Тұғырлы тарихымыз жайлы не білеміз?

Тұғырлы тарихымыз жайлы не білеміз?
жеке
блог

Өткенін мақтан тұтып,бүгінін нақты бағалай

білу және болашаққа оң көзқарас таныту-еліміздің

табысты болуының кепілі дегеніміз осы.

Н.Назарбаев

   Алтай мен Атырау арасын мекен еткен Ұлы дала төсінде небір тарихтың ізі жатыр. Жер анаға тіл бітіп, одан сұрай қалсаңыз, сізге сонау сақтар мен ғұндардан бастап тарих қойнауынан сыр шертер еді. Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылғандай, немістер өздерін готтар, италиялықтар римдікпіз демейді. Сол сияқты біз сақтар деп аталмағанымызбен, түп тамырымыз көне түркілерден бастау алатын тарихымызды мақтаныш етеміз. Тіпті, тарихымыздың сақтардан ары шумерлерден басталатыны ғылыми кеңістікте айтылып та жүр.

   Талай тарих толқыны төсінде тулап жатқан тұғырлы өлкеден табылған асылдың сынықтары бізге өткенімізді танып, тереңірек үңілуге мүмкіндік береді. Сол асыл сынықтардың бірі - Алтын адам. Ұшы-қиырсыз шексіз даладан Алтын адамның табылуы ата-бабамыздың жұтаң еместігін, керісінше, әсемдік пен көркемдікке деген оң көзқарастарын көрсетеді. Бұл сөздеріме Ә.Марғұланның: «Күрделі цивилизация, алтын, күмістен жасалған әдемі бұйымдар, әдемі көзелер, тас мүсіндер, тас жазулар, тас тұнжырлар, таулы жер мен өзен бойын сұлулыққа бөлейтін сәулетті күмбездер, тас сарайлар, шуы көп қалалар мұнда да болған. Бірақ өзгергіш дүние бұларды бірде көркейтіп, бірде жер бетінен сыпырып отырған»,- деген пікірі дәлел болады. Ең алғаш жылқы жануарының тілін тауып, «қанатты пырағым» деген де менің бабаларым болатын. Бүгінгі таңда біздің ата-тегімізден тамыр тартатын атқа міну мәдениеті барша әлем халықтарына кеңінен таралған. Тағы сол сияқты Ұлы жетістіктерге күре тамыр бола білген Атамекенімізді қалайша «Алтын бесік» демеуге болады?!

   Қорытындылай келе, тәуелсіздік жолында қайсарлықпен қаншама қан төгілген қасиетті жерді мекен еткен, есімі ұлық ұлттың Ұлы арманын, асыл мұрасы мен аманатын көзінің қарашығындай сақтайтын, еліне жанашыр ұрпақ керек. Абай сенген саналы, Ахмет сенген сауатты, Мағжан сенген айбатты, Елбасы сенген білімді, досына адал, дұшпанына қатал сақ ұрпағы-мына біздерміз! О, кіндік қаным тамған, төсінде тербеп өсірген алтын бесігім, сенің әрбір қызғалдағыңды ақтық демім қалғанша жалынды жүрегіммен жылытып өтем!

Абай атындағы РММИ 

11-сынып оқушысы

 Қажымурат Ақниет