Өмірімізді өзгерту өз қолымызда ма?

Өмірімізді өзгерту өз қолымызда ма?
жеке
блог

   Балалық шақ, мектептік және студенттік өмір: менің қызығы мен шыжығы қатар өткен, ең ұмытылмас кездерім. Ол кездегі ортам, қызығушылықтарым, ой-өрісім, армандарым, жоспарларым мүлдем бөлек болды. Бірақ уақыт өте келе, бәрі де өзгереді екен. Бұрынғы сәттерің естелік ретінде қалары сөзсіз. Алайда, бұрынғы мен қазіргі өмірді салыстырып қарасам, арасы жер мен көктей. Неге дейсіз ғой, ол кезде қыдыру, қалаған нәрсеңе қол жеткізу, адамдармен араласып, сырласу деген болмады. Ал, отбасымыздағы берген тәрбие "әскери" тәртіпке ұқсайтын. Яғни бір ізбен кіріп, бір ізбен шығу. Тек ата-ананың рұқсатымен ғана. Барлығы өз орнында болуы міндетті. Тіпті "жасай алмаймын", "қолымнан келмейді" деген сөз аузыңнан шықпауы керек. Айтты ма бітті, орындауға тиістісің. Егер орындамасаң "наказание" аласың. Біздің үйдің "әскери" тәртібі осындай болатын. Оның үстіне қыз баланы темірдей тәртіппен ұстау, сіз ойлап көріңіз. Бір жағынан қызды солай тәрбиелеген дұрыста шығар. Одан ұтылмайсың, керісінше көп нәрсе ұтасың. Сол кездегі балалық шағым ауылда өтті, нағыз ойын баласы болып өстім. Мектепте белсенді оқушылардың бірі, әрі "мұғалімнің қызы" екенсің, артық қимылға жол жоқ. Оған қоса үйдегі "әскери" қатаң тәртіп бар. Сол әкемнің берген қатаң тәртібін арқалап, "студенттік" шаққа келдім. Бұл жерде де қандай оқушы болдың, дәл сондай студент болу керексің деген мида қатып қалған қағида бар. 4 жылым солай өтті. "Номер один" студент болу керексің. Басқаша мүмкін емес. Студенттік өмірдің қызығын әркім әртүрлі түсінеді. Мендегі студенттік өмір таңнан кешке дейін сабақ пен кітапханада өтті. Бірақ осының бәрі бір арнамен келе жатты. Бұл балалық шағымнан студенттік кездерімнің арасы.

    Ендігі бой жетіп, ақыл тоқтатарда еркін өмірді қалайсың. Бірақ бір қорқыныш бар. Өзің қалағаныңдай өмір сүруге не кедергі? Бір ізбен жүре берсең жалығады екенсің. Ал өзгерістер жолында қашанда біздің қорқынышымыз тұрады. Неліктен? Оны жеңу үшін не істеу керек? Осы сұрақтарға менің өмірімдегі өзгерістер жауап берді. Ең бірінші өзіңді еркін сезіне білу керексің. Онсыз басқалай болмайды. Одан кейін жаңа орта әрі қарай біздің жолымызды ашады, сол жолда кезіккен адамдардың өмір сүру қағидалары бізді де өзгертеді және олардың әр сөзінің өзінен санаңа жақсы ой қалыптастырып отырасың. Қызмет орнымызда да солай тәжірибе алмасып, жақсы адамдарыңды ұстаз етіп, көп нәрсе үйренесің. Сондай-ақ өзіңе ұнайтын сәніңді қалыптастыру, достар, құрбы-құрдастармен көңіл көтеру, шет елдерде қыдыру, сүйікті ісіңмен шұғылдану, қалаған нәрсеңе қол жеткізу, армандарыңның орындалуы және т.б. арқылы өмірімізді мүлдем басқа арнаға өзгертуге болатынына көзім жетті. Қатып қалған қағидамен өмір сүруге болмайды. Барлығымыз қызықты нәрселерге ынтазармыз. Ешқашан шектеу қоймау керек. Ал ол өз қолымызда!

P.S. Мен бақыттымын! Өмірімде өзгерістер болған сайын, жаңа идеялар пайда болады, ал оны іске асыру үшін тек өз күшіме ғана сенемін. Ең бастысы "қолымнан келмейдінің" орнына әрекет етіңіз.