Мен неге қайныларымның атын айтпаймын?

Мен неге қайныларымның атын айтпаймын?
жеке
блог

Ең кішілері осылар болған соң, тақырыпты қайныларым деп алдым. Мен қайын ағаларымның, қайын бикелерімнің, абысындарымның, қайын іні мен қайын сіңлілерімнің де ешқайсысының өз атын атамаймын. Барлығына келіні ретінде, жеңгесі ретінде қойған атым бар. Тіпті баяғы заманда қайтыс боп кеткен атаның да, түрін суреттен ғана көрген ата-енемнің де атын атамаймын.

Туыстарымыз кімге қандай ат қойғанымды бастапқыда қайта-қайта сұрап жүріп жаттап алған, кімді шақырып жатқанымды бірден біледі. Ал үйге көптен келмеген туысқандар сұрап жатса, бес жасар бала болса да, Ақапаның төртінші баласы не үлкен қайын бикемнің кіші баласы деген сияқты айтып түсіндіремін.

Кішкентай қайныларым кейде менімен қалжыңдасып, атын айтып қалар ма екен деп өтірік түсінбегендей әдейі қайта-қайта сұрайды. Мен де берілмеймін, тергеп қойған атымнан жаңылмай, қалай болса да кім екенін түсіндіремін. Бір рет болса да айта салуға болады ғой деп кейбірі күліп жатады.

Маған өзімнің жеңешелерім «Сұлуқыз» дейді. Бетіме атымды айтпағанымен, өз балаларына «Әсел апаң» деп сөйлеп жатқанда біртүрлі боп қалатынмын. Сол оқушы кезден келін болсам, барлығына ат қойып, өз аттарын атамаймын деп шешім қабылдағанмын. Өзіне басқа ат, өзі жоқта өз атын айтатын болсаң, ат тергеп қоюдың да қажеті жоқ деп ойлаймын.

Екіншіден, өзі жоқтың көзі жоқ деп басқаларға өз атын айта беретін болсам, өзін шақыратын кезде, онсызда Хан баланы – Мырза бала деп, Би жігітті – Ақ жігіт деп шатастыратын мен өзіне де шатасып өз атын айтып қоятынымды жақсы білемін. «Айжан, оой, Сұлуқыз дегенім ғой» деп шатасып жүргенше, сен үшін оның бір ғана аты бар екеніне аузыңды үйреткен жақсы.

Иә, өз атын атауда тұрған ештеңе жоқ, айта салсаң да, ешкімнің ештеңесі кетпейді. Бұл жай ғана арадағы сыйластықты арттырады әрі қазақтың байырғы салт-дәстүріне құрмет көрсетіп, сақтайтыныңды білдіреді.

Бастапқыда қойған атың біреуіне ұнамайды, біреуі тағы бірдеңе дейді, сондайда бәріне бірдей ат таба алмай қиналып кетесің. Солай қиналып жүргендер болса, көмек болсын, өзім тергеп қойған аттарды тізе кетейін:
Үлкен аға-жеңге, балалары: Сұлуқыз, Хан бала.
Кіші аға-жеңге, балалары: Еркем, Көркем, Кішкене қыз.
Үлкен жезде, Ақапа, балалары: Сері жігіт, Нұр жігіт, Би жігіт, Мырза бала, Сая
Ортаншы жезде, Жанапа балалары: Профессор, Ақ жігіт.
Кіші жезде, Айапа, балалары: Жан бала, Аликон.

Ал ат қоймағандарды Нарынқолдағы нағашы аға, Құдалыққа барған жиен аға, Ақапаның мамасы, Сері жігіттің апасы деген сияқты ары қарай айта бересің. Бір жағынан өзіңізге де қызық. Сіз ат тергеу салтын ұстанасыз ба? Жеңгелеріңіз сізді қалай атайды?