Дарындылар мекені Smart Student's Project

Дарындылар мекені Smart Student's Project
жеке
блог
              Қара шаңырағымыз әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің жалынды жастары асыға күткен «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының ұйымдастуымен, ректорымыз  Ғалым Мұтанұлының «Айналаңды нұрландыр» жобасы аясында  «Сұңқар кубогы Smart student’s project» жобасының маусымашар кезеңі болып өтті. Дүбірлі доданың шымылдығы қараша айының 21 жұлдызында ашылды. 
          «Smart student’s project» жобасының маусымашар кезеңінің тақырыбы- «Саналы ұрпақ- жарқын болашақ» болды.  Маусымашар кезеңі  2019 жыл «Жастар жылы» аясында  өрбіп , ҚазҰУ қалашығының маңызды мәселелерін қарастырды.  Әзіл әлеміне қанат қаққан жас өрендеріміз сахна төрінде салтанат құрып, қағытпа қалжың, орынды оспақ, астарлы әзілмен санамызды өрнектеп, маусымашар кезеңінің қызуын қыздырта түсті.
          XXI ғасырдың заманауи жастарының идеологиясына негізделген бұл жобаға биыл 11 команда өз факультеттерінен суырылып шығып, дүйім жұрттың алдында тайсалмай, өнерлерін әзілмен өрнектеп өнер көрсетті. Жалпы,  маусымашар кезеңі 1 ғана сайыстан - «Preface» кезеңінен тұрды. Бұл сайыста қатысушылар өздерін қалың көпшілікке таныстыруы шарт еді. Мықты дайындық пен жаңаша бағытта өнер көрсеткен командалар  «Тарихи құрама», « Төле би-Сейфуллин», «4 XL» еді. Орынды әзіл мен астарлы сатираны өздерінің қаруы ретінде пайдаланған командалар «Элита», «Бренд», «Көмек құрамасы», «IT», «Мамасының балалары» еді. Жиналған қауымды күлкіден езуін жиғызбай, қазақ жайдарманының дәрежесін биіктете түскендер «Қызық» , «Мехмат», «Физтех» командалары.  
Сонымен, тартысқа толы маусымашар кезеңінде көпшілікті елең еткізер  саналы жастардың жаңаша бағытта дайындаған орынды әзілдері мен қазағымның ән өнерін әуелете түскен сазды әуендер де, Шара апамыз негізін салған би өнері де сахнаның көркін келтірді. 
            Қорытынды бойынша, төрешілердің шешімімен жартылай финалдық кезеңге  8 команда жолдама алды:
1) «Қызық»- география және табиғатты пайдалану факультеті;
2) «Физ-тех құрамасы» - физика-техникалық факультеті;
3) «Элита»- экономика және бизнес жоғары мектебі факультеті;
4) "Brand" - филология және әлем тілдері факультеті;
5) «Көмек құрамасы»- «Көмек» қоғамдық қорының командасы
6) «IT» құрамасы – ақпараттық технологиялар факультеті
7) «Мамасының балалары» -ақпараттық технологиялар факультеті
8) «Мехмат»- механика-математика факультеті
            Өнерлі жастардың басын бір арнаға тоғыстырып, бос уақытын тиімді өткізуге жәрдемдесетін  Smart Student’s Project  жобасының қорытынды сөзін жобаның басты демеушілерінің бірі "Bugin Group" холдингінің директоры Айбек Қуатбаев, «Алаш ұлы»  тобының мүшесі, танымал әнші Мақсат Рахметұлы, сценарист, ҚазҰУ-дан түлеп ұшқан түлек «Жайдарман» ойындарының чемпионы Махметов Аманжан , әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың әлеуметтік тәрбие жұмысы жөніндегі басқарма басшысы Талғат Болатұлы, «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының ҚБ төрағасы Шұғыла Мейрамбекқызы сөйледі. 
              Әділ-қазы алқасының шешімі бойынша қазақ жайдарманының дәрежесін әуелете түскен жобаның «Мистер SSP» және «Мисс SSP» номинациясын «Мехмат» командасының белсенді мүшесі  Айтжанов Әділет пен «Қызық» командасының мүшесі Үсенова Аяжан иеленді.
          Әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен "Ең үздік креативті шақыру" номинациясымен география және табиғатты пайдалану факультеті "Қызық"  командасы иеленді. 
         Тартысқа толы болған сайыста жанкүйерлер арасында қолдау көрсетуден "Ең үздік жанкүйер" номинациясымен физика-техникалық факультетінің жанкүйерлері иеленді.
 Осымен, қызығы мен шыжығы мол «Smart Student’s Project» жобасының маусымашар кезеңі аяқталды. Маусымашар кезеңіне белсене қатысып, көпшілік қауымның алдына шығуға тайсалмаған барша команда мүшелеріне алғысым шексіз. Жобаның жартылай финалдық кезеңіне өткен командаларға тек сәттілік тілеймін. Өнерлі жастардың ордасы болған «Сұңқардың» бұл жобасы тек көркейе беретіні сөзсіз. Жаса,жайна SSP!
 
             Биология және биотехнология факультеті Жасұзақ Диана Қалмомынқызы 1 курс