32 жылдан кейінгі кездесу

32 жылдан кейінгі кездесу
жеке
блог

Алатау баурайына Жайықтың арғы жағындағы бауырлас халықтың өнерпаздары М.Ғафури атындағы Башқұрт академия театры гастрольдік сапармен келді. Қара шаңырақ Әуезов театрында өткен екі күндік өнер кешіне аз халық жиылса да әртістерді қонақжайлылық пен құрмет көрсетіп, Алматы жұрты үлкен қошеметпен қарсы алды.

Түбірі бір тарихы тереңге жайылған қазақ пен башқұрт халықтарының тынысы, тұрмысы, салты, әдеттері ұқсас келетінін ескіден белгілі. Сондай-ақ, екі ел арасында шекара болмаған, байланыс еш үзілмеген. Білімге құштар қазақ жастары, танымал қазақ зиялылары ХІХ-ХХ ғасырларда Уфа қаласында орналасқан «Ғалия» медресесінде білім алған. Ал биыл Алматы көшелерінің біріне башқұрт халқының ақыны Мұстай Кәрімінің есімі берілді. Мәжит Ғафуридің өзі де «Ақынның алтын кенінде» атты өмірбаяндық еңбегінде қазақ елінің тұрмыс-тіршілігін бейнелейді.

Башқұрт әдебиетінің көрнекті өкілінің есімін иеленген өнер ордасының әртістері алғашқы күні «Шаурақай» атты музыкалық комедияны ұсынды. 2 сағаттық қойылымда башқұрт халқының салт-дәстүрі мен тыныс-тіршілігі көрсетілгенде залдағы көрермендер қазақ халқының әдет-ғұрпымен  (әмеңгерлік, қыз айттыру, сырға салу, құдалық, қалың мал, қыз ұзату, келін түсіру, тсс) сәйкес келетін тұстарды аңғарып жатты. Башқұрт тілін де ұғып, барлық қызықты сәттер мен астарлы әзілдерді түсінді. Қойылым барысында сурдо аударма болғанымен оның көмегіне бірең-сараң адам ғана жүгінді.

Екінші күні әкем театрында «Арманға қарай» («Хыялга каршы») сахналанды. Небәрі жеті адам қатысатын қойылым балалар үйіндегі өмірді бейнелеп, үлкен әлеуметтік мәселелерді көтереді. Көп балалы отбасынан шыққан Ілияс ата-анасынан айырылған бойда бауырларымен бірге жетімдер үйінде тәрбиеленеді. «Жетім өскен тас бауыр» дегендей, балалар үйінің тәрбиеленушілерінің басына түскен қиындықтардан кейін олардың ішкі жаны ызалыққа толы. Мейірім мен жылулыққа бөленбеген сәби жүректер күллі әлемге өкпелі болғанымен әрқайсысы болашаққа сенеді, армандарына ұмтылады, арайлап атқан әрбір ақ таңнан үміттенеді. Бұл қойылымды алматылықтар ерекше сезіммен тамашалады. Көздерін жас алып, жетім балалардың тағдырына алаңдап жатты. Қойылым соңында әртістерге үлкен қошемет көрсетіп, ұзақ қол соғып тұрды. «Арманға қарсы» қойылымы болған оқиға желісі бойынша жазылғанын кейін әртістердің өз аузынан естідім. Авторы жас жазушы Айгиз Баймухаметов өзінің бастан кешкен оқиғаларын қағаз бетіне түсіріп, «Тастамашы, ана» еңбегі жарық көрген. Бұл шығарманы қазақ тіліне Саят Қамшыгер аударған (ол кітап қолыма тиді, ол туралы бөлек жазармын). Сондай-ақ, «Тастамашы, ана» орыс, татар, чуваш, қырғыз, өзбек тілдеріне аударылған. «Хыялга каршы» Улан-Удэ қаласындағы театрының репертуарына енген.

Ильшат Файзуллин, М.Ғафури атындағы Башқұрт академия театрының директоры: «Биыл 100 жылдық мерейтойын атап жатқан БашДрамТеатр соңғы рет Алматыға 1987 жылы келген екен. Араға 32 жыл тастап алматылық көрермендермен қайта қауышқанымызға өте қуаныштымыз. Сіздерге біздің театрдың өнері ұнады деген сенімдеміз. Жылы лебіздеріңіз бен ыстық ықыластарыңызға алғысымыз зор»

Артур Кабиров, актер: «Алматы халқының алдында өнер көрсетпес бұрын біраз жүрексіндім. Алғашқыда қатты толқыдым, көрермендердің жылы ықыласын сезінгеннен кейін тез бейімделіп кеттім. Қойылым аяқталған соң, көрермендер бізді жібергісі келмей, ұзақ қол шапалақтап жатты. Жанымызға келіп, ризалығын айтып, оң бағасын беріп, пікірлерін білдірді. Жалпы, Алматыда өткен гастрольдік сапар туралы айтсам, бізге барлығы өте ұнады. Алатау баурайында орналасқан қала өте әдемі, таза, жасыл екен. Тұрғындары да өте ақжарқын, кішіпейіл, сабырлы. Жолым түсіп, Виктор Цойдың ескерткішіне барып қайттым. Бір арманым орындалды десем болады»

Урал Аминов, актер: «Бұрын-соңды Қазақстанда болғанымызбен Алматыға алғашқы мәрте келдік. Осыған дейін біз Астана (Нұр-Сұлтан), Ақтау, Қостанайда өнер көрсеттік. Алматыға келуді, Алатауды көруді армандаған едім. Бағымызға орай, гастрольдік сапармен келдік. Біз өнер көрсеткен Әуезов атындағы театр өте әдемі екен, сахнасының өзіндік ерекше мысы сезіледі. Өкінішке орай, біздің театр мен Алматы көрермендері арасындағы байланыс үзілгеніне 30 жылдан асты. Сол себептен де шығар, көрермендердің саны аз болды. Болашақта екі ел арасындағы байланысты үзбеу керек деп ойлаймын. Алматы жұртшылығы жылы шыраймен қарсы алып, ыстық ықыласпен қимай қоштасты. Оларға біздің қойылымдар қатты ұнаған секілді. Маған да Алматы өте ұнады. Бос уақытта қаланың көрікті мекендерін аралап қайттым. Виктор Цой мен Денис Теннің ескерткіштеріне бардым, Шымбұлақ пен Медеуге көтерілдім. Алматыда өткен күндерді ерекше сезіммен еске алатын боламын»

Алматы көрермендерінің ерекше ықыласына бөленген Башқұрт драма театры гастрольдік сапармен небәрі екі күнге келсе де жылдар бойы үзілген байланысты нығайта түсті. Естелік болсын деген ниетпен әкем театрға алғыс айтып, сый тартып, КСРО халық әртісі, аңыз адам Асанәлі Әшімов пен Қазақстан Театрлар Ассоциациясының атқарушы директоры Салтанат Абулғазиеваға алғыс хат табыс етті.

 Басты сурет Башдрамтеатрдың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынған