Рухани жаңғыру —ұлтымызға рухани жол көрсетер нақты бағдар

Рухани жаңғыру —ұлтымызға рухани жол көрсетер нақты бағдар
жеке
блог

«Рухани Жаңғыру» — қазақстандық рухани құндылықтардың жандануына  бағытталған Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бағдарламалық мақаласы. Тарих пен мәдениетке, адамның рухани дамуына,оның туған жеріне деген қарым-қатынасына  негізделген  Елбасының аталмыш бағдарламасы  «Алаштың анасы» атанған Қызылорда облысында белсенді жүзеге асырылып, өлкенің рухани қайта жаңғыруына мол септігін тигізді.

Сыр өңірі – Қорқыт бабаның қобыз сарыны мен жыраулық мақамы үзілмеген, «дала данышпаны» Асан қайғыны, қазақ әдебиетінде өшпес ізі қалған Әбділда Тәжібаев, Қалтай Мұхаммеджанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Қазақстан мен Орталық Азия жастарының жалынды жетекшісі болған белгілі қоғам қайраткері Ғани Мұратбаевты дүниеге әкелген киелі топырақ. Мақала жарық көргелі өңірде ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай облыстық күйшілер фестивалі, ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған «Ұлы кемеңгер әл-Фараби» атты облыстық жас ақындар айтысы, ұлы ағартушы  Ш.Уәлихановтың 185 жылдығына орай облыстық жабық сценаристер байқауы,«Көзімнің қарасы» атты Абай өлеңдерінен облыстық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы,Алтын Орда мемлекетінің 750 жылдығына орай қисса-дастан орындаушылар арасында облыстық фестивалі, басқа да атаулы шаралар мәдениет ошақтарында ұйымдастырылған болатын.Тарихы терең аймақтың Қазалы ауданында бағдарламаның барлық бағыттары бойынша өткен жылы ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге бағытталған 117 іс-шара өткізілген болатын. Атап айтсам, өткен жылдың шілде-қыркүйек айларында Әйтеке би кентіндегі «Жеңіс» саябағынан «Жайлаудағы ауыл» демалыс орны атты әлеуметтік жобасы жүзеге асырылды. Бұл Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы  «Туған жер» деген бағдарламаға аясында жасалған шара.Демалыс орнына келушілер ұлттық құндылықтарымыз бен ұмыт бола бастаған дәстүрлерімізді қайта жаңғырту мақсатында мәдени шаралар ұйымдастырып, ұлттық тағамдардан дәм татты, ұлтымызға тән тұрмыстық тіршілікте қолданылатын қолөнер үлгілерін жасаудан шеберлік сағаттардың куәсі болды.

Сонымен бірге «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында мен туған өлкемде облыстық көркем-сурет галереясында Алтын Орданың 750 жылдығына, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған «Қанат жайған руханият» атты көрмесін көрушілердің бірі болдым; өлкеде жезтаңдай әнші Мәдина Ералиева атындағы «Ақбаян» атты облыстық дәстүрлі әншілер байқауы, Жәмет жырау атындағы жыр-терме үйірмесін жандандыру мақсатында «Елім деп жыр төгілткен Жәмет жырау» атты облыстық жыршы-термешілер байқауы, «Сыңғырла, сазды сырнайым» атты облыстық ән орындаушылар байқауын өткізілді.

«Рухани жаңғыру» идеясы ұзақ мерзімге жоспарланған жоба. Елбасы осынау жобаны жүзеге асыру арқылы халықтың санасын жаңғыртып, өркениетті қоғам құруды көздеп отыр. Мақалада «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деген жолдардың астарында үлкен мағына жатыр. Шынында да рухы биік азаматтары бар елдің іргесі мәңгілік болары хақ.Бұл ретте жастарға үлкен жауапкершіліктің артылып отырғанын айта кету керек. Атадан қалған жерді, тіл мен дәстүрді сақтап қалу өз алдына, қазіргі ұрпақ Қазақстанды әлемдегі ең дамыған елдердің қатарына қосуы тиіс. «Рухани жаңғыру» болса осы міндетті жүзеге асыруға сеп болатын басты құралға айналмақ.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология және әлем тілдері факультеті,шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының аударма ісі мамандығының
1-курс студенті Жолмырзаева Ақерке,  т.ғ.д профессор Қозыбақова Ф.А. ғылымыи жетекшілігімен.