Тәрбие басы – тіл

Тәрбие басы – тіл
жеке
блог

 

Қазақ тілі қазақ халқының жан сезімін және рухани байлығын ғасырдан-ғасырға жалғастырып келе жатыр. Жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ұлт болғың келсе, бесігіңді түзе» деуі тегін сөз емес. Тіл – тазалықтың, пәктіктің, имандылықтың белгісі. Тіл – тәуелсіздігіміздің қуатты құралы, асыл ой мен парасат белгісі, елдігіміз бен бірлігіміздің туы. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері жүргізіліп келе жатқан тіл саясатының арқасында қазіргі таңда тіл туралы оңды қоғамдық көзқарас қалыптасып отыр. Мемлекеттік тіл мәртебесіне ие қазақ тілі бүгінде ұлттық руханиятымыздың өзегіне айналды. Көпұлтты мемлекетте қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне сай қызмет етуін қамтамасыз ету – өте күрделі мәселе. Осы тұста мемлекеттік тіл саясаты дұрыс бағытта жүргізіліп келе жатқанын баса айтуға тиіспіз. Үкімет мемлекеттік тіл – қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, оны азаматтардың барлығы меңгеруі үшін қажетті материалдық-техникалық жағ¬дайларды жасауға көмектесуде. Мем¬лекеттік тіл шын мәнінде ұлттық сая¬саттың өзегі, діңгегі дейтін болсақ, қазақ тіліне басымдық беріп, техника, экономика, саясат тіліне айналғаны жөн. Иә, айта берсең, қазақ тілі туралы проблема көп. Жаза берсең, таусылмайды… Қай кезде болмасын тіл мәселесі – сол тілде сөйлейтін, сол тілден сусындаған, ұлттық, ділдік белгісі болып саналатын халықтың мәселесі. Әрбір халықтың ана тілі бар десек, өз ана тіліміздің барша болмысы, тіпті оның әрбір дыбысы мен жалғау-жұрнағы әрбір шынайы азаматқа танымал, мәдени-әлеуметтік өмірде өзіндік мәні бар киелі ұғым. Қоғам қайраткері Дос Көшім: - «Қазақ тілінің мәселесі «рухани жаңғырудан» басталған жоқ және оны «рухани жаңғыру» да шешпейді. Бұл — біздің қоғамымыздың дерті, қазақтың намыссыздығы мен рухынан ада бола бастағанының көрсеткіші. Мемлекеттің қазақ тіліне деген көзқарасы, өкінішке орай, өзгерген жоқ. Меніңше, өзгермейді де… Естеріңізде болар, «Президент Парламент пен Үкімет тек қана қазақ тілінде сөйлесін» деп еді, сол сөздің жаңғырығы бітпей жатып, Ақпарат министрі «тек қана» деген сөз тіркесін «жоғалтып жіберуге» тырысты, - дейді. Сондай-ақ саясаткер мемлекетке, мемлекеттің қызметкерлеріне қазақ тілінің қажеті шамалы, алайда қоғам деген тағы бір күш бар. Қазақ деген тағы бір ұлт бар. Әрине, қоғам мен сол қоғамға қызмет жасаушы биліктің екі түрлі ұстанымда болуы жақсылық емес, бірақ бұл мәселеге 30 жылда киноның билеттерін немесе кассаның талонын мемлекеттік тілде бере алмай отырған Мемлекет қана кінәлі екендігін жеткізді. Енді баяндаманың басын бірауыз қазақшамен бастап, соңында бірауыз қазақшамен бітіретін жандар туралы бірауыз сөз қозғасақ. Осыдан бірнеше жыл бұрын елімізде латын әліпбиі туралы мәселе көтерілгенде, әсіресе сыртта жүрген қазақ жастары қатты қуанды. Сол кезде Ресей мемлекеттік мұнай-газ университетінің түлегі Ұлан Бақытұлы латын әліпбиіне қатысты сыртта білім алып жүрген қазақ жастарының бірлесіп дайындаған жобасын «Астана ақшамы» газетіне жолдаған еді. Онда ОҚМУ филология факультеті деканының орынбасары Айнұр Жүнісова латынға көшудің заман талабына сай жаңа үрдіс екендігін жеткізді. Оның айтуынша, бұл ғылыми процестің ерекшеліктеріне ғана емес, бүкіл оқу үрдісіне де өзгерістер әкеледі. Латын қарпіне көшу түркітілдес халықтармен ынтымақтастықты нығайта түседі. Сонымен қатар, бүкіл әлеммен ғылыми және мәдени байланыс орнатуға көмектеседі. Латын қарпіне көшуді Қазақстан халқы Ассамблеясы қолдап отыр. Этномәдени орталықтарының өкілдері бұл процесс қазақстандықтардың ғылым мен техниканың әлемдік жетістіктеріне қол жеткізуге мол мүмкіндік беретінін айтады. Алматы қаласының Жоғары оқу орындарының студенттерімен кездесуде Ассамблея мүшелері тіл реформасын егжей-тегжейлі талқылап, оның қоғамдық сананы жаңғырту жолындағы ерекше рөлін атап көрсетті. Бұл пікірді сыртта жүрген әсіресе, қазақ бауырларымыз көп айтады. «Латынға көшу арқылы әлем қазақтарының басын қосуда үлкен жеңіске жетуге болады. Қазақ жазуының бірлікке келуі арқылы ел бірлігін нығайтуға, әлем қазақтарының мәдениет және тәжірибелерін алмастыруда игі істер атқарылар еді» дейді шетте жүрген қандасымыздың бірі Ұлан Бақытұлы. Оның айтуынша, ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың «Қазақтардың басын қоспай, қазақ қазақ болмайды» деген сөзін естен шығармауымыз керек. Қазақ тілі – халқымыздың рухани байлығы, атадан балаға, ұрпақтан –ұрпаққа мирас болып қалып отырған баға жетпес асыл мұра. Ана тілдің қасиеті туралы қанша айтсақ та таусылмайды. Азаматтың қолындағы барлық асыл заттары тозады, жоғалады, ал тіл тозбайтын ең қымбат мұралардың бірі. Қазақтың біртуар ақыны М.Жұмабаев: “Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады” - деген. Тіл байлығы - әрбір ұлттың мақтанышы. Әр азамат өзінің ана тілін, көзінің қарашығындай қарауы және ана тілінің орынсыз шұбарлануына қарсы тұруға тиісті.