Болаттай тәртіп басшысы – Әке

Болаттай тәртіп басшысы – Әке
жеке
блог

         Оған  қарасам  еш  нәрсеге  оңайлықпен  құламайтын  алып  асқар  тауды, қол  созса  шығар  шыңы  биік  мұнараны, жүзінен мейірім нұры төгілген жылулықты сеземін және көремін. Ең бастысы қай кезде де болмасын бізге қорған боларына сенемін. Иә, бұл  суреттеп отырған жан - менің әкем...

    Әке! Осы сөзден-ақ бір ерекше тартылыс, жылулық, сая болар пана, қамқорлықты байқаймын. Сол себепті менің өмірімде әкемнің орны ерекше.

     Бұл  дүниеде  әкемнен асқан  ең мықты,  ең ақылды,  әрі  темірдей төзімді адамды қанша іздесемде таба алмайтынымды  білемін.  Себебі,  ол менің әкем. Білесізбе оған  үнсіздікте, көсіле емін - еркін  сөйлеуде жарасады. Оның бір сәт үнсіздігінің өзінде үлкен бір нәрсені айтып тұрғандай  сезіледі.  Ол  көп оқиды,  көп біледі бірақ  білгенінің бәрін  айта бермейтін шешілмеген жұмбақ іспеттес және мен үшін сонысымен бағалы. Сонымен қатар, әкем мен үшін құдды бір көненің кітапханасындай рухани бай және сол кітапханадағы оқылмаған ең құнды кітап секілді десем жаңылыспаймын.     

    Өйткені әкемнен үйренерім көп, ал алар ақылым  оданда көп... Деседе, осындай өзіне үнсіздік жарасқан жан сөзге шорқақ, әзілден  алыс деп  ойлаудан әсте алшақ  болыңыз. Менің  әкем бір сөйлегенде қағытпа  қалжыңымен сізді баурап, қарақылды қақ жарып  сөйлегенде сізді таңқалдырары сөзсіз. Себебі әкемнің астарлы әзілі мен қағытпа қалжыңы ауыл арасына тарап, ауданның айтқышы атанып тіпті газет бетінеде жарияланып жүр. Бір өзінің  бойында осындай  мәлімде беймәлім қырларымен ерекшеленетін әкем біз үшін  баға жетпес қазына.

       Әкемнің бойында  мен үлгі алар қасиет көп  деседе, ең құрметтейтінім оның турашылдығы  мен намысшылдығы.  Себебі осы асыл қасиеттердің әкемнің бойынан және әр сөзінен көремін. Әкем маған тура бол, қай істеде әділ бол, шыншыл бол, ешкімнің ала жібін аттама  деп үнемі айтып отырғанынан  аталмыш сөздері  жадыма әбден  жатталып қалған. 

        Мен отбасында үш ағайындымын, білесізбе үшеумізде әкемізге бірдей жақынбыз,әркез қандайда бір іс болсын әкемізбен ақылдасып дөңгелек үстел басына жиналғанды ұнатамыз. Әкеммен әзілдескенді, бірге шахмат ойнағанды, бірге теледидар қарап және күнде әдетке айналған түсте өзіміз болып кофе ішкенді, әкеме арнап дәмді ас әзірлегенді және сол тағамға берген пікірін тыңдағанды, сыр ақтарып әңгімелескенді қатты ұнатамын және ол мен үшін ештеңемен айырбастауға келмейтін менің алтындай қымбат уақытым.Әке мен бала арасындағы махаббаттың мөлдірлігіне, кіршіксіз таза екеніне, теңіздей терең екеніне  осыдан кейін сенемін және ол менің өмірімнің бір бөлшегі екенінде жасырмаймын.

       Меніңше,  адамды билік  өзгертеді  деген пікір жансақ болар  себебі менің  әкем жиырма жылдан аса уақыт қолында билік болсада өз мүддесі  үшін пайдаланғанын көрмеппін...  Бәз баяғы  қарапайымдылығымен, намысшылдығымен өзгермейтіндігін мақтанышпен айтамын.  Барлық адам оған бірдей,  ешбіреуін  бөліп –жарып  сый-құрмет көрсетпейтін міне сонысымен елге сыйлы шығар. 

    Бала  күнімде әкемнің  жұмыс көлігі болатын, жүргізушісі таң ата  мен мектепке барарда келіп  тұратын, мені мектепке жеткізіп тастауын қанша  өтінсемде  көлік  менікі емес  үкіметтікі деп мені жеткізіп тастамайтын. Мен балалықпен оны түсінбей менен қызғанып уақыт бөлмей тұр  деп  жылап  қатты ренжейтінмінде. Бірақ қазір ойлап қарасам бұл ісінде үлкен өнеге жатыр екен. «Тура болсаң туғаныңа жақпайсын» дегендей әкемнің осы ісінен оның турашылдығы мен  қызметіне деген адалдығын көремін.

     Әкем қандай іс болмасын  ең  әділ дұрыс  шешімді әркез қабылдайды. Сондықтан болар мен әкеме өзімнен  артық сенем.  Әкем білдей  бір ауыл мен аудан кітапханасын  тауысқан, көп оқиды және  көп ойланады. Сол себепті  шығар темірдей тәртіппен жүреді  ол  үшін бәрі уақытпен болуы керек және өзгелерденде  осындай  тәртіппен  жүруді  күтеді.  Әркез әкеме  ұқсағым келседе еріншектік мені жеңіп өз дегенімен жүргізседе соған қарамастан менің мінезім әкеме  тартқан.  Екеумізде  жақын жандарымызға іштегі  сырымызды  оларды қалай жақсы көретінімізді  айта бермейміз. Себебі,  құр сөзден бір істің артық екенін білеміз. Әкем өзге әкелерге ұқсамайтын дара тұлағалығымен қымбат. Мен үшін идеал мінсіз жан деп білемін.  Әкем-менің өмірлік мектебім. Ісімен де, ғұмырлық ұстанымымен де –маған үлгі, жол бастаушы.

    Иә, ол туралы бір бетке сыйғызып жазу мен үшін қиын.  Бір парақтан көрі  бір томдық кітап жазуда аздық етер мүмкін. Иә, білемін әркімге өзінің әкесі өзі үшін теңдесіз жан... Әрине оған дауым жоқ. Деседе әлемде менің әкемдей ең әділ, намысты барлық  мақтау  оған  жарасатын  жан  ол  мен  үшін  әркез асқар тауым әкем болып қалмақ. Осындай әкенің қызы болғаныма мен бақыттымын және қазіргі қоғамда осындай  қызметіне адал, намысты жанның  болғанына  сіздер бақыттысыздар деп ойлаймын.

      Сөздің қысқасы, жанымда жүр жақсы адам, менің әкем ең жақсы адам.

Мәлімқожа  Жайна  Мәлімқожақызы

Х.Досмұхамедов  атындағы

Атырау  мемлекеттік  университетінің

Журналистика  мамандығының

 3 курс  студенті