Менің сүйікті кітабым

Менің сүйікті кітабым
жеке
блог

 

«Кітап дегеніміз - алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік», - деген еді Ғабит Мүсірепов. Адам баласы  көңілі жабырқаған сәттерде кітапты жанына медет тұтпаушы ма еді? Бірақ, бүгінгі қоғамда оқитын кітап көп те, оқырман аз. Кітап оқу - тұлға болып қалыптасуға ықпал ететін бірден-бір күш.

Бала кезімнен сүйікті ісім – кітап оқу. Ойын баласы шағында достарым далада ойнап жүретін, ал мен болсам кітапханаға кіріп алып, беріліп кітап оқитынмын. Қазіргі күнге дейін оқыған кітаптарым да біршама. Олардың әрқайсысы өз алдына «жауһар туындылар». Оқыған кітаптарымның ішінен ең үздік деген бір кітапты таңдап алу өте қиынға соқты, дегенмен менің жүрегімнің кілтін тапқан «Адамзаттың асыл тәжі» кітабы өте ерекше туынды.

 «Адамзаттың асыл тәжі» кітабында автор Дамира Өмірзаққызы Алланың сүйікті құлы һәм елшісі Мұхаммед (с.а.у) пайғамбардың өмірі туралы сыр шертеді. Тек мұсылмандардың ғана емес, күллі ғаламның пайғамбары атанған Хазіреті Мұхаммед (с.а.у) Аллаһтың құдіретімен жаратылып, өмірден өткенге дейін үлгілі, өнегелі өмір жолымен ерекшеленеді. Мүбәрәк пайғамбарымыз екі дүниенің пайдасы мен зиянын жібекке тізген меруерттей етіп баяндап, мұсылмандарға дұрыс жолды көрсетті. Мұхаммедтің (с.а.у) бүкіл тірлігі адам баласына үлгі - өнеге, ғылымға толы.  Бұл Аллаһтың нұры жауған киелі жанның істеген әрбір ісі, сөйлеген әрбір сөзін мүлтіксіз таза, айрықша шындығымен ерекшеленеді.

Кітапты оқи отырып, пайғамбарымыздың биік пайым – парасатына, алғырлығына, ақылының түпсіз тереңдігіне, досына адалдығына, сабырлығына дән риза болдым. Бұл туындыны оқи отырып, Пайғамбарымыздың асыл мінезіне қайран қалып, оған өзгелер қысым көрсеткенде көзіме еріксіз жас келді. «Жаңбырлы күннен кейін күн шығар» демекші, Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарымыз мұсылмандармен бірге жеңіске жетіп, күллі ғаламның пайғамбары атанды.

Сонымен, бұл кітаптың тәрбиелік мәні неде? Менің ойымша, ең алдымен бұл туынды оқырманды сабырлы болуға, барлық сынақтарға төзуге әрі оған асқан рух-жігермен төтеп беруге шақырады. Алла ең сүйікті құлдарына ғана ауыр сынақтар береді. Сол себептен, қандай жағдай болмасын өмірден түңілмей, болашаққа нық қадам басу қажет.

 «Адамзаттың асыл тәжі» кітабын оқыған әр адамға бұл ғажайып туынды ерекше, бірегей болары хақ. Кітапты бір деммен оқып шығасыз, «Жә, болды, қалғанын ертең оқимын» десеңізде, әрі қарай жалғастырып, оқи бергіңіз келеді.

Жалпы өзіме қазақ жазушыларының жазу стилі мен көркемдегіш құралдарды қолдануы, бірдей сюжетте емес, әр алуан тақырыпта жазуы ұнайды. Шет елдік туындыларды қанша оқысам, дәл қазақтың шығармасындай бола алмайды. Өйткені, сіз қазақ жазушыларының шығармаларын оқыған сәтте кейіпкермен бірге боласыз, сіз оны, ол сізді тастамайды. Мендегі тілек кітаптың қадіріне жетіп, жарыса оқиық!

Мерей АУҒАЛИ,

Қ.Сәтбаев атындағы мектептің 11-сынып оқушысы.