«ITeachMe» дамыту орталығы

Қазіргі таңда елімізде мүгедек адамдарға арналған түрлі бағдарламалар мен жобалар бой көтеруде. Әсіресе , ерекше күтім пен назарды талап ететін жандарды біліммен қамтамасыз ету бірінші орынға қойылып отыр. Осы тұрғыда елімізде «ITeachMe»  даму орталығы ашылды. Даму-жетілдіру орталығы мүгедектерді әлеуметтік ортаға енгізу мақсатында оларды тұрақты жетілдіру мен сапалы оқытуға аса мән береді.

Елімізде дәл қазіргі сәтте жалпы саны 695 мың мүгедек адам тіркелген , олардың 412 мыңы еңбекке жарамды, ал қалған 111,5 мыңы жұмыс жасамайды. Өткен жылмен салыстырғанда биыл мүмкіндігі шектеулі жандар саны  10 пайызға өскен.

Мүгедек атанып , мүмкіндігі шектелген адамдардың ең бірінші ойына келетін сауалы «мүгедек болып не істей аламын?», «мемлекет маған қамқор болуы тиіс» және тағысын тағылар. Тағдырдың тауқыметіне душар болып , қолын бір сілтеп күйзеліске еніп кетіп жатқандар да жетерлік. Осындай қиын кезеңде ерекше күтімді талап ететін жандардың біліктілігі мен өмірге құштарлығын ояту мақсатында «ITeachMe» жобасы көп көмек көрсете алады.

Оқыту және жұмысқа орналастыру

«ITeachMe» даму орталығы ең алдымен IT саласы негіздерін үйретуге бағытталған . Инклюзивті түрде білім беріп , Soft skills , Hard skills дағдыларын дамытып ,«Digital мектеп» арқылы  онлайн платформаларда түрлі дәрістерін өткізеді. Сондай-ақ Digital мектептің мұғалімдерінен арнайы тәлімгерлік кеңестер, тестілеу, нетворкинг пен психологиялық қолдаулар да ұйымдастырылған. Жоғарыда айтылып өткен барлық білім мен тәлімді бойына сіңірген жандарға жоба бос жұмыс орын жәрмеңкесін ашып, жеке компанияларға практикаға жіберіп кейін жұмыспен қамтамасыз етуге үлес қосады.

Даму орталығы бүгінгі таңға дейін 3 маусымдық лагерін өткізген. Осы уақытқа дейін 362 адам қатысуға өтініш беріп , олардың 72 –сі лагерь қатысушысы атанса ,43 адам онлайн оқытылып , 18-і нақты жұмысқа орналасқан. 4 адам қатысушылар арасынан жеке ісін бастап , кәсіпкер атанған.

Бастау алғанына ұзақ уақыт бола қоймаған аталмыш жоба келешекте алдына тың жоспарлар қоюда. 10 жыл ішінде 90% мүгедек жанды жұмыспен қамтып , қоғам қатарына қосу бағдарламаның басты мақсаттарының бірі. Сондай-ақ денсаулығына байланысты мүмкіндігі шектелген жандарға жаңа үміт сыйлап , өмірдің басқа саласына қызығушылықтарын оятады. Оларды сапалы жұмыспен қамти отырып, еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға зор үлесін қосуға ниеттеніп отыр.

Бисенова Рысжан
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті
журналистика кафедрасы
3-курс



Бөлісу: