Қазақстанда бизнес тың серпін алды

Қазақстанда бизнес тың серпін алды
жеке
блог

Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдың 2 қыркүйегінде өзінің Қазақстан халқына тұңғыш жолдауын жариялады. Мемлекет басшысы заманауи ықпалды мемлекет құрудың тетіктері, азаматтардың қауіпсіздігі, құқықтарының қорғалуы, қарқынды дамыған және инклюзивті экономика, әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі, қауқарлы аймақтар туралы нақты ұстанымдары мен алдағы уақытта осы бағытта жүзеге асырылуы тиіс басымдықтар туралы сөз қозғады. Осы орайда шикізатқа байланған менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыру туралы айтқан президент, бизнеске ерекше назар аударды.

«Шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады.Атап айтқанда, ең алдымен ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар, салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады», - деген ол жаппай кәсіпкерлікті дамыту масылдықтан арылуға мүмкіндік беретінін алға тартты. Қ.Тоқаев сол себептен Қазақстан болашақта да бизнесті дамыта беретінін қадап айтты.

Шағын кәсіпкерлік бүгінде жаһан экономикасы практикасында ел экономикасын дамытып, оның өмір сүру жағдайын жақсартуда ең тиімді саналады. Қазақстанда да соңғы уақытта шағын бизнес ашып, соны дамытып отырғандардың саны артып келеді. Бұл тұрғыда мемлекет басшысы шағын бизнеске мемлекет тарапынан қолдау ретінде 2020 жылдан бастап микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге үш жылдық тиым салды.

«Біз тұтынушылар мен азаматтар алдында жауапты бизнесіміздің тұтастығы мен заңға бағынатынына сенеміз. Мораторий кезінде өзін-өзі реттеу және қоғамдық бақылау құралдарын жандандыру қажет.Кәсіпкерлік субъектілері белгіленген нормалар мен ережелерді, әсіресе санитарлық-эпидемиологиялық саланы бұзған жағдайда, мұндай компаниялар жабылады, олардың иелері жауапқа тартылады.Осылайша, біз бизнеске жүктемені азайтамыз», - деді мемлекет басшысы. Шағын кәсіпкерлікті дамытуға бюджеттен алдағы үш жылға «Бизнестің жол картасынан» 250 миллиард теңге қаржы бөлінеді.

Жақын болашақта мемлекеттің бизнес жоспарында отбасылық бизнеске, көпбалалылар мен аз қамтылғандардың отбасыларының бизнеске тартылып, өз істерін жүргізуге жағдай жасау көзделіп отыр. Сондай-ақ, Қазақстанда туризмнің дамуы әсіресе эко және ұлттық туризмнің дамуы экономиканың ең маңызды факторы саналады. Осы орайда мемлекет басшысы өз жолдауында «Туристердің назарын біздің тарихымызға, мәдениетімізге аударту үшін Алтын Орданың 750 жылдығын осы бағытта атап өту керек», - деді. Туризмді дамытудың басты тенденциясына құрылысты қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, кәсіби біліктілігі жоғары мамандарды даярлау кіреді.

Алдағы уақытта елде орта бизнес те қолдаусыз қалмайды. Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарлама аясында жақын болашақта өндірісі жоғары орта бизнес, салық, қаржы, әкімшілік тұрақтандыру бағыттарына басым назар бөлінбек. Осы орайда мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өз жолдауында «Тікелей шетелдік инвестицияларды тарту бойынша жұмысты белсенді түрде жандандыру қажет, онсыз экономикалық өсудің резервтері шектеулі болады. Бұл атқарушы биліктің басым міндеттерінің бірі», - деп атап өтті.

Кейде даму жолына түскен шағын, орта тіпті ірі бизнестердің өзі кедергіге ұшырап немесе қаржылық қиындықтар, дағдарыс салдарынан құлдырап жатады. Оған ықпал ететін өзге де факторлар баршылық. Енді Қазақстанда шағын және орта бизнес заңдық тұрғыда қорғалады. Қ.Тоқаев өз жолдауында бизнестің алдын орауға қатысты кез келген әрекет (әсіресе шағын және орта бизнес) «мемлекетке жасалған қылмыс ретінде» қаралатындығын алға тартты. Сондай-ақ, көлеңкелі экономикаға қарсы күрестер жалғаса бермек, капиталды сыртқа шығару, салықтан жалтару да қатаң бақылауға алынады.

Кез келген мемлекеттің даму өзегі ол экономиканың сенімді драйверіне айналған – бизнесте. Кәсіпкерліктің қай түрі де дамып, мемлекет тарапынан қолдау тауып, әрі тұрғындардың қажетіне жараса, елдегі әлеуметтік әлеует те артып, өмір сүру сапасының да жақсаратыны айқын фактор. Бұл тұрғыда Қазақстан бизнеске нық қадам жасады. Алдағы уақытта жеке кәсіпкерлікті дамытуда мемлекет жасар қамқорлық артты. Бұл да бұқараға аса қажет қолдау болмақ.


Оралбек БОТБАЙ,
профессор, Вьетнам Социалистік Республикасының
Қазақстандағы Құрметті консулы