жеке
блог

«Қазақ» атауының тарихы

Қазақ атауының түбірі - «Қаз», және ол «Қаз Һақ» деген сөздерден құралған. Мұндағы Қаз аты -  «Қаз,Аққу» деген мағына, ал Һақ - ол «Әділет үшін күресуші», «Алладан келген ақиқат» дегенді білдіреді. Қазір, осы тұжырымға тарихи деректерден дәлел келтіремін.

XII-ғасыр картасында, Каспий теңізінің шығысында, қазіргі Қазақстан жағында, Қаззиа деген ел болған (Шыңғыс Хан империясына дейін). Шыңғыс Хан империясы тарқап кеткеннен кейін, бұл жерде Қазақ[Хан] атымен «хандық» құрылды (қалды). Қазақ Хандығына Керей хан сайланды. Яғни, XV-ғасырдан Қаз атына ресми түрде «ақ» жалғауы қосылған. «Қазақ Хандығы» еуропалық географтар картасында «Қаззақиа» деп аталған.

Qazzia

Мұхаммед әл-Идрисидің «Tabula Rogeriana» картасынан, XII-ғасыр.

1)      Хозар теңізі (Каспий теңізі)
2)      (Арал теңізі)
3)      Ғуззиа елі, олар түрік
4)      Бұл түпсіз дала, түрік тілінде Ғоззиа деп аталады, олар түрік
5)      Ғоззиа (қала)
6)      Түрік халқы, Ғоззиа

Мұндағы, «түрік тілінде Ғоззиа» дегені - Қаззиа, бұл парсылай айтылған «ғаз» сөзінен, қазір өзбекше және түркіменше осылай «ғоз» дейді. Түрік тілінде «ғоз» деген тек осы сөз бар – мағынасы «қаз» құсы. Байқасаңыз, Хазар атын да «о» арқылы Хозар деген.

Cassackia

Қаззақиа «Cassackia». Петрус Бертиустің «Tartaria» картасынан, 1598-жыл.

Қаз атауы неге Қазақ аталды екен?

Ол үшін, Қаз атымен тарихта кездесетін жер-су атауларын қарап көрейік. Еуропалық ескі карталарда, Каспий теңізінің шығыс жағынан: Каз, Қазалы (Қаз елі), Қаз ғұрт, Қаз көлі; батыс жағынан: Каз йұрт, Каз бек, Каспи; оңтүстік жағынан: Кас хан, Қаз уин (Қазбин); солтүстік жағынан: Қаз-ан атаулары кездеседі[1]. Көріп тұрғанымыздай, Каспий теңізінің төрт жағында да, Қаз атымен аталған топонимдер жеткілікті (айта кетерлік, ескі латын алфавитінде «z» әрпі болмаған, оның орнына «s» немесе «th» әріптерін қолданған, ал қатты «к», яғни «қ» дыбысы үшін «c» әрпін қолданған; мысалы, Casan – Қазан, Othman – Осман – «Ғұсман»).

Бұл жердегі Қазуин (Qazvin) қаласы туралы: «қала атауы, Каспий теңізінің оңтүстігінде тұратын Қаз тайпасы атымен аталған, Каспий теңізі де содан аталғаны анық» деген[2]. Ал, еуропа тарихшыларының ескі жазбаларында: «Каспий теңізі, Скифияның Каспий «Caʃpij» деген халқының атымен аталған, олардың оңтүстігі осы теңізбен шекаралас»[3]. Және де, «Каспийліктер ежелгі халық, олар Каспиан деп аталатын Каспий теңізінің оңтүстік-батыс жағалауын мекендеді»[4].  Демек, бұл «Қаз» тайпасы мен «Каспий» тайпасы бір болғаны, мекендеген жерлері де бір.

Аталған Скифия елінде түрік халықтары мекендегені тарихтан белгілі. «Ежелден келе жатқан Каспий Қақпасы, түрік-тілді Каспий деген тайпа атымен аталған»[5]. «Колхис елінің Персес патшасының одақтасы болған Каспийліктер Скиф халқы»[6]. «Бірінші Крес жорығын тоқтатқан [селджүк] әскерлері қатарында Каспий тайпасы болды»[7][8]. Грузияда «Картли патшаларының өмірі» деген көне кітап бар екен, бұл кітаптағы деректер бойынша: «Каспи қаласы біздің заманнан бұрынғы XXIV-ғасырда салынған (4400 жыл бұрын), және ол Каспи деген тайпаның атымен аталған»[9]...

Сонымен, Каспий теңізінің Иран жақ, Еуропа жақ, солтүстік жақ жағалауларын «каспийліктер» мекендеген, әл-Идриси картасын ескере қоссақ, Каспий теңізінің төрт жақ айналасында да Қаз тайпасы мекендеген.

Caspiani

Каспийліктер жері. Помпониус Меланың «Әлем» картасынан, I-ғасыр.
(1898-жылы Конрад Миллер реконструкция жасаған)

Каспий теңізі туралы, Гомер: «Күн Тоғаны... мұнда Күн Шары күнде демалуға барады, ертеңіне қайтадан Гелиостың жүйрік аттарымен шеңберлі жолмен шабуы үшін»[19].

Жоғарыда[1], Қаз атына "бек, хан" деген [түріктік] титул қосылып жазылған жерлер болды, бұдан, Қаз - ол ел билеуші адам аты екенің білеміз. Олай болса, Каспий атындағы «пий» жалғауы «бій» титулы болғаны ғой, яғни Қаз бій. Каспий аты Қаз атынан екеніне қосымша дәлел – ол бұрын «Қаз көлі» аталған қазіргі Арал теңізі. 

Casius

Қаз көлі «Lacus Cæsius». (картада солтүстік сол жақта)
Matthäus Seutter (Матыйус Зойтыр)-дың «Maris Caspii» картасынан, 1730-жыл.

Бұл, XVIII-ғасыр картасында, қазіргі Арал теңізі «Қаз көлі» деп аталған. Ғалымдардың айтуынша, ертеде Каспий мен Арал теңізі бір тұтас болған. Арал теңізі ежелгі карталарда кездеспейді, ол орта ғасырларда, Каспийдің тартылуынан және Амудария өзенінің [аңғарының] бұрылуынан бөлініп пайда болған[10]. Яғни, ертеде екеуі бір теңіз болса, аттары да бір болғаны және екеуі де «Қаз» атымен аталып тұр. 

Kathai

Қазай көлі [11]. Даниел Келлердің «Asiae nova description» картасынан, 1590-жыл.

Бұл Қазай көлі, қазіргі Арал теңізіне сәйкес келеді. Ташкент жақпен келген Сыр өзені Қазай көліне құйып жатыр. Қазір де солай, Ташкент жақпен келген Сыр дариясы Арал теңізіне құйып жатыр. Сондай-ақ, көл үстінде қаз құсының суреті бейнеленген. (ал, Ертіспен жалғастырылғаны сұрақ тудырады?)

Сонымен, Қаз – ол «бек», «хан» әрі «бій» екенің және атының мағынасы қаз құсы екенің білдік. Мұндағы «бій» титулының екі мағынасы бар: Ел билеуші және Әділет шешім қабылдаушы. Демек, Қазақ атауындағы «ақ» жалғауы да титул болғаны. Осы аталған титулдарға қарап екі вариант қарастыруға болады:

1) Парсы-араб мәдениеті келген кезде, ел билеуші орнына «шаҺ» титулы қолданып, Қаз шаһ, одан Қаз сақ және Қазақ аталып кетуі мүмкін бе?
2) «Бій» титулы орнына «әділет орнатушы» мағынасымен «Һақ» сөзін қолданып, Қаз Һақ, одан Қазақ аталуы мүмкін бе? Мысалы, Қасым ханның ұлы Һақ Назар хан атында кездеседі...

Бірақ, Шаһ деп басқалар атаса да, қазақтар Хан атағын ауыстырмас. Және, қазақ тілінде «Һ» әрпі көбінесе дыбысталмайтын болғасын, «шаҺ» сөзі «шá» деп екпінмен дыбысталып айтылар еді. Мысалы: «падишаҺ» деген парсы сөзі «патшá» деп, «ШаҺ Кәрім» аты «Шáкәрім» деп, «Һақ Назар» аты «Áқ Назар» деп, «АллаҺ» аты «Аллá» деп айтылып жүр. Ал, «Қаз Һақ» атауының «Қазáқ» аталуы бұл ережеге келеді.

«Бій» атауының «Һақ» деп айтылуын мына ата-сөзден біле аламыз:

«Батыр деген барақ ит,
Екінің бірі табады.
Би деген áқ шариғат,
Елуден біреу табады» - Билер сөздері [12].

Бұл сөзде «қазақта батыр көп, бій аз» деп тұр, оны халық аузында «Би деген – áқ шариғат, мыңнан біреу шығады» дейді. Би халықтың сана-сезімінде ақиқаттың ақ туын көтеруші ретінде сипатталады...
Яғни, «Қаз Бій» аты «Қаз Áқ» деп айтыла алады.
(жоғарыдағы, «Бій» мен «Би» деген бір сөз, кирилше әріпке көшкен кезде, «ій» әріптері «и» дифтонгісіне ауысқан; ал «Һақ» сөзі жоғарыда айтқандай «áқ» деп айтылған).

Qazaq

 

Неге «Аллáдан келген ақиқат»?

Мұны анықтау үшін, «Қаз» атын басқалар қалай атағанын қарайық.

Qazwini

Бұл, XIII-ғ. Иран географы Әл-Қазуини картасы. Қаззиа елін әл-Ғази (латын әрпіндегісінде Ғазна) деп атаған, «ғаз» сөзі парсы тілінде «қаз» құсы деген мағына.

Жоғарыдағы, араб картографы Әл-Идриси картасында көрсетілгендей, «Қаз» атын арабша «Ғуз» деп атаған екен («өз тілінде Ғоззия» деген, демек Ғуззия деп арабша атап тұр; қазір де, арабша Ғуз «غوُز» атын google-аудармашы «Қаз» деп тұр...).

Ғуз бен Қаз бір екеніне тағы да мынадай дәлел бар: XIX-ғасырда, неміс географы Риттер «Арал теңізін жергілікті халқы Оғуз деп атайды» деген[13], ал XVIII-ғасырда, Арал теңізі еуропалықтар картасында «Қаз көлі» деп аталғанын білеміз. Бұл Арал теңізін, XVIII-XIX-ғасырлық еврей энциклопедистері Брокгауз және Йефрон карталарында «Окс көлі» деген[1]. Жоғарыда айтылған, Қаз атымен аталған Каспий теңізін, XIIІ-ғасырда [қиыр] шығыс жазушылары «Гуз» деп те атаған[19]. Бұдан, «Қаз, Окс, Ғуз, Оғұз» атаулары бір ат екенін анықтаймыз, әртүрлі тіл манерімен айтылған.

Мүмкін, бұрын қазды «ғоз» деген түрік болса:
1) Һақ деген атау, Қаз атына префикс түрде қолданып, «Áқ Қаз» деп,
2) Киелі құс Аққу деген мағынамен «Ақ Қаз» деп,
- аталып, одан «Ақ Ғаз, Ақ Ғоз» айтылып «Оғұз» сөзіне өзгерді ме. Бұл жерде, «Һақ» атауы префикс ретінде де, суффикс ретінде де қолданыла алады, ал «аққу» деген мағына үшін олай келмес. (Немесе, араб мәдениетінің, тілінің ықпалы бәсең болған кезде, қазақтардың өздері де араб манерімен «Ғуз, Оғуз» деп сөйледі ме, қазіргі орысшалап атайтын қазақтар секілді). Және де тарихта, Ғуз, Оғұз аталған қала атауларын кездестірмедім, тек Қаз атымен аталғандар бар. Бұл да, Ғуз аты – ол Қаз атының лақап аты екеніне қосымша дәлел.

(*) Оғұз атын қарастырып көрейік: «Оғұз» аты, түркімен (және өзбек) арқылы белгілі болды, араб әрпімен жазылғанда  «اوغوز» Оғоз. Түркімен, өзбек тілдерінде мұндай да сөз жоқ екен, «ғ» дыбыстас жасырын «қ» дыбысы тұрғанға ұқсайды, яғни Оқғоз. Түркімен тілінде де, өзбек тілінде де: Оқ - ол АқҒоз - ол Қаз деген. Демек, Оғұз - ол, Áқ Қаз! Қазақша атындағы Ақ сөзі - Һақ деген мағынада.

Тарихта белгілі, біздің заманға дейін өмір сүрген тек бір Оғұз Қаған бар, ол барлық түрік жұртының Ұлы көшбасшысы, әділет үшін, ақиқат орнату үшін күрескен, шығыс пен батысты шарлаған, «әлемді» билеген! Әбілғазы Баһадүр хан шежіресі бойынша, Оғұз хан - Ер Түріктің сегізінші буын ұрпағы, осыдан 4800 жыл бұрын дүниеге «Аллá» атымен келген, жүзінен нұр шашқан, анасы дәрет алмайынша ембеген, бір жасқа толғанда өз атын өзі атаған[14]...

Яғни, «Аллáдан келген ақиқат», «Һақ» деген атауға сай!

Бұл шежіреде, Әбілғазы Баһадүр Хан қазақ арасында болса да, кітабында «қазақ» деген сөз кездеспейді, мүмкін Оғұз деп танымал лақап атымен жазған шығар.

«Кім білмес баяғы өткен Оғыз Ханды,
Қаратқан қол астына талай жанды.
Басында Азияны түгел билеп,
Ұрым, Парсы, Арабтың да көбін алды.
Жазады талай елдің жазушысы,
Адамның өзгеше деп қылған ісі.
3400 жыл бұрын Пайғамбардан,
Атағы жер жүзіне шыққан кісі» - Шáкәрім Құдайберді-ұлы [15].

Оғұз Хан түрік елін 116 жыл билеген. Ол, түрік жұртын бес Аймақпен атаған: Ұйғұр, Қаңлы, Қыпшақ, Қарлұқ, Қалаш. Үлкен үш ұлына алтын садақты үшке сындырып бөліп беріп, оларды «Бұзұқ» деп, кіші үш ұлына үш алтын оқ беріп, оларды «Үш Оқ» деп атаған (француз тілінен орыс тіліндегі аудармасында «бюссюкъ - переломленный» және «учъ оккъ – три стрелы» деген). Үлкен үш ұлына, сендер садақсыңдар, ата-бабамыз айтқандай, ол ел билеуші белгісі, менен кейін Күн хан болсын, одан кейін «бұзұқ» ұрпақтары бітпейінше жалғастырсын. Кіші үш ұлына, сендер оқсыңдар (жебе), ол елшінің белгісі, садақ қайда атса оқ сонда ұшады. Үш Оқ ұрпақтары Бұзұқ құзырында мәңгі болсын[14].

«Сақ» атауы қайдан?

Қазақтың, өздерін «Сақ» деп атағаның жыр-дастандардан естімедім. Сақ деп, яғни Сака деп парсылар атаған. Бұл армян тіліндегі Саг «Սագ» сөзімен аталған болуы да мүмкін, мағынасы «Қаз», олардың, Персия мен Арменияның бір империя құрамында болған кездері бар.

Куман халқы атының мағынасы – Қаз адам «Қу Ман» [АЗиЯ, О.Сүлейменов].
Сондықтан, «Аққу менен қаз егіз...» дегендей, Қаз атының мағынасы «Қаз және Аққу».

«Жырыма құлағың сал, азаматым,
Ұнаса менің айтқан насихатым.
Кеудеңде шыбын жанын болса егер,
Жоғалтпа жер бетінен Қазáқ атын!» - Қожаберген жырау.

Ақынның бұл сөздерінен, Қазақ - ол адам аты екені, және Қазақ аты XVII-XVIII-ғасырларда жоғала басталғаны байқалады.

Bilge Qahan

Білге Қағанның тәжі. [e-history.kz]


*Қазақ, тарихта әртүрлі атпен аталып, кейін бөлініп кеткен кезеңдері де болды...

Қайнар көзі:

1. Қаз топонимі көрсетілген карталар.  https://massaget.kz/blogs/26339/
2. Қазуин провинциясы. Иран Палата Қоғамы сайтынан http://www.iranchamber.com/provinces/04_qazvin/04_qazvin.php
2. Қазуин провинциясы. https://en.wikipedia.org/wiki/Qazvin_Province
3. Микрокосмос. Лондон, 1636-ж. 626-бет.
4. «A Cyro Caspium mare vocari incipit; accolunt Caspii». Pliny, Natural History VI.13.
5. The Caspian Sea Encyclopedia. I.S.Zonn, A.N.Kosarev, M.Glantz, A.G.Kostianoy. 2010-ж, 99-б.
6. Argonautica. Gaius Valerius Flaccus, I-ғ.;
Henri J. W. Wijsman (ed.), Valerius Flaccus, Argonautica, Book VI: A Commentary (Brill, 2000), p. 59.
7. Авторы белгісіз «Historia de via Hierosolymitana» атты жыр кітабы,  X-ғ.
8. Nicholas Morton, Encountering Islam on the First Crusade (Cambridge University Press, 2016), p. 203.
9. Мровели Леонти, 1979, М., 24 б., 50 б.
10. Записки императорского русскаго географическаго общества. С-П. 1871-ж. 4-том (жалпылай жазылған).
11. Қазай (Kithai) атауы туралы. https://massaget.kz/blogs/26313/
12. Билер сөздері /Қазақтың Ата заңдары/. С.Сейфуллин. Алматы 2003-ж, 2-т., 378-380-бб.
13. Записки императорского русскаго географическаго общества. С-П. 1871-ж. 4-том, 151-бет.
14. Родословная Історія о Татарах. Абулгачи Баядуръ Хан. І-том, 2-глава.
15. Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі. Ш.Құдайберді-ұлы. Астана, 2008-ж, 259 б.

Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту



ЕҢ ҚЫЗЫҚТЫ БЛОГТАР

«Тәртіпке бағынған ел құл болмайды».
Жайлауға атпен бардық // Екіаша, Көкбұлақ, Шет Меркі, Орта Меркі
Абайдың ғылым-білім туралы ойларының маңызы
Шет Меркі өзені, Тоғызбұлақ ауылының тамаша табиғаты
Шетелдегі қазақ полицей "Әлем батыры" атанды
«Тар заман» туындысында кездесетін афоризмдер

Жұлдызды блогтар

Жайлауға атпен бардық // Екіаша, Көкбұлақ, Шет Меркі, Орта Меркі
Жайлауға атпен бардық // Екіаша, Көкбұлақ, Шет Меркі, Орта Меркі
Шет Меркі өзені, Тоғызбұлақ ауылының тамаша табиғаты
Шет Меркі өзені, Тоғызбұлақ ауылының тамаша табиғаты
Ораза айының өңірлер бойынша кестесі
Ораза айының өңірлер бойынша кестесі