"Карантин біткен күн"

"Карантин біткен күн"
жеке
блог
...Содан бастап адамзат осы күнді "Карантин біткен" деп атап кетіпті.

Бұл мейрамды тек Жер планетасындағылар емес, Марс, Айда тұратын адамдар да атап өтеді. Олар осы күні туыстарына қонаққа барып, "Карантин көже" ішеді. Жастар суретке түсіп, бір-біріне эстафета жолдайды. Ересектер спам жіберіп, мәре-сәре болады. Отбасымен кино көріп, кітап оқитындар, ата жолын сақтап үйде ештеңе істемей жататындар да аз емес.

"Карантин біткен" мейрамына байланысты қалыптасқан салт-дәстүр көп. Солардың ішінен "Антисептик себу", "Маска шешу", "Балконнан ән салу", "Қағаз өртеу", "Үйден шықпау" дегендерін ерекше атап өтуге болады.

"Антисептик себу" дәстүрі бойынша жастар қариялардың қолына антисептик сеуіп, олардың батасын алады. Бұл ұрпақ сабақтастығына ерекше әсер ететін, қай кезде де қолымызды таза ұстап, жанымыздағыларға соны насихаттағанымыз дұрыс екенін еске салатын салт.

Ал "Маска шешу" деген ғұрыпқа сай адамдар қонаққа барарда маска киіп, үйге кіргенде оны үй иелеріне көрсетіп шешеді. Мұндайда екі жақ қол алысып, бет сүйісіп амандасқаны жөн. Бұл салтты кейде "Маскасыз көрісу", "Маскасыз сүйісу" деп атап жатады. Ол ендігәрі маска киетін қиын күндер тумасын, бір-біріміздің жарқын күлкімізді көріп жүрейік деген мағына береді.

"Балконнан ән салу", "Қағаз өртеу", "Үйден шықпау" дегендерді әркім өз еркі бойынша орындайды. Өкінішке қарай, қазір көпшілік бұл рәсімдерді "бос әурешілік пен уақытты бекер өткізу" деп қабылдайды. Шын мәнінде олардың әрқайсының шығу тарихы мен өзіндік мәні бар.

Мысалы, "Балконнан ән салу" ғұрпына сай XXI ғасырдың алғашқы жартысында шыққан әндер балконда тұрып шырқалуы тиіс. Бұл расымен қазір біртүрлі болып көрінуі мүмкін. Бірақ о заманда дәл осылай ән айту арқылы адамдар іштегі эмоциясын шығарып, қиналып жатқан халыққа қолдау көрсеткен. Тіпті кейбіреулердің айтқан әні қарсы беттегі үйдің балконына естілген деген деректер де бар.
Сондай-ақ кей өңірлерде осыған ұқсас "Терезеден шапалақтау" деген дәстүр болғаны белгілі. Бірақ қазіргі таңда оны ұстанатын адам қалмаған.

"Үйден шықпау" рәсімі болса бір айға созылады. Оны ұстанатындар "Карантин біткен" мейрамына бір ай қалғанда азық-түлік сатып алып, отыз күн бойы далаға шықпай үйде қамалып отырады. Бұл рәсімге қатысты көпшіліктің пікірі екіге жарылған. Біреулер "Үйден шықпау" денсаулыққа зиян, адамның психикасына кері әсер етеді десе, енді біреулер оны дұрыс ұстанған жағдайда адамның тұлғалық дамуына пайдалы тұсы көп дейді.

Ең қызығы — "Қағаз өртеу" жоралғысы. Ғалымдардың айтуынша, ол заманда адамдар азық-түлік алу үшін "сауда орталығы" деген арнайы жерге барған. Қазіргідей көмекші робот, дрондар дамымағандықтан олар қажетті өнім мөлшерін өздері есептеуге мәжбүр болыпты. Ұзақ карантин жарияланатыны туралы сыбыс шыға бастаған шақта неге екені белгісіз ел тамақтан бөлек дәретхана қағазын да толтырып алған. Карантин біткеннен кейін әлгі көп қағаз артылып қалып, адамдар соны далаға шығып өртейді. Алғашында рәсім атауы "Дәретхана қағазын өртеу" болған. Уақыт өте "Дәретхана" сөзі түсіп қалып, біздің уақытқа "Қағаз өртеу" күйінде жетіп отыр.

"Қазіргі жағдайда ол кездегі адамдарды түсіну қиын. Өйткені XXI ғасырдың басында роботтар жоқ, адамдардың миына әлі чип орнатылмаған. Сондықтан шұғыл шешім шығару қиындық туғызған. Бізге қарапайым болып көрінетін дүние ол кезде мүлде басқаша еді. Адам қай жемісте қандай дәрумен бар, қай өнімде ақуыз, май, көмірсу мөлшері қандай деген сұрақтарға жауап іздеумен қатар бағаны да өзі есептеген. Бәлкім сол кезде жалпы жүйеде қате кетіп, ел қай өнімді көбірек, қай өнімді азырақ алуды жоспарлай алмай қалған шығар. Бұл біз үшін әлі де жауабы табылмаған жұмбақ", - дейді тарихшы Марсбек Ковидбай.

Қалай болғанда да "Карантин біткен" әлі талай зерттеуді қажет етеді.

Авторы: Ернар Алмабек
2178 жыл, Марсбұлақ қалашығы