Бақыт деген...

Бақыт деген...
жеке
блог

   Бақыт - кез келген адамның ішкі тебіреніске, толғанысқа толы ерекше бір сезімі. Бақытсыз ешкім өмір сүре алмайды-ау, сірә. Ол адамның руxани азығы, сарқылмас күші мен маржандай асыл тасы. Меніңше, бақыттың негіздері біршама. Ең алдымен, бақыттың нағыз жанары-ата-ананың барында, олардың дендерінің саулығында, жүректеріндегі қуаныш пен риясыз күлкілерінде... Расында да, ата-ана әр баланың жанашыры, қорғандары мен сүйеулері. Оларсыз ешбір бала өзін қауқарлы сезінбес. Сүрінсе - демеп, әрдайым қолдау көрсетіп жүретін тек қана әке мен ана. 
  Бақыт - ол әр кісінің басынан өткен балдай тәтті балалық шағы. Балалықпен ескермей кеткен талай жәйттар қазір көз алдымда. Еш уайым - қайғысыз, жайбарақат кез деп бала кезді айта аламын. Еш нәрсемен жүйкені жұқартпай, басты да ауыртпай жүретін - "балалық". Әркез шат-шадыман күй кешіп, мәз-мейрам боп күлетін - "балалық". Дүниедегі бұл ерекше шаққа ештеңе де жетпес.
  Бақыт - ол жастық. Балғын жастық шақ. Жас кездегі бақытты сезінудің өзі бір бақыт. "Жастық-жалын" деп бекерден-бекерге айтылмаған. Осы мезгілдегі көктем айы ерекше өтеді. Жастықтың ынта-ықыласы, талабы бақыт сыйламай тұрмайды. Керемет, бәрінен де өзгеше әсерге бөлеп, бүкіл әлеммен сәйкестік пен үндестікте болатын мезет-жастық шақ. Бұл кезең - қажымас қайрат пен жігердің шыңы, биік мұнарасы. Сондықтан да, жастық кез ұлы бастамалар жинағы. Осы сәтте жайқалмай, гүлденбегенде, бақытты сезінбегенде қашан көркейеміз? Өмірде бақытты болудың жолдары жетерлік. Өз-өзіміздің көңілдерімізді көтермесек, бақыт нұрына бөленбесек, бұл жалған да өзінің әсемдігін жоғалтады деп ойлаймын. Осы әлем тек бақытпен ұштасады. Біздің жаһанымызды мың құбылтып, түрлендіре алатын - бақыт. Онсыз дүние күрең күз, қатаң, әрі қалың қыс мезгіліндей, күңіреп, тұнжырайған аспандай, солып қалған гүл тәріздес болар еді.
  Бақыт - күндей жарқыраған, жұлдыздай жымыңдаған балғын сәт. Менің бақытым-жүрегімде, жаймашуақ, әсерлі күндерімде. Бақытқа жету жолын мен өзім жасаймын, өзімнің іс-әрекеттерімнің нәтижесіне де мен ғана себепкермін. Көбісі бақытты болудың сырын іздеп, әуре-сарсаңға түседі. Алайда, бақыттың дәл жанында екендігін көп түсіне бермейді. Бақыт - ол адамның денсаулығы, оның күнделікті жұмысы, еш қайтарылмас бағалы уақыты, қасындағы жақсы көретін жандары...  Кейбірі бақытты ақша мен мал-мүлікте, атақ пен даңқта, мансап пен дүниеқұмарлықта деп ойлайды. Әрине, бұл жалған пікір. Мұның бәрі де бүгін болса, ертең болмайды. Олардың арттарынан жүгіру -  бос әурешілік. Сол себепті, қазіргі сәтте қасыңнан табылған ізгі ниетті жандарды бағалап, олардың қадірлерін түсіну маңызды.
  Сөз соңында, "бақытты сырттан емес, өз жүрегіңнен таба біл" деп айтқым келеді.