Тіл тағдыры - ел тағдыры

Тіл тағдыры - ел тағдыры Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде қоғам тұтастығының бірден-бір факторына айналуы тиіс. Оған барлық қазақстандықтар азамат ретінде атсалысуы керек. Бұл ретте бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалы орасан зор болмақ. Олар тіл мүддесін қорғап, тіл зәрулігін қамтамасыз етуде тек мемлекеттік органдарға талап қоюшылықпен ғана шектелмей, оған тиісті көмегін тигізуі қажет. Қазіргі жаһандану кезеңінде еліміздің ақпараттық кеңістігін әлемдік стандарттарға сәйкес дамыта отырып, мемлекеттік тілді ұлттық қауіпсіздіктің маңызды бір нысаны ретінде жетілдіруді және қорғауды қамтамасыз еткеніміз абзал. Тіл арқылы біз тілдесеміз, білім аламыз, мамандықты игереміз. Ана тілі бұл – туған ұлтыңның тілі. Тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол – ұлттық дініміздің көрініс табатын әлеуметтік құбылысы, мәдениетіміздің биік тұғыры да. Сондықтан тіл әлемдегі ұлттық мәдениеттің ара қатынасында аса маңызды рөлге ие. Тіл арқылы даналар сөзін оқып білеміз, одан ғибрат аламыз. «Өнер алды – қызыл тіл» деген даналық сөз осыдан шыққан болар. Ана тілі бойымызға ана сүтімен тараған қасиет. Оны сақтай, қадірлей, құрметтей білу біздің міндетіміз. Осы тұрғыда Қазақстан президентінің тіл мәселесіне қатысты тағы бір жарлығы – «Латын әліпбиіне ауысу». Ана тілімізді толыққанды сіңірмей, латын әліпбиін қолданысқа енгізуге деген пікір қандай? Бұл дұрыс шешім бе? Бүгінгі күнге дейін Тіл саласының білікті мамандары латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиінің жобаларын жасауды қызу талқылап, ойларын да бөлісті. Айта кетсек, солардың бірі - филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбек: «Латын әліпбиіне көшудің қиыншылығы қазіргі біздің қолданып жүрген әліпбиіміз қазақтың төл әліпбиі емес, орыс тілімен араласып кеткені, бізге өзге тілден енген дыбыстар араласып кетсе онда кедергілер туындайтынын, латын әліпбиіне төл дыбыстарымызды баптап, соның аясында көшуін және қазақ жазуына тек әліпби ауыстыру ғана емес, түбегейлі реформа керек екенін, ол реформа үш мәселені дыбыс, әліпби және емле ережені бірдей қамтиды – деп айтты. Ал, Қазақстан парламенті мәжілісіндегі «үкімет сағатында» мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Республиканың латын әліпбиіне көшуі – заман талабы. Егер Қазақстанның ғылыми-педагогикалық қоғамы шынында да осы идеяны қолдайтын болса, онда латын әліпбиіне көшу керек. Бұл біздің қоғам үшін тиімді», – деп мәлімдеді. Бұл латын әліпбиіне кереғар пікір білдірушілерде аз емес. Қазақстан Республикасының журналитер одағының мүшесі, түркітанушы Аманқос Мептеп – тегі Құлтанұлы: «Мүлдем көңіл толмайды. Себебі бұл мәселемен айналысып жүрген ғалымдардың алфавит таңдаудағы басты принципті түбегейлі айқындалмаған деп есептеймін. Кез келген елдің төл алфавиті – сол халықтың сал–тдәстүр, әдет–ғұрып, ырым–сырым, сана–сезім, мінез–құлқынан бөліп қарауға әсте болмайтын ажырамас бөлшегі, негізгі мемлекеттік атрибуты. Оны пайымдай алмайтын ғалым – ғалым емес. Латынды қолдаушылар – қазақты жаһанданудың қақпанына итермелеп отырғанына ғылыми әлеуеті, өре деңгейі жетпей отыр. Енді латын қарпін алған жағдайда әлемдік ақпараттық кеңістік нөсердей жауған ағылшын тілінің құрсауынан қазақ тілінің табиғатын қалай қорғаймыз деген сақтықты неге ойланбасқа. «Үш тұғырлы тіл саясатымен» қатар ресми алфавитімізді латынға көшірсек, бабадан мұра болған қазақ тілімен мәңгі қош айтысуға тура келеді. Орыс тілді қазақ билігінен құтыла алмай отырғанда, ағылшын тілді қазақ билігі мәңгі тұғырынан таймайтын болады. Мемлекеттік тілді мемлекеттік деңгейге көтеру – мемлекеттің өз құзырында», – деп қарсы пікірін білдірді. Тіл туралы заңды алсақ. Заңның 4-бабында «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін және ісқағаздарын жүргізу тілі», – деп жазылған. Бірақ та, айтылғанымен, жазылғанымен бір құжатты алсақ, кез келген мекемеде алдымен ол орыс тілінде даярланады. Ол нені білдіреді? Демек ана тілімізді толық білмеуімізде. Еліміз ақыры тәуелсіз ел екен осыған орай, онда тіліміз де жеке дара тәуелсіз болуы керек емес пе? Біздің бұрынғы ұрпақ жете алмаған арман-мұраттарға біз жетуіміз керек деп ойлаймын. Қазіргі таңда соған орай, бірталай мүмкіндіктер толық жасалып келеді. «Еңбек – түбі береке» деген мақал босқа айтылмаған. Сондықтан күш-жігерімізді аямай, толық еңбек етіп, табысты жұмыс жасауымыз керек. Тәуелсіз еліміз үшін аянбай еңбек етсек, еліміздің өркендеуіне зор үлес қосқанымыз деп ойлаймын. Елбасымыздың бұл Жолдауы халқымыздың басын біріктіру ісінде зор үміт күту емес пе?! Қазақ тілін білу еліміздің әрбір тұрғынының кәсіби қажеттілігі ғана емес, сонымен қатар азаматтық парызы болуы қажет. Мемлекеттің тілді білмейтін түлектерді шығаратын жоғарғы оқу орны бар мемлекетті табу қиын. Өз сөзінде Президент Н.Ә.Назарбаев: … Қазақстанның жастары мынаны білуі тиіс: мемлекеттік тілді білмейінше, мемлекеттік органдарында немесе сот саласында жұмыс істеу мүмкін болмайды. Мемлекеттік тілде қойылған сұрақтарға сол тілде жауап беруге тура келеді. Уақыт бар, мүмкіндік бар, мемлекеттің қолдауы бар — өз функцияларыңды қажетті деңгейге жүзеге асыру үшін тілді үйрену керек деген болатын. Қорыта айтқанда, өз ана тіліміз – біздің намысымыз. Өз намысымызды да, өз тілімізді де қорғау біздің иығымызға жүктелген парыз. Сондықтан бабалар үмітін ақтап қалатынымызды, тілімізді биіктен көрсететінімізді дәлелдейтін нағыз тіл жанашырлары екенімізді ұмытпаған жөн. Елбасымыздың осы Жолдауы қазақстандық жастарды біріктіріп, биік белестерден көрінуге апаратын жарқын жол деп есептеймін. «Бір мақсат, бір болашақ, бір мүдде болу үшін бір жеңнен қол, бір жағадан бірігіп бас шығарып еңбек етуіміз керек» деп Елбасымыз айтқандай, осы жолда барлығымыз бірігіп жұмыла жұмыс жасасақ, биік белестерге жетіп, сонда ғана Қазақ елін жарқын болашақ күтетініне кәміл сенемін!



Бөлісу: