Өмірлері өнеге – Желтоқсан батырлары

Өмірлері өнеге – Желтоқсан батырлары
жеке
блог

Егемендігімізді алып, дербес ел ретінде әлемге таныла бастағанымызға біріншіден, сонау 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы басты себепкер болғанын ешқашанда ұмытпауымыз керек. Желтоқсан оқиғасы мен сол бір қанды көтерліске қатысқан қазақ жастарының ерлігі қазақ тарихында үлкен орын алды. Алматы қаласында желтоқсан батырларына арналып үлкен шаралар жиі өтіп тұратынын білеміз. Өткен сенбіде Мұхтар Әуезов атындағы стадионның спорт кешенінде шағын футболдан желтоқсан оқиғасына қатысушылар мен БАҚ өкілдері арасында дүбірлі турнир өтті.

Желтоқсанның сақырлаған  саршұнақ аязында,  азаттықтың ақ таңын  аңсаған қазақ жастары  кеңестер Одағы бойынша алғаш болып советтік жүйеге қарсы тұрған еді.  Сол кездегі елім, жерім-деп, жанын құрбан еткен боздақтар мен бүгінде бастары ағарып  ортамызда жүрген  желтоқсан қаhармандарының ерлігін жас ұрпақ  мақтанышпен үлге етуге парыз. Негізі Оңтүстік астанамызда желтоқсандықтарды еске алуға арналған байрақты шаралар жиі өткізіліп тұрады. Дегенмен де шағын футболдан желтоқсан батырларының қатысуымен өтетін жарыстар сирек екені анық. Бұл өткізілген спорт бәсекесінде желтоқсан ұйымы өз алдына  бір команда жаратып алып келіп қосқан екен. Салауатты өмір салтын дәріптеудің маңызы зор десек, жылдар жастарын ұрлап алса да, бойында қайрат жігерлері тулаған Құрымбаев Болат, Айтуаров Ермек, Қалмақбаев Ғани, Жайнақов Нұрдәулет сынды желтоқсан қайраткерлері, ойын алаңында бар шама-шарқынша өнер көрсетіп көпшілікті тәнті етті.

Жарыс  егеменді еліміз үшін  шейіт болған боздақтарды бір минуттық еске алып тағзым етумен басталды. Желтоқсанға қатысты ұйымдастырылған бұл спорт шарасына қазақ спортына белгілі тұлғалар да келіп қатысты. Солардың арасында Абай атындағы Қаз ҰПУ  Өнер, мәдениет және спор институтына қарасты Дене шынықтыру және спорт  кафедрасының меңгерушсі, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Ерғали Мұхитдинов ағамыз да бар. Құрметті ұстаз әрі спорт ардагері желтоқсан қайраткерінің әрбір иглікті шараларын әрдайым  қолдауға дайын екендігін білдіріп, команда ойыншыларына сәттілік тіледі.

Сонымен жарыс алаңына шыққан 6 команда, жеңіс үшін күн ұзақ тартысты ойындарын көрсетті. Ақтық финалда Ернамыс пен Қазпочта командалары кездесіп, құрамында желтоқсан ардагері, теңбіл доптың теңдесіз шебері  Сайфудин Шамсутдинов бастаған  Қазпочта командасы тамаша ойын үлгісін көрсетіп бас жүлдені  жеңіп алды. Ия, жыл басын осындай жақсы шаралармен басталғанына  қуанышымызды жасыра алмаймыз. Жақсы адам жүрген жеріне кент-болар демекші, осындай аламан жарысты ұйымдастырып көпшілікке  шексіз бір қуанышты көңіл күй сыйлаған, желтоқсан оқиғасына қатысушы, ҚР Журналистер Одағаның мүшесі Ақын Ордабайұлының еңбегін ерекше екшеп, елеп айта кеткен орынды болар. Өйткені, осындай заман ағысында қалтасынан қаржысы төгіліп жүрсе де еліне, туған жеріне шарапатын тигізер сәтте теріс айналып кететін шық бермес Шығайбайларды көре отырып, жақсылық үшін жоқтан барды жасап шапқылып жүрген ардагер журналистің бұл тірлігіне қалай ғана риза болмассың.

Ақын ағамыз сонымен бірге, Спорт-денсаулық кепілі-демекші, өзінің желтоқсандық достары Қаден,Серік, Дархан, Нұрдәулет, Ертай, Батыр сынды желтоқсандық достарының басын қосып, аптасына үзбей екі мәрте футбол ойнауды ұйымдастырып, спортқа тартып  жүрген азамат. Осындай дүбірлі жарыс ешқашан  қолдау, қамқорсыз өтпесі белгілі.  Желтоқсанға деп үлкен көңілмен ойын алаңы мен басқадай жағынан қолдау көрсеткен Абай атындағы Қаз ҰПУ басшылығы мен  «Футбол әлемі» спорт дүкендерінің иесі Біржан секілді ұлтжанды азаматтардың турнирге жасаған қолдау көмектеріне алғыс айта кетсек артық болмас.

Жарыс  соңында жеңімпаз команда мен жүлдегерлер құрметпен марапатталды. Ойын алаңында тамаша  шеберлік көрсеткен Сайфутдин Шамсутдинов үздік шабуылшы атағына ие болса, үздік қақпашы мен үздік қорғаушы атағына Ғалымжан Демесинов пен Бауыржан Сырымбетовтер лайық деп танылды. Сонымен бірге, жарыста белсенді ойын көрсеткен Желтоқсан командасы ойыншылары назардан тыс қалмады желтоқсандықтарға  ұйымдастырушылар тарапынан айырықша алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етілді. Осылайша, желтоқсан батырларын еске алуға арналған алғашқы турнир мәресіне жетіп, қатысушалар алған әсерлерін  жарыса айтып тарқады. Бұл жарыстың дәстүрлі болуын сұраушылар қатары бұл күні көп еді. Оны жарыс  ұйымдастырушысы Ақын Ордабайұлы: « Алла бұйыртып келер жылға басымыз аман бауырымыз бүтін жетіп жатсақ, міндетті түрде жасауға тырысамыз деп сендірді.

Ия, Желтоқсан оқиғасына қатысқан ардақты азаматтарды  осындай  игілікті шаралармен еске алып, қуаныш сыйлаудың маңыз зор деп білеміз. Олар туралы аңыз қылып айтар уақыт күн  өткен сайын жақындай түсуде. Желтоқсан батырларын осындай  игілікті істер арқылы еске алып, құрмет көрсету жалғасын үзбесе екен деген тілеудеміз. Өйткені, қазақ қашанда батырын әспеттеп, барын дәріптеген ұлы халық. Жақсылық қылсаң, бүтін қыл-деген бабаларымыз. Жасар жақсылықты  кеш қалдырмасақ болғаны.

Қуаныш РАХМЕТ