Балаңыз кезекті жүзеге асырылатын бизнес жоспар емес!

Балаңыз кезекті жүзеге асырылатын бизнес жоспар емес!
жеке
блог

  Атам қазақта “жеті жастағы балаға жасаған жақсылық жетпісте ұмытылмайды” дейтін ұлағатты сөз бар екенін айтып отыратын. Бұл сөздің түпкі төркіні сонау баланың тал бесіктен бастау алатын тәрбиесінде жатыр. Баланың кіші кезінде отбасыдан үйренген, көргені санасында сақталып қала береді. Әрине, қоғамдағы әр отбасы әртүрлі. Сондықтан да тәрбиенің жағымды да, жағымсыз да тұстары қалыптасады.

 “Жақсы адамнан жақсы бала туады” дегенді естиміз. Бірақ, жақсы ата-ана дегеніміз кімдер? Жалпы ата-ана ретінде сіз балаңыздың бойынан қандай қасиеттерді көргіңіз келеді? Балаңыз қандай болуы керек? Сұрақтарға іштей жауап беріп болған болсаңыз,  тағы да мына сұрақтарды өзіңізге қойыңыз:

1. Балаңыздан кешірім сұрай аласыз ба?                                                 

2. Сіздердің байланыстарыңызға не кедергі?                                                                    

3. Сіз өз балаңыздан нені үйренуге дайынсыз?                                                                 

4. Сіз баладан нәтиже күтесіз бе? Ал, өзіңіз қандайсыз?

   Байқасаңыз сұрақтар жеңіл, алайда жауап беру ойландырарлық үлкен мәселе. Адам бір іс жасайтын болса міндетті түрде әрекетке әсер ететін нормаларға, жалпы айтқана теорияға сүйенеді. Бала тәрбиесінде мұндай абсолюттік норма не болмаса қатып қалған заң жоқ сияқты. Бір адамның ашық алақаны екіншіге тигенде екі адам арасында байланыс орнайды. Отбасындағы қарым-қатынаста келісімділік болғаны абзал. Ол әке мен баланың, анасы мен баласының, ата-ана арасында болуы тиіс дидактикалық тактика. Ғалымдардың пайымдауынша, баланы махаббат пен мейірімділік атмосферасында өсіретін болса, бақытты және жолы болғыш адам болатындығы дәлелденген екен. Менде осы оймен келісемін. Отбасындағы тыныштық және бір-біріне деген жылулық әрқашанға адамға сенімділік береді. Өмірде орын алатын жағдайлардан қорықпай, оларды еңсере алады. Махаббатты көрсетудің әртүрлі тәсілдері бар. Соның бірі - құшақтасу. Медицина мен психология мамандары отбасында құшақтасудың қажетті екендігіне көз жеткізген. Бұл махаббатты сырттай білдіру болса да, әрқашан да ыңғайлы, барлығына жағымды және кез-келген жасқа қажетті екенін айтқан. Сондықтан еш қымсынбастан өз бауырларыңызды, отбасы мүшелерін, жақындарыңызды құшақтап, жақсы көретініңізді айтып отырыңыз. Оларға ол ерекше әсер ететіні анық. Бала тәрбиесінде үлкендердің тәжірибесі мықтырақ екенін мойындау керек. Осы тұста әжемнің көп қолданатын әдістермен бөліскем келеді:

Балаға дауыс көтермеу. Сөзіңізді ұрыс-жанжалсыз, артық ашуландыратын қылықтарсыз ақылмен істетуге тырысыңыз.

Бұйрық емес, таңдау беріңіз! “Бар ұйықта!” деудің орнына, “Қазір жатасың ба, әлде 5 минуттан соң ба?”, “Мектептен бірде келесің бе, әлде кешігесің бе?”, “Мен ұсынғандай істеп көрсең қайтеді?” сынды баланың өзі шешім қабылдайтындай жағдай жасаңыз.

  Кішкентай кезінен өзі шешім қабылдай алмайтын, өз ойын білдіре алмайтын бала, өзін жоғалтады. Қоғамға біз дайын құлтемір адамдарды жасап шығаруға ықпал етеміз. Ол дегеніміз болашақта өзгенің дегеніне тәуелді адам болып қалыптасады. Тәрбиедегі сәтсіздіктер тікелей қоғамға да зиянын тигізеді. Өз отанын, өз отбасынын сүйетін бала ғана көгеріп, елінің сүйікті азаматы бола алады.  

  Сіздің ойыңызша қоғамда ең үлкен қауіп қандай? Сіз ойлаған педофилия, интернетке тәуелділік, әлімжеттік, жаман нәрселерге жақын болу емес, керісінше ата-ананың беретін тәрбиесінің қауіпі күштірек. Бала - кішкентай, кінәсіз, үлкен өмірдің қиындықтарын білмейтін қорғансыз адам. Олар үлкендердің қолдауына, көмегіне мұқтаж. Оларды дұрыс жолға салу тікелей ата-анасы, жақындарына міндеттелінеді. Менің ойымша отбасында ата-ана фундамент. Егер кезінде фундамент әлсіз жасалған, өз жұмысын дұрыс атқара алмайтын болса үлкен проблема сонда. Оны шешу керек! Бала ол Алла Тағаланың сізге берген сыйы. Қаншама адамдарың ішінен сізді таңдады, ал сіз кереметтей бөбектің ата-анасы болуы мәртебесіне ие болдыңыз. Әр баланың несібесі, өз болашағы, өз қиыншылықтары болады. Оларға дұрыс жол нұсқар ол сіз өзіңізсіз. Ата-ана ретінде балаға беретін ең үлкен сыйыңыз ол бейқам балалық шақ пен бақытты ету. Одан асқан құнды зат жоқ.

  Балаңызды жақсы көріңіз. Ол сіздің қаныңыз. Тыңдап, түсіне біліңіз. Оны кезекті жүзеге асырылуы тиіс өзіңіздің жоспарыңызға айналдырмаңыз. Оның өз өмірі болуы тиіс екенін де ұмытпаңыз. Тым еркінсінітіпте жібермеңіз. Бастысы жанынан кез-келген уақытта табылуға тырысыңыз, ақыл-кеңесіңізді айтып отырыңыз!