жеке
блог

Халқы таныған тарихшы: Б.Көмековтің тарих ғылымына келуі хақында

Шығыстанушы, түрколог-ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Болат Ешмұхамедұлы 1940 жылы 5 тамызда Тараз қаласында көп семьялы отбасында дүниеге келеді. Заманының қандай болғанына қарамастан Болат ағайдың ата-бабалары имандықты ту етіп ұстап, дін жолын ұстаған жандар болған екен. Ағайымыздың бойындағы қарапайымдылық пен сабырлылықтың, имандылық пен рухани тазалықтың болуын атадан қалған қасиеттер деп білсек қателеспейміз. Тараз қаласындағы орта мектепте өте жақсы оқып, артынан ерген інілері мен қарындастарына үлгі болады, жол көрсетеді. Кейіннен Көмековтер әулетінен елімізге белгілі бірнеше танымал ғалымның шығуы бір жағынан ата-ананың тәрбиесі болса, екінші жағынан өзінен кейінгілерге ақыл-кеңес берген ағаның жолы болса керек.

Өмір бойы өзі кәсіп еткен тарих ғылымына Болат ағайымыздың келуі де өзінше бір хикая. 1966 жылдың жазында кезекті еңбек демалысын алып Алматыға келеді де, бірден Ташкентте бірге оқыған досымен жолығады. Қазақ ССР Ғылым Академиясында жұмыс істейтін досы оны бірден Тарих, археология және этнология институтының бөлім меңгерушісіне, ал ол институт директоры академик Ақай Нүсіпбековке алып барады. Сөйтсе, институтта білікті кадр мәселесіне байланысты қиын жағдай қалыптасқан екен. 1960 жылы Қазақ хандығы дәуірі бойынша ең мықты маман – тарих ғылымдарының кандидаты Сапар Камалұлы Ибрагимов, 1965 жылы - төңкеріске дейінгі Қазақстан тарихнамасының негізін салушылардың бірі, белгілі тарихшы Едіге Айдарбекұлы Масанов кенеттен қайтыс болып, шет тілін жетік білетін мамандар қалмаған көрінеді. Содан араб тілін жетік білетін Б.Көмековты институт басшылығы оның ойлануына мұрсат бермей бірден жұмысқа қабылдайды.

Сол жылдар – Әбу Насыр әл-Фарабиды қазақ елі жаңа ғана танып – біліп жақан кез болса, екіншіден ғұламаның 1100 жылдығына дайындық жұмыстары қызу жүріп жатқан болатын. Соған байланысты Болат ағайымызға алғашында Ә.Х.Марғұланның жетекшілігімен «әл-Фарабидың тарихи көзқарастары» атты кандидаттық диссертация тақырыбы беріледі. Бір жылдай әлемнің «екінші ұстазының» қолжазба мұраларымен танысып шыққан жас ғалым одан диссертацияға қатысты материалдар таппайды. Содан кейін институт директоры А.Нүсіпбеков аспирантураға тағы бір жыл қосып, Б.Көмековты 1966 жылы Ленинградқа аспирантураға жібереді. Көмеков аспирантураға тарих мамандығы бойынша қабылданады. Болашақ жетекшісі С.Г.Кляшторный алғашқыда жетекші болудан бас тартады. Себебі Болат ағайға дейін Қазақстаннан бірнеше аспирант келіп, жетекшінің қойған талаптарына шыдамай кетіп қалған екен. Болат ағайға да шыдамай кетіп қалар деген оймен қолжазба қорына жіберіп, араб тіліндегі мәліметтер бойынша бір айда болашақ тақырыбы туралы баяндама жазуды тапсырады. Аспирант Көмеков өте қысқа уақыт ішінде ыждағаттықпен өзіне қажетті қолжазбаларды қарап шығады да, диссертациясына қажетті мәліметтерді орысшаға аударады және баяндамасын жетекшісіне ұсынады. Аспиранттың мұндай іскерлігіне сенбей, институттағы араб тілін білетін мамандардан арнайы комиссия құрылып, араб тіліндегі қолжазбалардағы мәліметтер мен аспирант тапқан мәліметтер салыстырылады. Комиссия мүшелері Қазақстаннан келген аспиранттың қолжазбалармен танысқандығына, баяндама материалдарының бәрі қолжазбалардан алынғандығына және орысша аудармалардың дұрыстығына көздерін жеткізеді және барлығы да таңқалып, бастарын шайқаған екен. Комиссия қорытындысынан кейін ғана белгілі түрколог С.Г.Кляшторный аспирантқа жетекшілік жасауға келісімін береді. Міне, осы кезден бастап Қазақстаннан келген аспирант Көмеков туралы Ленинградтық гуманитарлық ғылыми ортада небір «аңыздар» пайда болады. Тіпті, мүйізі қарағайдай небір мамандар өздері іздеп келіп танысады. Осы жылдары Алматылық Тұрсын Икрамұлы Сұлтанов та Ленинградта тарих мамандығы бойынша аспирантурада оқып жүрген болатын. Жас ғалымдардың сол кездегі жақын араласуы үлкен достыққа ұласып, ол достық әлі күнге дейін жалғасып келеді.

Болат ағайымыз 1969 жылы аспирантурасын аяқтайды да, 1970 жылы тағы да бүкіл ғылыми ортаны таң қалдырып, Қимақ мемлекетінің тарихына арналған кандидаттық диссертациясын өте сәтті қорғап шығады. Диссертанттың ашқан ғылыми жаңалықтарын ғылыми кеңес мүшелерінің бәрі бір ауыздан өте жоғары бағалап, ғылыми ізденістердің нәтижелерін шығыстану ғылымындағы зор жетістік деп бағалайды. Ғылыми жетекшісі өзінің сөйлеген сөзінде былай деп айтқан екен: «Тарих ғылымында тың жаңалықтар ашу қиын, негізінен қазіргі кездегі тарихшылар өз зерттеулерінде белгілі бір бағыттағы мәселелерді кеңейтеді, толықтырады немесе мәселені басқа қырынан қарастырады. Ал ізденуші Б.Е.Көмеков өз зерттеуінде Қазақстан тарихында бұрын белгісіз болып келген жаңа мемлекеттің болғандығын дәлелдеп отыр. Ол мемлекет – Қимақ мемлекеті». Одан әрі шәкіртіне риза болған Сергей Григорьевич: «Колумб Американы ашса, Көмеков Қимақияны ашты»,-деп салыстырады.

Міне, осындай бағалаулардан кейін ленинградтық ғалымдар кандидаттық диссертация барысында алынған ғылыми жаңалықтарды докторлық диссертацияның нәтижелерімен сәйкес келеді деп есептеп, диссертантқа бірден ғылым докторы ғылыми дәрежесін беру жөнінде ұсыныс көтереді. Сол кездегі тәртіп бойынша ол үшін Б.Е.Көмековты аспирантураға жіберген Қазақ КСР ҒА Тарих, археология және этнология институты мен Академия басшылығының келісімі қажет болатын. Өкінішке орай, Алматы мұндай ұсынысты қабылдамайды. Олар жас маманға бірден ғылым докторы дәрежесін беруді артық деп есептейді. Ол кезде тарихшылар 50 мен 60 жастың аралығында докторлық диссертациясын қорғап, профессор атанатын.

Б.Е.Көмековтың бұл ғылыми жетістігі тек өзінің жеке басының ғана емес, сонымен бірге сол жылдардағы бүкіл қазақ ғылымының, Қазақ ССР Ғылым Академиясының зор табысы болып саналды. Диссертация негізінде 1972 жылы Алматыдағы «Ғылым» баспасы 2200 тиражбен оның «Государство кимаков IX—XI вв. по арабским источникам» атты монографиясын жарыққа шығарды. Осылайша, Б.Көмековтың есімі әлемдегі танымал шығыстанушы ғалымдардың қатарына қосылады.

Б.Б. Карибаев,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры

М.К. Алдыбекова,
Тарих, археология және этнология факультетінің
7М02210 – мамандығының 2 курс магистранты

Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту



Жұлдызды блогтар

Ана мен бала жағдайы
Ана мен бала жағдайы
Бауыржан Момышұлы келінінің кітаптары
Бауыржан Момышұлы келінінің кітаптары
Екі жүрек бірге қағуда
Екі жүрек бірге қағуда