Өзге емес, өзі үшін мақсат қояды

Ешкімнің сөзіне ермей, көңілі қалағанын іске асыратын, мақсат қойып, соған ұмтылатын адамдарды ерекше құрметтеймін. Кейбір адамдарға белгілі бір ортаға бейімделу қиын немесе өзінің көңіл қалауынан бұрын өзгенің ойының қандай болатының алаңдайтындар бар. Ал кейбіреулерге бәрібір. Өзінің қалауымен, арманымен өмір сүреді. Өзге емес, өзі үшін мақсат қояды. Өзгенің ол туралы не ойлап қалатынына еш қызықпайды. Себебі, ол дәл сол сәтпен өмір сүреді, ол сәттен алатын рахаты үшін жанын салады. Неге екенін білмеймін, біздің менталитет сондай ма, әлде ішкі арпалыс артық қадамдарға жол бермей ме, бізде мұндай ұстанымға дұрыс қарай бермейді. Шетелде болса, бәрібір. Әркім өзі үшін жауап береді және өзгенің қуанышына ортақтаса біледі.

Мұның барлығын не үшін айтып отырмын дейсіз ғой. 2000 жылы Брюссель қаласында алғаш рет Red Bull Soapbox Race жарысы ұйымдастырылды. Содан бері әлемнің біраз мемлекетінде жыл сайын тұрақты түрде өткізіліп келеді. Қазақстанда алғаш рет 2017 жылы өтті, екі жылдан кейін өткен айда тағы өтті.

Бұл жарысқа кәсіби емес, қарапайым адамдар қатысады. Өз қолымен жасаған моторы, автоматты тетігі жоқ болидтермен 350 метрлік жолды небір тосқауылдарға төтеп беріп, жылдам жүріп өтуі тиіс. Бес адамнан құрылған топ тез арада жүріп қана қоймай, өз өнерін ортаға салуы керек. Сондай-ақ, болидтің көркі де бағаланады. Жарысқа қатысқан кезде өз қиялына жол беріп, жеңіске жетуге талпынуы қажет. Сол үшін де жарысқа қатысушылар неше түрлі киімдерді киіп, болидтерін әр түрлі тақырыпға сай жасайды.

Басында мен жарыс шарасына емес, бақшадағы балалардың Жаңа жыл мерекесіне келгендей болдым. Өйткені жарысқа қатысқан 49 топтың барлығы ерекше киінген, болидтері де қызық жасалған. Бәрінің көңіл-күйі көтеріңкі, жарыс жолына түсуге асығып барады. Бірақ, жарыстың аты жарыс. Барлығының жолы бола бермеді. Тосқауылдарға көбі төтеп бере алмады. Орта жолда сүрініп, құлап жатты. Алматыда өткен ерекше жарысқа өзге қалалардан да топтар келді. Солардың бірі Көкшетаудан келген көшпенділер. Олардың болидтері киіз үй пішінінде болды. Өздері ақсақал мен ақ жаулықты әжелер болып киініп алған. Қара жорға биледі, шашу шашты. Басқа топ болидтерін баланың бесік арбасы секілді жасаған. Өздері де кішкентай бөпелер секілді киініп алған. Бір қарағанда үлкен жігіттердің бала болып ойнағандары ерсі көрінеді екен. Ал бірақ жоғарыдай айтып кеткенімдей, оларға бәрібір. Бұл жарыстың қызығы да осында. Алдымен өзіне, сосын өзгеге қуаныш сыйлау. Оның үстіне бұл шараға 35 мың адам келді.

Үздік деп танылған үш топ марапатталды. Бірінші орын алған ZIG ZAG тобы Сочи қаласында өтетін Формула 1 жарысының кезеңіне тамашалауға жолдама алды. Қызығы, бұл топ 2017 жылы алғаш өткен жарыста да жеңіске жеткен. Екі жылдан кейін өткізілетін жарыста да олар топ жара ма, жоқ па көре жатармыз. Бәлкім, осы екі жылда тағы жігерлі, қиялына шек жоқ жандар табылып қалар.



Бөлісу: