Сынға жауап. Айзат Ракыш кім?

Сынға жауап         

 Айзат Рақыш кім?

         Мен  Айзатпен фейзбуктегі  шығармалары арқылы танысып, пікір алысып, апалы- сіңілі адамдардай  жақындасып кеттік. Шынымды айтсам, ауыл өмірін жақсы білетін , тілі жатық  талапкердің әңгімелері  ұнады. Өмірлік тәжірибеме  байланысты шама-шарқымша жастарға  ақыл айтып ,   ақ жол тілеп отырам . Осы мақсатта интернет желіде  «Қаламгер» тобын аштым .. Әрине, бұл біздің электрондық  ғасырдың жетістігі.Өте  тамаша  жетістік. Осындай қарым –қатынаста  жүрген  Айзат сыншылық қадамын бастап,   менің кейбір  детектив туындыларыма  пікір білдіргісі  келетінін айтып , электрондық жүйесін сұрап алды.       

         Көп ұзамай   «Массагет. кз» сайтындағы электрондық порталда  «Зияш Телеуова – әлі стилін таппаған жазушы» деген сын мақаласы жарық көрді. Әрине,  сын болсын , былайғы пікір болсын, кез келген  шығармаға  керек нәрсе. Ол  терең зерттеліп, нақты дәлелдерімен , дәйектеліп, сыпайы түрде   жазылса,  кез келген қаламгердің  шығармашылық еңбегіне  кәдімгідей көмектеседі. Жазушы орынды  айтылған кемшіліктерден   осал жерін  біліп, одан  нәтиже шығаруға тырысады.

          Ал, мына сынды оқығанда ,  Айзаттың  «бояушы –бояушы дегенге  сақалын бояйды» деген  мақыммен  кеткеніне, ешбір  күмәнім қалмады.   Оның үстіне  осы сынды жазбас бұрын,  Айзат Рақыш  екеуміз тілге  келіп қалғанбыз.Ол  шығармашылық табыстарын маған баяндап тұратын. Бұл жолы да  онлайн  сұхбатқа барғанын айтып, видеосын  салыпты. Тыңдадым. Пікір айттым. Ол мынадай жолдар жазыпты «іштегі шерім ғой» .Жас адам бірнәрсеге ренжіп қалған шығар деп, өзімше басу айтып едім, Айзатым «менің мүсіркемеңіз» деп дік етті. Сасып қалдым. Сонда   да ауыр сөзге бармадым. Алдында бір  кітаптарымды өз қаражатыма  шығарып жүрмін деген соң . «айнам , қиын ғой,  демеуші іздесеңші» дегенім де « оны не мақсатпен айтып отырсыз » деп  секіргені  бар. Мен өзім шығармашылығымды  бастағанымда , әдебиет жанашыры, қалталы азаматтардың демеушілігіне сүйендім. Себебі,  кітабымды өз қаражатыма шығара алатындай  мүмкіндігім болмадым. Оның мінезіне  қайран қалып, тағы аңтарылдым. Адамның ақ адал ниетін арамдыққа жору- адамгершіліктің  белгісі емес. Әрине, мұның бәрі   әр адамның арасында кездесе беретін ұсақ –түйектер..Осы ұсақ-түйектер  Айзат Рақыштың  мына сын мақаласы  жарық көрмегенде,  сол  күйінде қалатын еді...

                Бір қиыны, сынның кек алуға бағышталғаны басынан аяғына дейін  бадырайып көрініп тұр . Сонда Айзат Рақыш  көңіл күйге қарай,  кез келген шығарманы осылай зымияндықпен  талдаса , сынның  келешегі  не болмақ?!                   

                                 Біз  «асыранды» жанрды асырап алушы екенбіз?!

         Ешбір жасыратыны жоқ, қазір біз «соқыр тауыққа бәрі бидай » деген кезеңдерде  өмір сүріп отырмыз. Сол себепті   , кез келген басылымға  , ойран –топан етіп ойымыздағыны жазып жібереміз. Онсыз да  мақала таба алмай аласұрып отырған басылымдар , оның ақ қарасын ашпай,  ат –үсті жазылғандығына қарамай,  сала салады.  Сондай  сәттіліктерді өзінше  пайдаланып жүрген Айзат  менің хикаятымды да  мықтап  « сынап », оның тырнаққа ілігетін  жағымды жағын таба алмапты. Детектив  жанрын «асыранды» балаға  теңеп, сол асыранды баланы асырап алушының  бірі етіп мені меңзепті. Сонымен қатар, детектив  жанрының басты   кейпкерінің – заң қызметкерлері  болуы тиіс екендігін дәлелдеп бағыпты. Детектив жанрының басты кейіпкерлері  міндетті түрде заң қызметкерлері болады деген тұжырымды  әлем әдебиетінде  ешкім жасамаған. Мысалы, мен Агата  Кристидің «Ночная  тьма » , «Түн түнегі» детективіне аударма жасаудамын . Алғашқы тарауы ФБ-те  жарияланып, оқырмандардан оң бағасын алуда. Оның бас кейіпкері қылмыс жасаушы да, оны әшекерелеуші де Майкл Роджерстің өзі. Ол  бірінші жақтан сөйлеп , өзінің қылмысын баяндап  береді. Керемет туынды.

          Жалпы  стиль туралы , жанр туралы айтқанда , әр кім өзінің шама-шарқын, жан –жақты білімін  есепке  алып , талдау  жасағаны дұрыс.  

          Айзаттың  айтуынша , «  өзінің айбынды ақ ордасын тіге алмаса да, шағын лашығын көтерген» жазушы екенмін.Осы заман да болсын , бұрынғы заман да болсын, айбынды ақ орда тігіп, алшаңдап жүрген жазушыны  көре алмадым. Кез келген шығарма  шағын лашық –оны  лашықтан лашынға  айналдыратын  өзін –өзі жарнамалап жүрген жазушы  немесе сыншы  емес.Оқырман.

         Осылай асқақтап, аспандап сөйлейтін  сыншының  хикаятты талқылауы , оны түсіну түсінігі тіпті таң қалдырады. Шынымды айтсам, ол дұрыс оқымаған немесе ат-үсті оқып, «осымен-ақ  қатырам» деп өз –өзіне  сенген .  

               Ғұламалардан дәйек сөз келтіріп, сол ғұламалардың деңгейіне жеттім , жетем деу артықшылық. Сыншы  былай дейді: Мұхтар Әуезов «Әдебиеттің зор міндетінің бірі- елдің мінезін түзеу»-дегені көпке аян. Әдебиет елдің мінезін түзеу міндетін мойынына  алған шығар. Оған дауым жоқ. Әңгіме оның нәтижесінде. Әдебиет те , әдебиетші де  «елдің мінезін түзеймін » деген міндетті  мойнына толық ала алмайды. Және ондай салмақты жүкті көтеріп жүрмін деп те айта  алмайды. Ал « елдің мінезін түзеу міндетін » менің бір ғана хикаятым көтере алмайды. Ол  тұтас ғасыр әдебиетінің ,ғасыр мәдениетінің, ғасыр жазушыларының ортақ көтеретін жүгі.

          Оған қоса  осы менің шағын хикаятым туралы  « оқырманның биік эстетикалық талғамына жауап көрсетіп/беріп десе дұрыс болар еді/ отыр ма? – дейді. Ол оқитын оқырманның білім деңгейіне байланысты нәрсе. Бұл хикаят республикадағы әдеби ортаның сүйіп оқитын жорналы «Адырнаға », ФБ –ке жарияланды .Оқырман өте  ықыласты қабылдады. Себебі, бұл жаза-жаза жауыр болған тақырып емес. Өмірдің бір тасадағы   көрнісі.Адам балысының басында кездесетін тағдыр  бұрылыстарының  бұралаңы. Хикаятта көруге көз керек көрікті қыздың , отбасындағы  жоқшылықтың қысымымен сұғанақ қолды болғаны  суыртпақтап баяндалады. Мен оны «автобустың үстінде өскен» алаяқ деп кінәлаған жоқпын..Бұл Айзаттың кінәлауы..  Қала маңына қоныстанғандардың  балалары  мектепке автобуспен қатынап оқиды. Айсұлу бірінші сыныптан сол автобустың тұрақты жолаушысы бола жүріп, аш құрсақтықтан амалсыз қалтаға түсетін ұрыға айналады. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» , ақыры осы жаман әдетін өскен соң да үдетіп, аңғал-аңқау жандарды алдап –арбаудың түрлі амал әдісін үйренеді. Бұл біздің өмірге жат па?! Мұндай   қылықтармен күнде кездесіп жүрміз десек те болады. Ең әдемі қылмыскердің  ішкі істер департаментінің  басқарма бастығына кіріп шығуы , сирек болса да  кездесетін жағдай. Сыншының бағалауынша, бұл өмірде  кездеспейтін жәйт. Неге? Талай  құқық қорғау орган қызметкерлерін тақырға отырғызып кеткен алаяқтарды  көріп, есітіп жүрміз... Құқық қорғау органының қызметкерлері де адам баласы, олар да  алданады. Олар да алдайды.Ал жігіттердің әдемі қызға қызығуы   жастыққа тән мінез –құлық.

           Осы  арада мен өзімнің құқық қоғау органында, оның ішінде қадағалау органында  аудармашы болып көп жыл қызмет жасағанымды, алға  тартқым келеді. Осы қызметім  құқық қорғау органдарының   қызметін жете білуіме  көмектесті.Оларда күдіктіні үш тәулікке дейін ұстайтын « оңаша оқшау ұстау орны » , орысшасы «изолятор» бар. Оны абақты демейді . Сол арада отырғандардың ұялы телефонмен сөйлесуге құқы бар.Оған ешкім шектеу қоймаған.  

          Сонымен қатар, бұл хикаят көлемді болмаса да , қамтыған  оқиғасы   құқық қорғау органдары қызметкерлерінің өз ара мәдени қарым –қатынасын , біліктілігін , күнделікті қызметін  ашып көрсететін шығарма. Соның бір көрінісі -Анталияға  дем алуға барған сапарында  жүрек қалауымен  кездесіп қалған Мақсаттың  бойындағы адамгершілік қасиеттердің басымдығы. Дем алып жатқан  сүйіктісінің шашынан жармасқан жәбірленушінің жүрек талмасы ұстағанда, шет елде жүрген қандасының халін  дәрігерлерден сұрауының ешбір  сөкеттігі жоқ. Осы арада Айзат Рақыш біздің Қазақстандық құқық қорғаушылардың щет елдегі  беделіне  күмәнданғаны сонша , олар кім сонша дегенге  келтіреді.

          Менің жолдасым бүкіл  ғұмырын құқық қорғау органына арнаған полковник. Біздің Ресейде құдамыз бар. Айдау жолда Ресейдің МАЙ қызметкерлері тұрады. Тоқтатады. Тексереді. Жолдасым зейнеткерлік куәлігін көрсетеді. Олар честь беріп , жол көрсетіп, құрметпен шығарып салады. Милициямыз үшін мақтанып қаламыз .Өткен жылы Германияға  барып ота жасатты. Ондағы профессор мамандығыңыз кім деп сұрапты. Отставкедегі  полковникпін десе, «о.. о гут ...гут »деп, кеткенше  керемет құрмет көрсетіпті.   Сол секілді біздің құқық қорғау органының қызметкерлерін шет елде адам демейді, олар кім  деп  Айзаттың  тұжырым жасауы  тіптен де өрескелдік.

         Сынның өн бойы  мұндай өресіздіктерге тұнып тұр. Айзат тергеуші Мақсатты жағымсыз образ етіп  көрсетеді. Ол бірінші әйелінен айырылған. Ол қазір мін емес.Ортақ тіл табыса  алмай ырылдасқаннан , айырылып, әркім өз бақытын тапқаны дұрыс.

Ал оның  көршісі  зейнеткер ақсақалдың мына диалогін оқыңыз :

        –Япыр-ай ..ә.. сенің хикаяң бәрімізден де асып түсті.Енді махаббат деген сол. Бір ақын ұмытпасам, Қадір Мырза Әлі  : Махаббат деген қызықты, махаббат деген бұзықты. Біреу сүйсе, бұзықты, біреу сүйер ғалымды ,–деп жырлаған екен. Сол сияқты махаббат  адам таңдамайды. Таңдауын өзі  жасайды. Сонысымен ерекше ғой ол...

         --Ой , аға ,Сіз деген нағыз шежіресіз ғой. Мына көпілетіңіз керемет екен.Қалай біліп  айтқан..

         –Аяймын  күнім батып, түн болғанын,

            Жігері талай жұрттың  құм болғанын.

           Айтпайды-ау ол дүниеден келіп біреу

           Кешегі кеткендердің кім болғанын.

 Бұл Омар Һайямның рубаиларынан. Сол айтқандай , бұл күнде  Қадір ақынды да білетіндер азайды.

  Міне осы  ақсақалды  Айзат :     

                          «Мақсаттың ақылшы зейнеткері  -үш әйел алған , үш баланың басын қайырған,  ақсақал жасына қарамай «тиіп –қашып ғащық болатын» бәтуасыз жан ?!» деп іске асырғысыз етіп тастайды. Қазір үш емес он әйел алған  ақсақалдарды неге көрмей қалдың екен? Бірақ, олардың бәрін  бәтуасыз  деп кесіп  айту  дұрыс па?  Осылай менің кейіпкерлерімнің бойындағы жақсылық ұшқынының  баршасын жамандыққа  аударып тастаған сыншымыз , Мақсатты  сүйгенін құтқаруға  ешбір әрекет жасамаған жасық біреу етіп жариялайды. Біздің соңғы заңдарымыз да  «ізгілендіру»  деген бап бар. Ол екі тараптың татуласымен , қылмыс жасағандардың біріне –бірі кешірім жасауы. Осы тарапты пайдалынып, сүйгенін құтқару үшін Мақсат жәбірленушіні  іздеп барады.  Сол арада  айыпталушыдан жауап алып жүрген тергеуші  Мәдинадан  өзін Рита деп таныстырған  сұлуының шын есімі Айсұлу екенін біліп, қатты ашуланады. Алғашқы танысқанан бастап алдауға түсіп жүргенін біліп, қайрылмастай болып,  қатаяды. Бұл сезім  кімге болса да ортақ. Бірақ, ең әдемі қылмыскердің өз баласын көтеріп жүргенін біліп қатты  толғанады. Өкініш, аяныш   сезімдері қабаттасып, күйзеледі.

            Шығармадағы  жағымды кейіпкердің бірі –Махаббат. Мақсат оны  миы қатып жүріп, жолақ жолда соғып алады. Осы әйелдің мінезі  ерекше. Аңқылдаған ақ көңілімен , тіл ұшындағысын  төге салатын төкпе мінезімен елең еткізеді. Бұл ерекше  кейіпкерді Айзат атап өтуді ұмыт қалдырады.  Оның негізгі мақсаты – мін табу ғой.

         Хикаяттағы бас кейіпкер– Айсұлу. Замана туғызған трагедиялық  образ. Оның әке –шешесінің кешегі « ақ табан  шұбырынды»  кезінде туған ауылын тастап  көшуі, қалаға  келіп жұмыс таба алмай, шиеттей баламен  кедейшілікке ұшырауы –өмір шындығы.Олар  жоқшылықпен қатар  рухани жалаңдыққа ұрынып, сүйікті кәсіптерінен айрылған жандар. Әкесі  киномеханик , шешесі  клуб меңгерушісі болған бақытты кезеңдерін қыз жие есіне алады. Ақыры бойжеткен  іні-сіңілілерін  асыраудың қамымен қылмыс жолына түседі . Қылмыстық іс-әрекеттер баяндалып отырғандықтан,    бүге-шүгесін қалдырмай суреттеу ұтымдылық емес. Қыздың кафе мен ресторандардан  төлемсіз тамақ ішіп , құқы қорғау органына алған  есімхатын көрсетуі  алаяқтығының   бір ұштығы.

       Айзат Рақыш  аттаған сайын әр сөзден ілік іздейді. Мысалы полковниктің:    «Жігіттердің де сыры мәлім ғой.Үйлерінен бір қадам шықса, бойдақ бола қалады.» деген сөзі құқық қорғау органында қызмет жасайтындардың барлығы жеңілтек деген сөз емес. Сыншы  солай түсінеді. Ол  сөйлем  орайында  айтылатын  тұрақты сөз тіркестерінің бірі.  

                Осындай жаптым жала , жақтым күйе сарынындағы  сын мақаласын  әр жерден алған дәйек сөздермен толтырып , өзінің асқан біліктілігін дәлелдегісі  келген қызымыз  өзбек жазушысының шылауына жармасуды да ұмытпаған :         

    Осы тұста өзбек жазушысы Абдулла  Қаһардың « Әдебиет атомнан да қуатты , бірақ оның  күшін отын жаруға қолданудың қажеті жоқ» деген өлмес ғибраты еске түседі депті. Әдебиеттің күшімен отын жарып жатқан мен екенмін. Шынымды айтсам, мен әдебиетке отын жару үшін емес , оттығын тұтату үшін келген жанмын. Ол да  күтпеген жерден болды. Қызметте  жүріп, кітап дүкеніне  кірдім. Онда Ресейдің мұқабаларын керемет  безендірген детектив  кітаптары толып тұрды. Бір топ қазақ балалары  соларға қарап : –«Біздің жазушылар осындай кітаптарды неге жазбайды  екен. Алып оқыр едік »– деді.Соны естіген соң намыстандым. –Осы біз неге жазбаймыз.? Біздің миымыз ана орыс жазушыларының миынан ,  шетел жазушыларының миынан кем бе?–  деп ойландым. Содан Ресейдің детектив жазатын жазушыларының  балаларға арналған  кітаптарын аудардым. Біз де  аударма шығару қиын екен. Тәуекел деп, алғашқы  төл туындым– «АБКА –тобы  ашқан  қылмысты» жазып , Алматыдағы «Жеті жарғы» баспасынан шығардық . Ол балаларға арналған еді. Ұшпай кетті. Әлі күнге  солай . Оқырмандарға арналған екі детективтік роман  –«Банкирдің өлімі», «Махаббаттың ажалы » мемлекеттік бағдарламамен  «Жазушы»  баспасынан шықты. Оқырмандар жылы қабылдады.

                          Енді стиль жөніне келейік .Айзат мені стилін таппаған жазушы депті. Сол тапағанымның өзі жақсы -ау деймін.. Біздің әдебиет бір стильде қатып қалу мен – тақырып тарлығынан  таяқ жеп келеді.   Қарапайым  мысал , бар адам бір стильмен киінсе  , не болады?! Әдебиет те  солай, ол әр түрлі стильмен әрленіп, түрлі тақырыпты қамтыса,, оқырмандарын қызықтырары хақ.

         Тіл туралы .Сыншы менің тілімді де  іске асырмай тастапты. Орысша  араластырып сөйлейді депті .Мсыалы : Эпиграфы ресми  тілде берілетін хикаяттың өн бойында орыс сөздері  жие ұшырасады. Біресе есім хат десе, біресе  визитка деп  құбылады. Қазақша баламасы бола тұра ресторан, кафе , отказ , департамент деп шұбарланады. Егер көркем шығарма көркемдік бояуынан айрылса, онда  оқырманына не бере алады?

                Бұл көркемдік бояу емес, сөздің күнделікті құбылмалы айтылу мәнері. Біз де қатып қалған сөздік тізім жоқ. Оны әдебиет қолданса , әдебиет те қатып қалады. Шығарма  күнделікті өмірдің   көркемдік бейнесі. Шынайы  көрінісі. Біздің оқырмандарымыз қазір де орысша қазақшаны араластырып сөйлейді. Одан да сорақысы ,сондай шығармаларды қызығып оқиды. Оған соларды кінәлайсың ба ? Жоқ. Ол біздің өмір , біздің қоғам. Түзелер. Сонда біздің жазу мәнеріміз де түзелер.

         Детективтің тілі әдеби  де ,  ресми де бола алады. Бірақ, Айзат менің шығармамнан әдеби тілді де , ресим тілді де қанша үңілсе де таба алмапты.Сосын қарабайыр деп, жамбасының ауырмаған жағына қисая  салыпты.

          Әрине ,   бұл тың жанрдың құпиясын толық  меңгерген ,төрт аяғымды тең басқан шебер жазушымын  деуден аулақпын. Бірақ сынның сындарлы , біліктілікпен жазылуы,  шығарманың   түпкі  идеясын  сыншының  дұрыс түсініп, дұрыс бағалауы  әділдік болар еді. Бұл хикаят негізінен  құқы қорғау органдары қызметкерлерінің  күнделікті тыныс тіршілігін суреттеп,  тергеушілердің азды-көпті жетістігін көрсетуге , сонымен қатар онда қызмет ететіндердің де  тағдырдың түрлі шытырманына ұшырайтындығын  суреттеуге     арналған .

      Тергеуші  Мақсат – жүрегінде  әділдік  оты бар, шын  сүюге , махаббат атты сирек сезімді қадірлеуге , қастерлеуге  қабылетті жігіт. Ол өзінің баласынан бас тартпайды. Абақты да өмірге келген  Дарханды қолына алып тәрбиелейді. Бұл оның адамгершілігі емей немене?! Ал Айсұлу -бұл әлеуметтік орта тудырған  трагедиялық образ. Ол абақтының қорлығын басынан өткереді. Сол кезең оның ненің жақсы , ненің жаман екендігін айырар  тұсы болып саналады. Ақыры ол бар  өмірін таразылап, өзінің  жаманытын өзімен бірге о дүниеге  алып кетуге бел буады. Өмірде кездескен  теңдесі жоқ сұлу сезімінің иесімен  машһарда кездесерміз деп түйін жасайды. Ол  Мақсаттың  алдағы ойлаған мақсаттарына, қызметтегі беделіне өзінің  нұқсан келтіргенін біледі ,сол үшін  қиналады.. Оның   түрмедегі нәпсі құмарларға  қарсылығы жүрегіндегі   адамгершілігінің бір жолата өшпегенін, ,  ар –ұятының оянғанын дәлелдейді. Ақыры,   жүйкесінің сыр беруінен депрессиядан шыға алма, өз -өзіне  қол жұмсайды.

          Айзаттың «Ең әдемі қылмыскер» хикаятының  өн бойынан кемшілік іздеген сынына  жауап беру үшін  көп уақыт керек екен. Сол себепті , жауабымды қысқартқым  келеді. 

           Детектив  «асыранды» жанр емес, әлем әдебиетінен ойып орын алған ,,   оқырмандар іздеп жүріп оқитын зәру  жанр. Біздің әдебиетімізде  кенжелеп қалса, ол жанрдың кінәсі  емес, соны меңгеруге жүрексінетін, қиындықтан  қашатын біздің  жазушыларымыздың  кінәсі дер едім.

        Айзат сыншының,  егер осындай сын жазғандарды  сыншы деп айтуға  болатын болса, «  Бұл жай ғана бір қылмыстық оқиғаның үзігін қаужаған , көркемдік , идеялық тұрғыдан әлі толық піспеген қарабайыр шығарма» деп  үстірт пікір айтуы  шығармаға берілген тоқ етер баға  емес.

         Мен де оқығам, Асқар Сүлейменов жазушы  стилі жөнінде былай деген, «Стилі жоқтың жазғанын оқу арпа талқанды құрғақ асағандай.Стильсіз жазушы ,стилін таба алмаған жазушы  іріге  еліктеп, көлеңке калькаға барады да, сорпаның сорпасының сорпасы болады   » Әйтсе де, қазақта мынадай нақыл сөз бар . «Ет етке , сорпа  бетке  », меніңше , сорпа болып , бетке шығып тұрған да жаман  емес.

       Сол тілекті Айзатқа да  арнап,  «сорпаның сорпасысының сорпасы...» болмауың үшін, сынды   тұғырлы ету жолында тер төккенің  жөн дер едім..

Зияш Телеуова
детектив  жанрының жазушысы
КСРО Баспасөз қызметінің үздігі
Қазақстан Республикасының Құрметті журналисі
Халықаралық Ашық Еуразия байқауының  дипломаты



Бөлісу: