Менің арманым

Менің арманым
жеке
блог

Серпілген қалам көк сиямен қоса бойымдағы бар қорқыныш, күңгірт ойды тым алысқа ала кетші. Армансыз арманыма қол жеткізейін….

Уақыт шіркін бірқалыпты күйде. Ал қиындығы мен қуанышы қатарласқан адамзат ғұмыры тым өзгеше жаратылыс. Ұқсамайтын тылсым күшке ие. Ойлап қараңызшы егер адам баласы да бірқалыпты жүйені ұстанса қалай болар еді? Қайғыда қуаныштың, қуанышта қайғының дәмін сезіне алар ма едік? Әрине, жоқ. Себебі, бұл заңдылық әуелбаста солай қабылданған. Оны өзгерту сірә, адам баласының қолынан келмесі анық. Бірі басқарушы, енді бірі бағынушы. Біз бағынушы. Уақыт басқарушы. Ырқына көнумен біраз дәурен судай тасып өтіп жатыр. Бірақ өмірде біздің де басқарушылық қызметіміз тағайындалған. Тек бұл лауазымға уақыт сынды шын мықтылар ғана өздерін-өзі лайықтайды. Ауыз көпіртіп, әр бұрышты кескілеп қосудан гөрі, негізгі ойдың астарын ғана сызып өту аса қолайлы деп ойлаймын. Не меңзегенімді түсінген шығарсыз? Біз басқара алатын қандай нәрсе? Айтсам күлмеңіз. Өте ұсақ. Түкке тұрғысыз боп көрінгенімен қаншама ұлы істердің бастаушысы болған ол-Арман. Ішкі рух, намыс, сенім тізе берсек көп қой бізде. Бұл нәрселерді басқара білу-жеңіс, қол сілтеу-әлсіздік екені айтпаса да белгілі. Ал енді қараңыз. Сіздің көзге елемей жүрген нәрселеріңіз ұлы Абай, Лермонтов, Пушкинді шығарды. Сол секілді уақыт та сіздей алып тұлғаны кішкене бір тірлігін айналдырған тіршілік иесі ретінде санайды. Бірақ адам баласы дәлелдеді ғой. Небір сан мыңдаған кәсіп ашып, жер, ел көркейту үстінде. Міне, бұл тұжырымнан шығатын жалғыз ой: Кейде кейбір үлкен нәрселер ұсақ нәрселерге бағынышты болады. Бұны жетістік ұсақ нәрселерден құралады деп алуға болады.

Мысалы, мен қазақ телевидениясында ойып тұрып орын тепкім келеді. Сол себеппен қазірден бастап тәжірибе жинау керектігін түсініп, бар мүмкіндікті қалт жібермеудемін. Инста парақшамда блог жүргіземін. Небір ауқымды тақырыптарда пост жазып, одан қалса әр сөзіме себеп боларлық кешегі жыраулар поэзиясынан бастап, мақалы мен мәтелін жаттаудамын. Солардың қатарында мына бір ойды түпкілікті жеріне жеткізу дәл қазіргі басты мақсатыма айналды. “Zhurbo” атты жеке жоба ашу. Яғни, Жетібай ауылының дарынды балаларымен сұқбат жүргізіп, “Ұлан” газетіне мақала ретінде жариялау. 10 сыныпта көкейіме келіп түскен осы бір ой жанды тыншытпады. Қалай болады, қайда өткізіледі, қалай жазылады деген сұрақтар әліде жауапсыз. Үмітім үзіліп түскелі тұрған жерінде журналистика саласындағы жетекшімнің пікірін білдім. Оның қолдауы, жанашырлығы жүрек түкпірімдегі бала арманның қайта тууына себепші болды.

Мектеп өміріндегі соңғы жылымыз да келіп жетті. Күн мен түннің қалай өтіп жатқандығынан бейхабарлық, көз-құлақтың назары бір жерде түйісетін ауыр кезең. Ееех.. Грант иегері болу менің де арманым. Бірақ жобаның аяқсыз қалуы жан дүниемді өртеп  барады. Мүмкін деген бір ауыз сөз межелеген уақытты күтуді ескертті. Сонымен ақтық кезең. Бір мақсаттың соңғы баспалдағы. Мектебімізде, тіпті, ауыл түгілі қалада да бұрын-соңды болмаған журналисттік жоба қолға алынатынын естігенде бұл жеңісті сасқалақтықпен қарсы алдым. Қуанбадым, не жыламадым, сондай бір қызық адаммын. Ендігі мезет жеңістің сол сатысынан кері құлдиламау. Дәл осы қадам кәсібилік нүктеге жеткізетіні сірә да айқын. Бұрынғы өзіме қожалық ету жоқ енді. Шаршасамда асыл атыма кір келтірмеудің қамын жасаймын. Қиындық төресін көретін сәттер. Уақыт тығыздығы. Жауапкершілік.

Бас редактор дейді. Лайықпын ба өзі. Жетекшімнің маған деген сенімін ұшырып алмаймын ба деген сан қилы сұрақта көмкерілдім. Қорқыныш бар. Әлі жаспын 15імде бұл дәрежені арқалап, ертеңіме жету қаншалықты оңай. Тағы да сол жетекші сөзі: “Өте керемет жоба екен. Сәттілік тілеймін. Сіздің қолыңыздан барлығы келеді. Мықтысыз. Енді ізденіс керек, еңбек етіңіз. Сыныптарға кіргенде өзіңді еркін ұстауға тырыс. Қобалжыма, қысылма. Как журналист ретінде жүріңіз. Содан кейін барлығымен тең дәрежеде сөйлесу керек. Ол биік мен кіші демеу керек. Тепе-теңдікті ұстаса ғана жақсы сұқбат шығады. Сосын сұрақтар нақты болғаны дұрыс. Кейде қатып қалған қағида да адамды жалықтырып жіберуі мүмкін. сондықтан ішіне позитивте қосса артық етпейді меніңше.”

Отбасы мен жетекші қолдауы-баға жетпес құнды байлық. Сол байлықтың бағасын түсірмес үшін өмір жолында жақсылап ысылмақпын. Қорқыныштың мені басқаруы оңай бола қоймас. Себебі, мен алдырар биіктер әлі де көп. Неде болса нар тәуекел. Жыласам да жетістік деп жылайын. Биік тауды қопарарлық құдіретті сенім күші жастығыммен жалындап тұрғанда пайда көріп қалайын. Білмейсіз ғой, қарапайым оқушының нендей асуды бағындып, нендей дәрежені қалайтынын. Арманым арман болып қалмайтыны анық. Сенімім мол.

Саған әкеп тіреймін де өмірімнің бар мәнін,

Көтере алсам деп тілеймін сендік жолдың салмағын.

Жасқанбайын, жасымайын бір өзіңе сенейін,

Адастыра көрмегейсің мені асқақ арманым.

 

Ойлағаны болған әркез алтын, жақұт, сарайлар,

Болашағын сайран көріп, өткеніне қарайлар.

Өрелері дүниеден, құр тастардан аспаған,

Жер бетінде арманы жоқ күн кешіп жүр талайлар.

 

Мен олардан бақыттымын, алтын маған тас қана,

Арманым көп расыменде, дегенімнен басқа да.

Адалдығым, арамдығым арманымнан жоғары,

Жан боламын не көрсемде ала жіптен аспаған.