Каратэшілер бар күштерін Әлем чемпионатына жұмылдырмақ

Каратэшілер бар күштерін Әлем чемпионатына жұмылдырмақ
жеке
блог

Шығысқазақстандық киокушинкай-кан каратэ шеберлері соңғы уақыттары үнемі шыңдардан көрініп келеді. Жуырда ғана аспанасты елінің алып шаһарларының бірі – Шанхай төрінде жүз пайыздық нәтиже көрсетіп, түрлі медальдар жиынтығын иемденді. Алайда бұл нәтиженің әлі де жақсара түсетініне еш күмән жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, Шанхай қаласында балалар, жасөспірімдер, жастар, сондай-ақ ерлер мен әйелдер арасында өткен Азия чемпионатына өңірімізден төрт спортшы қатысып қайтты. Төртеуі де тұғыр сатысынан орын алып, жоғары дайындықпен барғандықтарын аңғартты. Білікті бапкер Руслан Алшымбаев бастап барған каратэшілер әдеттегідей ката және кумите тәртібінде жүлделі орындарды сарапқа салды. Соның ішінде, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Диас Қостубаев 14-15 жастағы спортшылар арасында 60 келі салмақта кумитэ және ката тәртібінде қарсылас шақ келтірмеді. Оған кумтэ тәртібінде ақтық сында жол берген Нұриддин Ахметов күміс жүлдеге қол жеткізсе,10-11 жастағы балалар арасында 30 келі салмақта Әлижан Магадиев қола медальға қол созды. Әлижан кумитэ тәртібінде үздік үштіктен көрінгенімен, ката бойынша жүлделі орыннан шет қалды. Ал ересектер арасында 70 келі салмақта жарыс жолына шыққан Борис Аксенов кумитэ тәртібінде екінші орыннан көрінді.

Осындай дүбірлі додадан аймаққа абыроймен оралған киокушинкай-кан каратэ үздіктері енді бірер уақыт тынығып алмақ. Спортшылардың бапкері Руслан Алшымбаевтың айтуынша, әр спортшы жүлде үшін аянбай, жекпе-жек кезінде сенімді өнер көрсеткен. Енді санаулы күндерден кейін кезекті оқу-жаттығу жиыны қайта басталып, спортшылар жоспар бойынша қараша айында өтетін Әлем чемпионатына әзірлік жүргізбек.

 

Фото жаттықтырушылар тарапынан ұсынылды