Шымкентте «Ашық жүрек» еріктілер орталығының ашылуы өтті

Шымкентте «Ашық жүрек» еріктілер орталығының ашылуы өтті
жеке
блог

16 қыркүйек күні Шымкент қаласында «Ашық жүрек» еріктілер орталығының ашылуы болды. Оған Шымкент қалалық Жастар Ресурстық Орталығының басшысы Балтабаева Жұлдыз(@juldyz_baltabaeva) және Қазақстан Еріктілер лигасының Шымкент қаласындағы атқарушы директоры Жүнісбек Ердаулет, Еріктілер лигасының штаб жетекшісі Искандарова Диана және «Ашық жүрек» жобасының волонтерлары және мегаполистің барлық ЖОО мен колледждерінің жастар ісі комитеттерінің төрағалары қатысты.

«Ашық жүрек» жобасы Қазақстан Еріктілер лигасы қоғамдық қоры жастар арасында волонтерлік брендін танымал ету үшін, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асып жатыр. Осы жоба арқылы жастар арасында еріктілердің жаппай қозғалысын құру, балаларда саналы белсенді азаматтық позицияны, жауапкершілікті қалыптастыруға және әлеуметтік маңызды мәселелерді шешу үшін қоғамға қатысты оң іс-әрекеттерді жүзеге асыруға ықпал етуді көздейді.

Қазақстан Еріктілер лигасының Шымкент қаласындағы атқарушы директоры Жүнісбек Ердаулет: «Біздің ұйым 2013 жылдан бастап қызмет атқаруда және біз Қазақстандағы ең ірі волонтерлік қозғалыстардың біріміз. Бүгінде лигада 10000-нан астам белсенділер қызмет атқарып жүр және барлық аймақтарда өкілдеріміз бар. Карантиннің алғашқы күндерінен бастап Лига волонтерлері халқымыздың мұқтаж санаттарына азық-түлік себеттерін жеткізіп, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Осы «Ашық жүрек» жобасы арқылы да қазіргі қоғамның дамуының маңызды факторының бірі, әлеуметтік көмек мәдениетін қалыптастыруға күш саламыз», - деді.

Сондай-ақ шағын гранттар байқауы «Ашық Жүрек» жобасы аясында өткізіледі. Барлығы 107 шағын грант бар. Қазақстан Республикасының барлық өңірі бойынша бас¬тамашыл топтар үшін 300 000 теңгеден 56 шағын грант, 300 000 теңгеден 42 шағын грант 14 об-лыстың волонтерлері мен волонтерлік ұйымдары үшін беріледі.Ал 500 000 теңгеден 9 грант республикалық маңызы бар қалалардың волонтерлеріне арналған. Мұндай мүмкіндіктің бәрі елдегі волонтерлардың санының артуына және оларды әлеуметтік маңызы бар жұмыстарға тарту мен әр түрлі тіркеуде тұрған кәмелетке толмаған жастардың санын азайтуға өз септегін тигізеді.