Амангелді Имановтың Торғайдағы көтерілістегі рөлі

Амангелді Имановтың Торғайдағы көтерілістегі рөлі
жеке
блог

   Тәуелсіздік алғанға шейін қазақ халқы нелерді басынан өткермеді. Әртүрлі соғыстарды да, ашаршылықты да, зорлық-зомбылықты да көрді.  Әсіресе Ресей өкіметінің қол астына көшкен кезде, патша өкіметінің тарапынан көптеген әділетсіздіктерге ұшырады. Олар қазақ халқының әртүрлі сылтаулармен жерін, малын алып, көп қазақтарды жерсіз, күн көріссіз қалдырды. Көп мөлшерде салық салып, өз жерінде емін-еркін жүруге де мұрсат бермеді.  Тіпті 1916 ж.  25 маусымда II Николай  «19-43 жас аралығындағы қазақтарды тыл жұмысына алу» деген жарғы шығарып, азаматтарымызды да алғысы келді. Бұл жағдай қазақ халқының әбден ызасына тиіп, шыдамының шегіне жетіп, 1916ж. Ұлт-азаттық көтерілісіне алып келді.

    Көтерілістің ірі ошақтары Торғай мен Жетісу маңында болып өтеді. Әсіресе Торғай маңында болған қозғалыс қарқынды жүріп, казак әскерлеріне тиісті жауап беріп отырды. Мұрағаттық мәліметтерге сүйенсек, көтерілістің қызған шағында, көтеріліс отрядтарының саны 50 мыңға жуық адамды құраған екен. Осы тұста, Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісті ұйымдастырған Амангелді Имановты айтып өткеніміз жөн болар. Себебі  сол заманда күші анағұрлым басым Ресей үкіметіне қарсы шығып,  қарапайым халықтан әскер құрып, дайындай білу екінің бірінің қолынан келе бермейтін өнер еді. Мыңдаған ұйымдаспаған көтерілісшілердің ішінен Амангелді Иманов қатаң иерархиялық бағынышты және ондаған, елуінші, жүздеген және мыңдаған әскери отряд құрды. Әрбір бөлімшенің басында өз бастықтары – ондықтар (онбасы), елудесятниктер (елубастар), сотниктер (жүзбасы) және мыңдықтар (мыңбасы) тұрды. Сондай-ақ мергендердің арнайы жасағы құрылды. Осындағы мыңбасы мергендер жасағын әйгілі құлан Кейкі батыр басқарды.  

    Амангелді Иманов әртүрлі болыстарда кедей халықтан құралған төңкеріс топтарын ұйымдастырады. 1915-1916 жылдары Амангелді Атбасар, Ырғыз, Қостанай уездерінің қазақтарымен байланыс орнатады. Осы уездердің жігіттерімен көтеріліс жағдайына, қай жерде тоқтауға, байланысты қалай ұстауға, азық-түлікті, оқ-дәрілерді қандай жолмен алуға болатынын уағдаласып, ақылдасады. Осылайша ол казак әскерлері мен қазақ солдаттарының қару-жарақ және адам саны жағындағы айырмашылыққа қарамастан әртүрлі соғыс тактикалары мен айлаларын ұтымды қолдана білді. Бұндай ұтымды соғыс тактикалары Үрпек-Доғал шайқасында, Шошқалы шайқасында айқын көрініс тапқан. Бұл жерде Амангелді Имановтың жақсы стратег және дарынды ұйымдастырушы екендігінен хабардар береді. Ал, оның ұйымдастырушылық қасиеті, қазақ халқының басын қосып, бірігіп әрекет етуіне сеп болды.  Бұл көтерілісте тек қана қазақ халқы ғана емес, қырғыз, орыс халықтары да белсене қатысты. Ол көтерілс ұйымдастырумен қоса    революциялық көтеріліс кезінде Амангелді Атбасар мен Көкшетау аралдарына барды. Ол ауылдарда үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, Атбасар және Көкшетау уездерінің қазақтары өз жерлерінен айырылғанын айтады. Осылайша қазақ халқының көзін ашып,  әділетсіздіктерге немқұрайлы қарамау керетігіне халықты барынша шақырады.

    Мақаламды қорытындылап өтетін  болсам, Амангелді Иманов өз Отанын шынайы сүйіп, халқының бақыты үшін күресе білген, 1916 ж көтерілістің шынайы көсемі бола білгендігін атап өткім келеді. Оның отанына деген сүйіспеншілігінің ешбір жаудан қорықпайтындай күш бергені, оның патриоттық сезімінің орасан зор екендігін көрсетеді. Ол елінің болашағын ойлап, көтеріліске барды. Бір сөзінде ол, "Егер біз бостандыққа қол жеткізсек, онда бізде де білімді меңгеру мүмкіндігі болады. Біз де өркениетті халық болар едік"  деген екен. Осы сөзінен-ақ ұрпақтарының білімді болып өскедігін қалағаны хақ. Оның сол кездегі егемендік арманы бүгінгі таңда орындалып отыр. Қазіргі таңда ұрпақтары тәтті білім сусынымен сусындап отыр.   Амангелді Иманов есімі халық жадында, ел тарихында мәңгі сақталатын болады.