Жеті қазына туралы.

Жеті қазына туралы.
жеке
блог

Менде өз пікірімді білдіргім келді, біздер кітаптарды көп оқитынбыз, біздердің сырласымыз да, мұңдасымыз да, ақылшымыз да кітап болатын. Өмірде кездесетін барлық сұрақтарымызға жауапты кітаптан табатынбыз, кітаптағы жағымды кейіпкерлкр де, жағымсыз кейіпкерлер де тәрбиелік маңызға ие деп түсіндік, жақсы адамдарға ұқсағың келсе, жағымсыздардай болмауға тырыстық. Оқығандарымды, естігендерімді, көргендерімді саралай келіп жеті қазына туралы осындай пікірге келдім.

 

Менің түсінігімде жеті қазына адамның(ер жігіттің) игілігіне өмір сүруіне ен қажет дүниелер.

1)    Көк аспан мен жұмыр жер

2)    Елің, жұртың

3)    Тіл, сөз

4)    Жүйрік ат

5)    Алмас кездік(қылыш)

6)    Жақсы ит

7)    Қара қазан

1)  Көк аспан мен жұмыр жер- бір тұтас әлем, бір тұтас дүние өйткені оларға(от, су, топырақ, ауа, күн, ай) ортақ, көктем келіп, жаңбыр жауса жерде түрлі шөптер, жеміс-жидектер өседі, сан алуан жануарлар мен құстардыңда ортақ мекені, оның бәрі адамдардың ол дүниеде керегіне жарайтын бір-біріне тәуелді, дүниесі, санын ешкім білмейтін, түпсіз, шексіз, шетсіз, сансыз байлығы, қазынасы.

Оған куә: Ы.Алтынсариннің «Таза бұлақ»- өлеңінің мына шумақтары:

Күн күйеу, жер қалыңдық сағынысқан,

Біреуіне-біреуі қосылыспай,

Көңілі күн лебіне тойғаннан соң,

Жер толықсып түрленер тоты құстай,- деп сомдап, көркейтіп жырлауы.

 Яғни, Көк аспан мен қара жер аман болса, тыныш болса, барша адамзат тыныш, бай, бақытты болады.

2) Ел-жұрт- жоғыңды жоқтайтын, киналғанда, тарыққанда қол ұшын созатын, керек жерінде қолдайтын, қолпаштайтын, тілекшін, ақылшың, қамқоршың елің, жұртын, халқың. Бүгінгі таңның өзінде қиындыққа ұшыраған жандарға қайғысын бөлісіп, тіпті Қытайда қамалып жатырған Ақжарқын Тұрлыханға түрлі көмек қолдарын созып жатырған артында елі, жұрты бар екенін көріп отырмыз. Басыңа іс түскенде, артыңда сөзіңді сөйлейтін жұртың, қаумалаған халқың, сүйеніш болатын елің болса, сен бақыттысың, сен байсың.

3) Тіл, сөз- адамның мықты қаруы. Бір ауыз сөз даңқыңды асырса, астарлы айтылған бір ауыз сөз менменсінгендердің мысын басқан, дауды шешкен, жауды жеңген, елмен-елдің қарым-қатынасын реттеген. Әлемнің барлық құпияларын ашып, адамдардың бір-бірімен ойларын ортаға салып түсінісетін, тарихты, ілімді, білімді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін құралымыз осы қасиетті тіліміз бен сөзіміз, яғни басты байлығымыздың бірі деп білемін.

4) Жүйрік ат- ердің қанаты, жолдасы.

5) Алмас қылыш(кездік)- ер қаруы. Бұл екеуі тар жол тайғақ кешуде бірге болған дүниелері.

6) Жақсы ит- малын жанына балаған қазақтың серігі, күндіз малын бағысып, түнде ұры- қарыдан, жыртқыш аңдардан қорғайды, иесіне қызмет етеді.

7) Қара қазан- әр шаңырақтың тапқан-таянған, дәм-тұзының, адал асының, бұйырған ырысының, татулықтың, ауызбіршіліктің берекесін келтіретін қасиетті, киелі дүние.

 

Жаратқан, осының бәрін адамдарға жұмыс істеуге, нафақа табуға лайықтап, ыңғайлап жаратқан деп түсінемін, сіздер қалай ойласыздар? Ойлап көріңдерші дұрыстыққа жанасама?

 

БҚО, Орал қаласы, Ипподромная 18/1

Салиева Асия Кизатқызы- зейнеткер