Отбасы құндылықтары

Отбасы құндылықтары
жеке
блог

   Халық арасындағы «Отан отбасынан басталады» деген қағи­­даға айналған сөз қай кезде болсын өзгер­ген емес, өзгермек те емес. Елбасымыз «От­басы – Қазақстан қоғамы­ның дің­гегі, экономикадағы, мәдениет­тегі, әлеуметтік саясаттағы барлық жаңа жетістіктерінің негізі» деп бұл мәсе­ленің қоғам үшін қаншалықты маңызды екендігін көрсетіп берді. Отбасы - кез келген адам өмірінің ең маңызды бір бөлігі. Туған ұясы атанған отбасы қажеттілігін ешқашан жоғалтпайды. Өйткені, ол белгілі бір әлеуметтік институт. Тәрбиенің негізі жанұядан бастау алатындықтан, оған немқұрайлылық таныту мүмкін емес. 
   Қазақта «Ұяда не көрсең ұшқанда, соны ілерсің», «Ата көрген, оқ жонар, Шеше көрген тон пішер», «Кішіге ізет, үлкенге құрмет», «Атаға не қылсаң, алдыңнан сол келеді», «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген көптеген өлшемдер бар. Осы өлшемдерге қарайтын болсақ, бар мәселе отбасынан басталатынын ұғуға болады. Ұлт болашағында отбасы ең басты тұғырды иеленеді.
   Отбасылық құндылықтарының мәуелі бәйтерегі ол ана. Ана өз ұрпағына дұрыс жолды меңзеп, жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге, рухани бай болуымызға, халық үшін жанымызды пида етуге септігін тигізеді. Ананы әр үйдің шам-шырағы, жанған бағы, құндылықтардың негізін салушы деуге болады. Анадан алынған тәлім-тәрбие өмір бойына созылады, оның бітіп қалатын тарифі жоқ. Жанұядағы ана орны ерекше болып қалмақ: “Ол алғашқы күннен бастап,басты борышын, яғни тәрбие жұмысын атқарады”. Бойларымызға жақсылықты дарытқан, мардымды істер жасауға дағдыландырған барша аналарға мың алғыс! 

   Шаңырақ құндылықтарының екінші бір сатысы жақындарымен жалғасын табады. Мәселен, жанұядағы ата мен әженің рөлі де айрықша. Олардың дүниеге деген көзқарастары мен өзіндік талғамдары жасы кіші балаға өнеге болары анық. Кішкентай кезінен атасының, не болмаса әжесінің айтқандарына құлақ түретін ұрпақ болса, оның арты тек жақсылыққа әкеледі. Тәлім-тәрбиенің негізі ата-анадан кейін қастарындағы жақын адамдардан үлгі алу арқылы қалыптасады, өзіндік жеке ұстанымдарды дамытуға септігін тигізеді. Сол бір сәтте баланың жанына демеу бола тұрып, оған тәрбиенің дұрыс берілуін қадағалау маңызды рөл атқарады. Ұлы Абай атамыз былай деген екен: «Балаға көбіне үш алуан түрлі мінез жұғады: біріншісі - ата-анадан, екіншісі - ұстаздан, үшіншісі-құрбысынан». Сондықтан қаншалықты шаршап-шалдығып жүрсе де, ата-ана бала тәрбиесіне мән берулері тиіс. Ұрпақтар сабақтастығы тек осылайша жалғасын таппақ.
   Тәуелсіздік алған кезде отбасы құндылықтарын нығайту жөнінде бірқатар шаруалар атқа­рыл­ған еді. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саналы да білім­ді ұрпақ, бәсекеге қабілетті ұлт, бақытты отбасы жағдайын қалыптастыруға бағыт­талған сындарлы саясатының нәти­ж­есінде, ана мен баланы қолдау бойын­ша бағдарламалық құжаттар мен гендер­лік теңдікті сақтау стратегиясы қабылданып, мемлекеттік деңгейдегі отбасылық саясатта тұтастай жүйе қалыптасты. Сонымен қатар, көп балалы отбасыларды әлеуметтік қорғау бағытындағы мемлекеттік жәрдемақы түрлерінің әр жыл са­йын артып, көптараптанып келе жатқанын аңғару қиынға соқпайды. Осындай мақсаттарға арналып, 2017 жылғы республикалық бюджет қорынан 149,7 млрд теңге қаржы қарастырылған, әрі он жыл сайын кемінде 15%-ға артып келе жатқаны жасырын емес. Әр жылы тұрақты түрде өткізіліп тұратын «Мерейлі Отбасы» бай­қауын­да еліміздегі ең үлгілі саналатын отбасы­лар­дың тағылымға толы өмірлері насихатталып, түрлі айтулы марапатқа ие болуы да, елі­мізде дәс­түрге айналып кетті. Әлбетте, отба­сы­­лық саясаттан бөлек,араша тұрған отбасы­лық құн­дылықтарды да ұмытуға болмайды. Ол хал­қы­мыздың тарихымен бірге сабақтасып келе жатқан отбасылық дәстүр­лер, этикасы мен мәдениеті болып табылады. Жанұяның қалыптасып, дамуына қоғам­ның қалыптасуының рөлі айрықша маңызды саналады. Отбасы құндылықтарына негізделген салт-дәстүрлерді ұлықтау - әр шаңырақтың өзіндік міндеті болып саналады. Кез келген жанұяның өзгелерден ерекшеленетін құндылықтары болады. Олар бұрыннан келе жатқандар немесе жаңадан пайда болғандар да болуы мүмкін. Алайда, отбасыдағы құндылықтардың негізі махаббаттан, сенімнен, өзара түсіністіктен бастау алып, алдағы өмірде де жалғасын табады десем, жаңылысқандық болмас. Өйткені, олар ғасырлар бойына маңызын жоймайтын құндылықтар. Осы бір құндылықтарды әрбір отбасы көздерінің қарашығындай сақтап,қастерлеп жүретін болса, нұр үстіне нұр болар еді. Кейінгі ұрпақ тәрбиесінде де орасан зор рөлді иемденетіні сөзсіз. Кез келген бүлдіршін - ата-анасынан, тума-туыстарынан және жақын адамдарынан үлгі алып жүреді. Сол себепті, ертеңгі өмірдің болашағы, яғни жас балаға тәрбиенің мәнділігін, оның қаншалықты маңызды екендігін үнемі түсіндіріп отыру қажет. Ғасырдан ғасырға, жылдан жылға дәстүр болып жалғасын тауып келе жатқан отбасы құндылықтарының мәнін кетірмей, керісінше өркендеп, алға басуына септігімізді тигізейік. Отбасылық құндылықтарды қастерлеп, оларға кір келтірмей жүру - барша халықтың басты парызы.
   Жанұя - адамзаттың алтын діңгегі іспеттес, оның ұрпаққа деген ықпалын өмірдегі ешбір күшпен салыстыруға болмас. Жастарды ұлттық нышандағы құндылықтарымызды бағалауға, оларды сақтай отырып, келер ұрпаққа жеткізуге тәрбиелеу бүгінгі таңның өзекті мәселесі. Жанұя - жеке құндылықтарды қалыптастырудың қайнар көзі, тәрбиенің бастауы, әр үйде балалар санасына ұлттық құндылықтарға деген көзқарастарды, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды, даналық сөздерді, тәрбиенің жоғарғы үлгілерін сіңіретін де отбасы. Осы негізде отбасынан жалғасын табатын құндылықтар негіздерін ұмыт қалдырмай, жаңғыра түсейік, рухани болмысымызды жоғалтпайық!