Негізгі / Доп додасының деңгейі артып келеді
Доп додасының деңгейі артып келеді

Көкпекті ауданы Көкпекті ауылында шағын футболдан Тәуелсіздік күніне орай 2004-2005 жылдары туған жасөспірімдер арасында аудандық турнир өтті.

Ауданда ызғарлы желтоқсанда жанқиярлықпен қаза болып, басын қатерге тіккен жандарды еске алуға арналған шаралар көптеп өткізілуде. Айталық, күні кеше Самар ауылының Ж.Болғанбаев атындағы мектеп-лицейінде өткен ашық сабақ, аудан көлеміндегі волейбол, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, қол күрес сынды спорттық шаралар маңыздылығын жоғалтпай, өз деңгейінде өткізілді. Осының барлығы да аудандық білім бөлімінің күнтізбелік жоспарына сәйкес ұйымдастырылған. Одан бөлек, жоғарыда айтып өткеніміздей, тартысқа толы өткен теңбіл доп додасы. Білім бөлімінің әдіскері Талғат Қасайновтың сөзінше, мұндай жарыстар келер жылы да жалғасын таппақ. Көкпекті ауылының Ж.Шайжүнісов атындағы орта мектебінде ауданның түкпір-түкпірінен жоғары дайындықпен келген ұжымдар біршама шиеленісті ойындар көрсетті. Қатысқан командалардың ұзын-саны – 9.

Әу баста Самар ауылының Ж.Болғанбаев атындағы мектеп-лицейі мен Ж.Шайжүнісов атындағы орта мектеп оқушылары үздік ойын өрнегін көрсете білді. Бұлардан қалыс қалмауды жөн көрген Үлкенбөкен мектеп-балабақша кешенінен келген жас аяқдопшылар да жүлдегерлер қатарынан көрінуді көздеп келгендіктерін байқатты. Қорытындысында, үлкенбөкендіктер жаттықтырушысының үкілеген үмітін ақтап, жарыс жеңімпазы атанды. Сайыс иелері, яғни Ш.Жайжүнісов атындағы орта мектеп оқушылары екінші, ал Ж.Болғанбаев атындағы мектеп-лицейінің ұжымы үздік үштікті түйіндеді.

 

Әділхан Есімханов