.

Сондықтан денсаулықты сақтауға, оған қамқорлық танытып, күтінуге тырысу абзал. Денсаулық сақтау – өнер. Өйткені денсаулықты күтіп ұстау да кейде пендеге оңай болмай жатады. Нәпсіге ауыр келетін нәрселер бар десем болады. Мәселен, жүгіру, жаяу жүру немесе көп қимылдау денсаулық сақтау нышаны екенін бәріміз білсек те, оны орындамай жатамыз. Жай ғана серуендеудің өзі бойға қан таратып, қан айналымы мен зат алмасымын жақсартады. Содан адам ағзасына қажетті қоректік заттар барады.

Тағы бір мысал. Кейде ішпеу керекті ішіп, жемеу керекті жеп жатамыз. Мәселен, фаст-фуд пен кез келген тез, қуырылып дайындалатын тағамның ағзаға ауыр екенін біле тұра, соны жейміз. Ал ағзаңның амандығын ойласаң, мұндай санасыз әрекетке барудың қажеті жоқ.

Денсаулық сақтау – бұл өнер. Ал өнерді адам үйренуі тиіс. Дәлірек айтсақ, өз-өзін тәрбиелеп, өнерлі болуы керек. Денсаулықтың жайы да сол. Денсаулықты сақтауың үшін оны сақтаудың жолын үйрен әрі соны өміріңде қолдана біл.