«Ұлы дала аманаты» жас тарихшылар байқауы

      «Ұлы дала аманаты» жас тарихшылар байқауы          

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде білімге деген талпыныс, ғылымға бағытталған ізденіс аясында іс-шаралардың, ғылыми байқаулардың легі толастамақ емес. Бұл тізімді 2019 жылдың желтоқсан айының 12- жұлдызында әл-Фараби кітапханасында Тарих, археология және этнология факультетінің ұйымдастыруымен «Ақ жол» демократиялық партиясының Алматы қалалық филиалы және «U38» университеттер альянсі өлкетанушылар мен этнографтар клубының қолдауымен «Ұлы дала аманаты» тақырыбындағы жас тарихшылар байқауының қорытынды кезеңі толықтырды. Байқаудың басты мақсаты – студенттердің шығармашылық қабілеттерін ашу, интеллектуалдық потенциалын қалыптастыруға жағдай жасау, ғылыммен айналысуға қызығушылығын дамыту, жас ғалымдарды заманауи мәселелерді шешуге қатыстыру,  дарынды және талантты жастарды  таңдау әрі оларға қолдау көрсету болатын.

         2019 жылдың маусым айынан бастау алған  жас тарихшылар байқауының бірінші    кезеңінде еліміздің түкпір-түкпірінен 200 ден астам қатысушы өз жұмыстарын ұсынды, ғылыми талаптар негізінде осы жұмыстардың 100-і келесі кезеңге жолдама алып,  әрбір қатысушыға ғылыми жоба дайындау  тапсырылды. Жобалардың ғылыми маңызын, тарихи жаңалығын, құрылымына баға беру нәтижесінде байқауымыздың қорытынды кезеңі өз мәресіне жетті. Байқау қорытындысында жүлделі І-орынды Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Тарих, археология және этнология факультетінің 3 курс студенті Башембаев Сарсен иеленсе, II және III- орындарды М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінен келген 4 курс студенті Сақтаған Гүлсезім Еркінқызы және Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университетінің 1 курс докторанты Крупко Игорь Владимирович өзара бөлісті. Жүлдегерлерге 100, 75, 50 мың көлеміндегі ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

      «Ұлы дала аманаты» - бүгініміз бен ертеңімізді болжалдай келе, бабаларымыз сыйға тартқан жердің сан ғасырлық жүйесін сақтай отырып, жаңа заман идеологиясына бағытталған жаңғыруды жолға қоюдың сапалық бағыты болуы тиіс. Осы негізде қоғамның құнды капиталы, ел іргесінің басты тірегі білімге бет бұрған жастарымызды қолдау, олардың рухани дүниесін толықтыруды жолға қою басты міндетіміз. «Бүгінгі күн - ертеңгі тарих» - дегенді алға тартсақ, әр күніміз, әрекетіміз – тарихқа таңба болар тұста, қазақтың дархан даласының аманатын әр ұрпақ арқалап жүргенімізді естен шығармайық.   

                                                                                                                                   

                                                                                                       әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 

                                                                                                      2-курс магистранты Арнұр ӨМЕН

                                                                                               Ғылыми жетекшісі:Сәуле УДЕРБАЕВА



Бөлісу: