Толеранттылықтың қате қабылдануы

Толеранттылықтың қате қабылдануы
жеке
блог

XXI ғасырдың есте қалар жағы - ол толеранттылық мәселесі жердің әр бұрышынан көтеріліп келгені. Қазір басқа адамдардың ойын, пікірін және көзқарасын бағалау «сәнді» құбылыс. Дегенмен де, сол толеранттылықты барлығымыз дұрыс түсінеміз бе?

Бастар алдымен айтып өтерім – қоршаған жандардың ойларын, не әлеуметтік жағдайларына, не жыныстарына, не нәсілдеріне қарамастан, бағалай алуды мен өзім де үгіттеймін. Айтып өткен заттар, менің ойымша, адамды жақсы да, жаман да қылмайды. Адамға сипат беретін тек өз көзімен көрген, басынан өткізген тәжірибесі ғана. Барлығымыздың құқықтарымыз тең, сондықтан басқаларға өзіңе теңдей қарау – қисынды.

Ондай болса, бұл мәселені неліктен көтергелі жатырмын? Мені ыңғайсыз жағдайға салатыны ол шектен тыс шығып бара жатқан толеранттылық. Ол тағы не десеңіз, бүгінгі күндері азшылық топтар тарапына, объективті болса да, сын айту қауіпті іс. Оның барлығы еш талқылаусыз-ақ кемсітушілік саналып кетеді. Сондағы жалғыз қалатыны тек позитивті пікірлер ғана.

Соңғы уақытта шығып жатқан киноларды қарастырсақ, басты кейіпкерлерді көбінесе әйел адамдарға, қара нәсілділерге, не ЛГБТ топтарына жататындарға береді. Өз ойым бойынша, бұл тұжырымдама керемет, бірақ, оны қалай іске асырып жатқандары тіпті ұнамайды. Мысалға келтірсек, осы жылы Оскар марапаттауына ие бола алған «Жасыл кітап» (Зеленая книга) киносы басты кейіпкер ретінде қара нәсілді гей жігітті қарастырады.

Киноның өзіне менің еш наразылығым жоқ, қоғамдағы кемсітушілік мәселесін көтеру – дұрыс және қажеттілік. Дегенмен де, сонғы уақытта Оскар марапаттауларын сол сияқты кинолар алып жатқаны киноиндустриясына қатты әсер етуде. Қай жан Оскар мүсіншесінің иегері болғысы келмейді? Сондықтан, тренд артынан қуалау продюсерлердің ойларын қатты шектейді, басты рөлдерге әртістердің мүмкіншіліктері мен дарындылықтарына лайықты мән беріле қоймайды, керісінше, әртістің сырт келбеті тым қатты маңызды болып келеді. Өздеріңіз байқағандай, соңғы уақытта қайта түсіріліп жатқан әйгілі кинофраншизалардың басты кейіпкерлері өзгеруде – алғашқы нұсқасында басты рөлде ер адам болса, феминизм ұғымын қолдау үшін олардың орнында әйел кейіпкерлер нығайды, сол сияқты расизм мәселесімен күресу ойымен қара нәсілді әртістер де орын басып келеді. Менің ойымда пайда болатын сұрақ – бұл ақ нәсілді ер азаматтарға бағытталған кемсітушілік емес пе?

Сонымен, толеранттылық дегеніміз не болды? Неліктен XXI ғасырдың қоғамы азшылық топтарын биіктетіп келеді? Барлық адамды тең санай алу ең басты критерийлардың бірі емес пе?

Әрине, бұның барлығы тек менің жеке ойларым ғана.

Дегенмен, қосар ойларыңыз, не бұл жайлы пікірлеріңіз болса қуана оқыр едім.