Мүмкіндіктер мекені

Мүмкіндіктер мекені
жеке
блог

Әрине, адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі – білім қазынасы.

Жалпы, қазақ халқы ежелден білімділікті және сауаттылықты құрмет тұтты, надандарды білім алуға шақырды. Бабаларымыз балалардың білімге ұмтылысын қолдап, қалыптастыруға тырысты.

Қазіргі таңда, бәсекелестікке қабілетті ұрпақ және білікті маман даярлау үшін еліміздің жоғарғы оқу орындары әлемдік стандартқа сай білім беріп жатыр.  Соның тізгінін ұстап тұрған - Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті.  Биылғы нәтиже бойынша,  жаһандық ең танымал және беделді Quacquarelli Symonds (QS) рейтингтік агенттігі әлемнің жоғары оқу орындары бойынша Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жаһандық рейтингте 165-орынды иеленді және «әлемнің ең үздік 200 университеттерінің қатарына енген алғашқы қазақстандық жоғары оқу орны болды» деп жариялады.

         Бұл – менің университетім. Ең сапалы білімімен алға шығып, Қазақстанның болашағын дайындап жатқан білім ордасы. Білім мен қоғамдық өмірді алып жүруге мүмкіндік силайтын, әлемдік жоғарғы оқу орындарымен бір дәрежеде білім алып, бақ сынай алатын, басқалары қызыға қарайтын қара шаңырақ.

Шындығында, студенттік өмір адам өмірінін балалық шағынан кейінгі ең керемет кезеңі болып саналады. Сондай керемет кезеңді Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде өткізіп жатқаныма қуаныштымын.

Сонымен қатар, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті – мүмкіндіктер мекені. Себебі, өзге ұлттың тілін меңгеріп жатқан студенттерге үлкен қолдау көрсетеді. Біз қытай тілін меңгеріп жатқандықтан, Қытай елінің философиясы, мәдениеті және тарихы біз үшін қызықты. Сол себепті , Шығыстану  факультетіміз студенттерге арнап әр түрлі байқаулар мен жиындар өткізеді. Байқауларда білімімен жеңіске жеткен студенттерге сол елге барып оқуға мүмкіндік силайды. Менің ойымша, бұл студенттер үшін нағыз мотивация.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің Шығыстану  факультеті – бұл өзгеше әлем. Шетел тілін үйретіп қана қоймай, әлемге жаңаша қарауға үйрететін мекен. Адалдық пен адамдықтың шыңына шығуға дұрыс бағдар беретін мекен. Ең үздік, ең мейірімді, ең керемет ұстаздар – Шығыстану факультетінің ұстаздары. Білімге келгенде қатал, ақыл сұрағанда бар кеңесін беретін ұстаздар – біздің факультетте.

Сондықтан, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінен әлемдік стандартқа сай білім алып, ұстаздардан тәлім-тәрбие алып жатқаныма өте ризамын. Қазақстан Республикасының дамуы, болашағы – біздің қолымызда. Ал, бізге білім беріп жатқан жоғарғы оқу орындары Қазақстан Республикасының ертеңін қалайды.

 Қытайтану кафедрасының 3 курс, шетел филология мамандығының студенті Баймахан Айнура.

Жетекшісі: Шарыпқазы Нұртәліп