Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Экс-бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Менің әкем, халық ұлы - Шәкәрім

Менің әкем, халық ұлы - Шәкәрім

Менің әкем, халық ұлы - Шәкәрім

«Осы мол асыл қазына кітаптар қайда? Қайда кетті?» — дейсіздер ғой. Сіздердің де, менің де жанымды жеп, жүрегімді күйдіретін, мәңгілік арман боп, ауыр тиетін жағдай.

1931 жылы қораларды, тамдарды бұзып, ағаштарын, тақтайларын алғанда, ол кездегі жанама жандайшап, санасыз адамдар бар кітаптарды далаға үйіп, түп-түгел өртеп жіберген!...

Жадыма жатталып, есте қалғандар 1961 жылдан қағаз бетіне түсіріле бастап, 1911 жылы жаңадан жазылып, 1982 жылы аяқталды.

Автор.

Құнанбайдың үлкен бәйбішесі — Найман Ағанас бидің қызы — Күңке. Ел аузында Ағанасты — әділ би, сезімді, ақылды, әулие болған адам деседі.

Сол Күңкеден Құдайберді жалғыз. Құдайберді ер жеткен соң, Құнанбай оған әйел әпермек болып, Қаракесек руының «Кедей» деген табынан шыққан Алдабергенге құда болам деп кісі жібертеді. Алдаберген Құнанбайдың жіберген кісісіне: «Мен қыз берейін. Бірақ қоятын екі түрлі тілегім бар. Бірінші, ауыл арасы шалғай, бір-біріміздің қуаныш, қызығымызға кезінде құтты болсын айта алмасаң, өкпелеспейік. Екінші, өлім бар да, қаза бар, бір-біріміздің қаза болғандарымызға уақытында көңіл айтып, бата жасаса алмасақ ренжіспелік. Осы екеуіне келіссек, мен көндім», — дейді.

Құнанбай: «Алдабергеннің екі тілегін орындаймын», — дейді. Сүйтіп, Құнанбай Құдайбердіге Алдабергеннің қызы Төлебикені айттырып, алып береді.

Алдаберген бай емес, орта дәулетті, өте адал болған адам. Сол адалдығының арқасында ел қатты сыйлап - құрметтеген, абыройлы болған. Балаларын, қыздарын ерте оқытқан адам. Алдабергеннің, Төлебикемен туысқан баласы Төлебай да әке жолын ұстап, о да адал, абыройлы болған. Төлебайдың балалары — Керімқан, Омар, Оспан, Мұса. Керімқан өте жақсы болған деседі, жастай қайтыс болыпты. Мен Керімқанды көргем жоқ. Омар, Оспан, Мұса нағашыларымды көрдім, алдарында да отырдым. Бұлар орысша оқыған. Омар мен Мұса өлең шығаратын, үшеуі де домбыра, скрипкаға жүйрік және қол өнерге шебер еді.

Шәкәрімнің шешесі арабша, түрікше көп оқыған. Қолөнерге өте шебер, кесте тігетін, ою оятын, киім пішетін, пышақ соғатын істі адам болған. Есті, сергек, ақылды, мейірімді, жомарт болған әжеміздің Құранын, «Ғибадат исламиясын», «Мүхтасарын», тағы басқа көп кітаптарын мен көрдім. Шешелерімнің, үлкен әжелердің: «Дәметкен (Төлебикені солай атаған) оқымысты, ақ мартуы бар, есті, ақылды еді», — деп отырғандарын сан естігем.

Шешесінің араб тілін жақсы білетінін әкейдің өзі де айтып отыратын. Және: «Араб тілін меңгеруіме шешемнің көп пайдасы тиді» — дейтін еді.

Төлебике келін боп түскен соң үш-төрт жылға дейін бала көтермейді. Мұны естіген Құнанбай келіні Төлебикеге кісі жіберіп: «Құдайберді бір анадан жалғыз еді, баласы болмай жүре ме? Келін ренжімесе, бір әйел әперсем қайтеді?» — дейді. Төлебике ырзалығын білдіреді. Сөйтіп, Құнанбай Құдайбердіге Мамай руынан шыққан Дулат батырдың қызы Ботантайды айттырып, алып береді.

Мен Төлебике әжемді көрмедім, ал, Ботантай әжемді көрдім. Менің 19 жасымда қайтыс болды. Ботантай әже өте өжет, сөзшең, тентек, қайтымы тез, шаруақор кісі еді. Ашуы келгенде елуден асқан әкейді, шешемді сабағанын көрдім. Бұл жағдай былай еді. Біздің қора Шыңғыстың бауыр жағында бір қабат таудың ішінде болатын. Ал, үлкен ауыл деп атайтын Ботантай әжемнің ауылы Жидебайдағы Құнанбай салдырған, артынан Оспан, онан соң Абай қыстаған, Шидегі қыстауға жақын, таудан 30 шақырымдай болатын. Жазғытұрым отаулар малмен бауырға көшіп кеткенде, әке-шешем, біз — балалар қорада қалатынбыз. Қораның алдына тігілген қазақ үйдің, жанында тұрып, асу жақтан жирен ала атқа жеккен, арбалы атты жаяу Жанбота айдап, әжем бір қолымен арбадан ұстап, екінші қолына таяғын таянып келе жатқанын көріп «Әжем келе жатыр, әжем!» — деп айғайладым. Әкей мен шешей үйден тез шығып жөнелді, біз жүгірдік. Жарты шақырымдай жерде арба келе жатыр еді. Әкей алдымен жетіп: «Апа! Аман ба?» — деп апасын құшақтағанда үлкен әжем: «Менің, көшкенімді білмей, алдымнан шықпай неге жатырсың?! Міні, арбам сынып қалды» — деп, әкейді бастан - арқадан таяғымен ұрып, сабап жатты. Әкейдің тымағы түсіп қалды. Оған қараған жоқ, апасын құшақтай берді, апасы сабай берді. Бір жағынан шешем барып құшақтап еді, «Ыбырайдың май басқан қызы! Сен де алдымнан шықпадың» — деп, таяқпен шешемді де салып қалды. Әрине, кәрі адамның ұрғаны өтпесе керек, екеуі де таяққа қарамай, апасын құшақтай берді. Біздің әке-шешемізді біреудің жәбірлегенін көргеніміз осы.

Әкей мен шешей апасы ұрып болған соң, қолтықтап үйге алып келді. Арбаның білігі сынып қалғанын Жанбота айтып жатты. Үйге еніп, әбден жайғасып отырған соң, үлкен әжем әкей мен шешемді шақырып алып, беттерінен сүйді. Айналасында қамалып отырған ь|мді де алдына алып, «Құлындарым!» — деп беттерімізден сүйіп, қасына отырғызды. Үлкен әжем: «Қалқам, Шәкәрім! Таяғым өтіп кетті-ау?! Бері келші?! Басыңнан сүйейін!» — деп, әкейдің, басынан сипап, сүйіп, жылады. Әкей: «Апа! Неге жылайсыз, жыламаңыз!» дегенде, үлкен апам: «Қарағым! Қуанғаннан жылаймын ғой», — деп, көзінің жасын сүртті. Мен ішімнен «қуанғанда кісі жылайтын еді?» деп ойладым.

Әкей күліп, «Сіз қызықсыз-ау, апа! Біздің көшкенімізді білмедіңдер деп ұрасыз. Біз сіздің көшкеніңізді қайдан білеміз?

Әулие емеспіз! — деп күлді. Көшерде хабар айтыңыз дегенім қайда?» — деді. Үлкен апам: «Қыстаудан асығыс көштік, хабар жібере алмадым. Сен барғанда арбам сынбас еді деп ашуландым ғой, қарағым!» — деді. «Апа! Оқасы жоқ, қайта білігі сынғаны жақсы болған. Сіздің арбаңыздың үйшігін, біздің трашмөңкенің астына салып берем», — деп Жүзжасар деген ұстаны шақыртып алып, Жанбота, әкей үшеуі ас піскенше арбаны дайындап қойды. Ас ішкен соң, әкей атқа мініп, апасын асудан асырып, қонысына қондырып, кешке қайтты. Бұл ғана емес, әкейді үлкен апамның мұнан кейін де ұрғанын көрдім. Бірақ ешбір зіл - кегі жоқ ұрыс еді ол. Шәкәрімді апасы жанындай жақсы көретінін де білем. «Шәкәрімнің алдында ал» — деп жылап, тілеу тілегенін де естігем.

Осы Ботантай әжем келін боп түскеннен кейін бір жылдан соң екіқабат болып, Әмір есімді бала туыпты. Әмірдің кіндігін кескен Қадиша Әнет табынан шыққан Арғынбай деген кісінің қызы еді. Қадишаны Шәкәрімнің шешесі Барақ деген, түбі Көкше табы, 18 қасында Құдайбердінің қолына келген жас жігітке қосып, қолбала қылып ұстаған. Өлгенше бізбен бірге болды. Әкей Қадишаның балаларына өз жерінен жер берді. Қадишаны «шеше» дейтінбіз. Бізден бөтендігі жоқ болып, бір туғандай болып кетті 1931 жылға дейін. Қадиша шешем қайтыс болғанда менің жігіт кезім еді. Сол Қадиша Әмірдің, туғандағы жайын жырдай етіп әңгімелейтін.

Қадишаның сөзі мынау. «Ботантай Әмірге екіқабат болып, іші біліне бастағанда, Төлебике «Ботантай жел науқас болды» деп үйден шығармай, өзі «екіқабат болдым» деп, ішіне кішкене жастың тығып алады. Мұны Бәкем (Құдайбердіні «Бәкем» дейді), Төлебике, мен үшеуімізден басқа тірі жан білген жоқ. Содан, «Төлебике екіқабат, болды» деген хабар тарап кетті. Түсіп деген көршіні «Төлебике екіқабат болды» деп Алдаберген аулына жіберіп, сүйінші сұратты. Ол сүйіншіге бір қара ала бесті ат алып келді. Ботантай желқуар ішіп жатыр деп, ол үйге ешкім кірмейтін болды.

Күзде ел бауырға түсіп, «Жол болды» деген қонысқа қонған күні қатты дауыл болды. Осы түні Ботантай ішім ауырды деген соң, барып едім, бала шыр етіп жерге түсті, мен кіндігін кестім. Төлебике баланы орап, үйіне алып кетті. Мен Ботантайды жайғап, бір кесе май ертіп ішкізіп, орап жатқызып, Төлебикенің үйіне барсам босанған әйел болып, оранып отыр екен. Қайта Ботантайға барып, түскен баланың жолдасын орап алып, Төлебикенің аяң жағына қойып, қайта келіп Ботантайдың үйін тазалап, оны бұрынғыдай жатқызып қойдым да, «Төлебике ұл тапты, сүйінші!» — деп, айғай салып, бар ауылды ояттым. Ауылдағы әйелдер жиналып келіп, босанған Төлебикені көріп бірі бала жолдасын алып орап, жан баспайтын жерге көміп, бірі қазан асып, май ерітіп, Төлебикеге ішкізіп, кейбірі қалжаға сойып жатқан қойдың ішек-қарнын аршып, бірі қалжа етін асып, әбігер - сәбігер болды да қалды. Ауылда үлкен шілдехана болды, қыз-келіншектерге теңге, жүзік үлестіріп, егде әйелдерге шілдеханада шағидан жасалған өңір бердік. Баланың атын «Әмір» деп Төлебикенің өзі қойды. Алдаберген аулына сүйінші сұрауға менің әкем, Арғынбай барып, құла жирен ат алып қайтты. Ауылға «бауы берік, қайырлы болсын!» — айтушы адамдар үзілмей келіп жатты. Ауылда ерен той, шілдехана болды. Алты айға дейін мен түнде Әмірді Ботантайға еміздіріп алып, Төлебикеге әкеп беріп отырдым. Күндіз баланы көтерген болып, Ботантайға еміздіртіп тұрамын. Алты айға тақағаннан кейін, Әмірді тамақпен асырайтын болдың. Екі жылдан кейін Төлебикенің өзі де екіқабат болып, ұл туды, оның аты Омар еді, бір жасқа толмай өлді.

Онан соң Төлебикеден үш ұл болды — Нұртаза, Шаһмардан, Шәкәрім, Ботантайдан — Жылқыайдар, Ырзықбай деген балалар болды. Жылқыайдар төрт жасында шетінеп кетті», — деп Қадиша шешем айтып отыратын.

Шәкәрімің шешесі өлең шығаратын болған. Көп өлеңдерін шешелерім білетін еді. Не керек, ол кезде ойламадың, ескермедік! Қолында жүрген жігіттеріне, құрбыларына айтқан өлеңдерінен есте қалғаны:

Бір жолдасым — Барағым — тақыстау туған қарағым!

Бол-болшыға зорлаған, көптен жолдас манабым!

Бір жолдасым — Жасаубай, тақтайлап жиған жасаудай.

Шырт-шырт еткен мінезің, жаңа үйреткен асаудай.

Басқа да бәйіттері болған. Төлебике мұнда келін боп түскен соң кесте, ою, тігіннен басқа қолдан келер өнерлерін қойып кеткен сияқты. Қарала жүргізуді, ұсталықты Құдайбердінің, жолдасы, руы Әнет Сағындық деген кісіге үйретіпті. Сол Сағындық: «Мен қарала жүргізуді, ұсталықты Төлебикеден үйрендім», — дейтін. Мұнда келгеннен кейін Дәметкен (Төлебикені Дәметкен атандырған) екі тоқым шапқан көрінеді,— бірін Бәкеме (жұрт Құдайбердіні — Бәкем деген), енді бірін Бәкемнің досы, Бәкен, руынан — Қыздар деген кісісіне арнап (Ол Қыздар 1930 жылға дейін тірі болды). Біздің ауылға жиі келетін, сонда — ескі оюлы тоқымын көрсетіп, «Мынау Дәметкеннің маған шауып берген тоқымы еді. Көзіндей көріп, тозса да тастамай жүрмін» — дейтін. Ол айтады: «Алдаберген қызы Төлебикені ұзатарда: Қарағым! Енді ол жаққа барған соң, ұсталықты таста, әйелге қолайсыз, ұласпайтын өнер, — депті», деп.

Елді старшын-старшынға бөлгенде, Құнанбай Құдайбердіге басқа балаларынан бөлек екі дәрежелі старшын бол деп, оның теліміне 50 үй Әнет табын, 20 үй Қарабатыр табын бөліп берген. Бұл Әнет пен Қарабатыр таптары кедей, әл-ауқаты төмен ел болған. Бұларды Құнанбай: «Менің іш көйлегім, шын тілектес адамдарым» — деп, қатты аяп, жақсы қоныс беріп, Құдайбердіге: сен осыларға басшы боласың, ренжітпейсің, бұларды мен өлген соң ренжітсең, менің аруағым күңіренеді» — деп тапсырған. Сондықтан, бұлар бізге туысқаннан артық болып кетті. Құдайберді жасынан өкпе науқасына шалдығып, сырқат болды. Балалары жас, өзі сырқат Құдайбердінің барлық шаруашылығын Әнет, Қарабатырлардың білікті бас көтерерлері басқарады екен. Сол себепті аталған екі ата елдің жасы үлкені Құдайбердінің ағасындай, кішісі туған інісіндей күн кешіп, сый-құрмет көрген. Құдайберді өзі өле-өлгенше бұл таптарға артық шығын тарттырған емес.

Құдайберді барлық шаруа қам-қарекетін есті әйелі Төлебикеге билетіп қоя берген. Төлебике Әнет, Қарабатырлардың нашар, жетім-жесірлеріне қатты қарайласқан. Қый оярда, соғым соярда олардың әйел-еркектерін шақыртып алып, жұмыс істетіп, қайтарында қап-қап ет, керек-жарақтарын арқалатып жібереді дейді. Әрине олар келген соң бос қайтпайтындарын біледі. Қайсысы келсе де, бірдеме дәметіп келеді. Олар сұрағанын алып қайтады. Төлебикені Дәметкен атандырған да осы шағын қауым.

Құдайберді құс алып, мылтық атып, аң аулайтын адам болған. Қыста соғым кезінде Құдайберді кешке аңнан қайтып келе жатса, өзенді өрлеп, қаппен жас ет арқалаған он шақты әйел-еркек қарсы ұшырасады. Құдайберді оларға амандасып, өте шығады. Аңшылар ақпан келіп шай ішіп отырғанда, Құдайберді: «Дәметкен, сен олардың еңбегін өтеуде менен өттің. Бұлардың ашына тамақ, жалаңашына киім болдық. Енді сен бұлай етпе. Олар үшін артық соғым сойғыз, бүгінгідей еттерін жаяу арқалатпа, бас білетін түйелерге мінгізіп жібер, өзіміздің көзіміз тірі тұрғанда, бұларды бір нәрсеге мұқтаж етпелік», — депті.

Құдайбердінің балаларының ішінде жастайынан басқа балаларынан гөрі қылығы өзгеше, зейінді, сезімі, сергек зерегі Шәкәрім болды.

Семей медресесінен оқып шыққан руы Қарабатыр, бізге көрші Өтебай деген молданы Құдайберді өз қолына ұстап, оған әйел әперіп, балаларын оқытты. Өтебайдан Құдайбердінің балалары Әмір, Мұртаза, Шаһмардан және көрші ауылдардың балалары оқыды. Осылармен бірге 5 жастағы Шәкәрім де оқиды.

Әмір жиын - сауықта, ән салып, өлең айтуға, думанға құмар болады. Ал Шәкәрім оқуға өте зерек болып, хатты тез танып шығады. Осы қабілетін байқаған әке-шешесі Шәкәрімге баса көңіл бөліп, әсіресе, шешесі араб, түрік тілдерін қосымша үйретіп отыратын болған.

Шәкәрім жасынан жалғыз ойнап, не әке, не шешесі қасында көбірек жүретін. Әнді жақсы салып, домбыраны шебер шерте білетін Өмір Шәкәрімге домбыра үйретеді.

Шәкәрім жалғыз ойнағанда әкесінің қағаздан қиып жасаған неше түрлі суреттері — арқар, қасқыр, түлкі, құс, құсбегі, қаз, үйрек, қаршыға бейнелерін ермек қылып отыратын. Шешесінің қасында ойған оюына, тіккен кестесіне қарап отырып өзі де ою ойып, сурет салатын болған. Онымен қабат пышақ соғуға, қарала жүргізуге талаптанады. Демек өзі айтқандай: «Бала кезімде қолым тыныш отырмайтын, не темірді егеп, не ою ойып, не ағаш жонып, бірдеме жасап отыратынмын», — дегеніндей, қолөнерге бейімделе бастайды. Сүйтіп жүріп, қолөнерге де шебер болып шығады.

Шәкәрім бір әңгімесінде: «Әкем өлгеннен кейін, жас кезінде шошалаға барып, қый шоғына қыздырып кездік соқпақ болдым. Ол үшін ескі орақтың шыбығын кесіп алып отқа қыздырып соғып, әбден жұқартып егеп, қайта қыздырын суарған кезде, кездігімнің жүзі жарылып кетті. Сүйтіп, бірнеше кездік соқсам да, қыздырып суарғанда бәрінің жүзі жарылып, іске асыра алмай әуре болып жатқанымда, Абай ағам шошалаға кіріп, кездік соғып жатқанымды көрді. Мен сәлем бердім. Абай аға сәлемімді алып, «Кездік соғып жатырсың ба, Шәкәрім?» — Деді. Мен: «Соғайын деп едім, бірақ суарғанда бәрінің, жүзі жарылып кетеді» — деп, соққан, жүзі жарылған кездіктерді көрсеттім. Абай соққан кездіктеріме қарап, «Өзің ұстасың, ғой. Кездіктеріңнің мүсіні жақсы келген, бірақ суарғанда жүздерін жарып алыпсың.

Жеңешемнен неге сұрамадың, қалай суаруды?» — деп тұрғанда шешем келіп, Абайға амандасты. Абай амандасып болған соң, «Жеңеше, Шәкәрімнің ұста болмақ ойы бар екен, бірақ суарудың рет - жөнін білмейтін көрінеді Суаруды неге үйретпейсіз?» — деді.

Шешем де кездіктерімді көріп: «Кездіктеріңнің жүздері жарылып кетуі біріншіден, өте қыздырып алып суарғансың, екіншіден, жұқа жүз жағынан суарғансың сондықтан жарылған», — деді. «Пышақтың қалың сыртынан суарған жөн деп, суаруға дайындап қойған кездігімді қыздыртып «былай суар» деп, көрсетіп, сыртынан суартып еді, кездіктің жүзі жарылмай шықты. Сүйтіп, пышақ соғуды да үйрендім», — дейтін.

«Абай бізді жақсы көретін, келгенде қасына жатамыз деп таласатынбыз. Абай: «Бұл кіші ғой» — деп мені қойнына алып жататын, басқа балалар да Абайдың айналасына жайғасатын. Бізге әңгіме айтып беріп, оқыған оқуымды, жаттаған қиссаларымды айтқызатын еді», — дейді Шәкәрім.

Шәкәрім жасынан «Мың бір түн» әңгімелерін оқып, ертек қып айтып, парсы, араб ақындарының бәйіттерін жатқа төгілдіретін болған. Олармен бірге қазақтың «Ер Тарғын», «Алпамыс», «Қобыланды», «Қыз-Жібек» сияқты қиссаларын оқып, жаттап алған. Ескі жыраулардан — Бұқар, Асан, Марабай, мәтел - мақалдарын, мәнді — нақыл сөздерін оқыған. Осы аталған ақын - жыраулардың жыр - өлеңдерін бертінге дейін жатқа айтқанын сан естігем.

Әкей: «Бала кезімде «Қыз-Жібек» қиссасындағы Төлегеннің алты қазға айтқан зарын оқығанда, «Алпамыс» қиссасындағы Жәдігердің зарлап айтқан өтініш - мұңын оқығанда, жыламай оқи алмайтын едім», — дейтін. Сол қиссаның өзі ұнатқан жерлерін, Ақжүністің Қарт Қожаққа айтқаны сияқтыларын бізге жатқа оқып, «Ер Тарғынды» жазған Марабайды және шығыс, батыс ақындарын мақтап отыратын.

1866 жылы көкек айында, 37 жасқа шығарда Құдайберді қайтыс болады. Оның үлкен баласы Әмір 14 жаста, Мұртаза 14 жаста, Шаһмардан 9 жаста, Шәкәрім 7 жаста, Ырзықбай қырқынан шықпай қалады. Үлкен әйелі Төлебике 36 жасында, кіші әйелі Ботантай 33 жасында жесір атанады. Құдайбердіні жоқтау дауысты үлкен әйелі Төлебике жазған, Абай да жазған. Ол кезде марқұм адамға бағыштаған дауысты жай күнде айтып жүрсе, жаман ырым болады деп айтқызбаған. Мына екі ауыз әжем шығарған жоқтауды мен үлкен шешемнен ұққан едім.

Қаза емес арман басылар,

Қайғыны қалай жасырар.

Артында қалған жетімдер,

Әкелеп кімге асылар?

Зарымды жалын өрлетіп,

Шығарар тілден тербетіп

Балапандарың балдырған,

Болар ма адам, ер жетіп?.

Шәкәрім аяулы әкесі жайында былай деп естелік айтатын: «Мен әкемді жасымнан жақсы білемін. Әсіресе, кейінгі жылдары, күндері көз алдымда тұрады. Ақырғы жылда бұрынғыдай аңға жиі шықпай, үйде болатын уақыттары көп болды. Түрікше әңгіме кітаптарды оқуын қойған жоқ. Өтер жылы күздің басынан төсек тартып жатпаса да, жүдеу тартып, жөтелі жиілей бастады. Әкем ұзын бойлы, ақсұр, қара мұрт, қара сақал, өткір көзді, тік иықты, сырт пішіні сұлу, қимылы тез, сергек адам еді. Сөзден қалған жоқ бірақ еті арылып, арықтай бастады. Қыс ортасына тақағанда, әкесі Құнанбайға сәлем берем, шешелеріме амандасамын деп, Мырзағұл деген жолдасын ертіп, бауырға кетті. 4-5 күннен кейін кешке жақын Бәкем келе жатыр деп, үйдегілер тегіс тысқа шықты. Қарасаң, өзенді өрлеп, астында төртөбел аты бар, Мырзағұл екеуі келе жатыр екен. Барақ әкемнің атын ұстап, түсіріп жатқанда, тақап келген шешем: «Өңің қашып кетіпті, сырқаттанып қалғансың ба?» — деді. Әкем: «Ия! Сырқаттанып тұрмын», — дегеннен басқа ештеңе айтпай, тыстағылармен есендесіп, үйге кірді. Біз де үйге кіріп, әкемнің, айналасына қаумалай отырдың. Мен бұрынғы әдетімше, алдына барып отырайын деп жатқанымда, Мырзағұл аға: «Бәкен, сырқаттанып келді, мазасын алма, Шәкәрім»,—деді. Мен бетіне қарап, тұра бергенімде, әкем мені құшақтап, маңдайымнан сипап-иіскеді:

— Қай жерің ауырды? Қашан сырқаттандың? — деп жан - жақтан қойылған Барақ, Өтебай молдалардың сұрақтарына әкем: «Бүгін сырқаттандым...» — дегеннен басқа жауап қатқан жоқ.

Кісілер шай ішсін, балалар қарсы үйге барыңдар! — деген соң, Әмірден басқамыз тегіс қарсы үйге барып үрпиісе отырдың. Мен артынан білдім. Әкесіне сәлем беріп қайтып келе жатқанда, әкем ат үстінде жөтеліп, атынан түсе - мүсе қан құсып жіберіпті. Мырзағұл басын сүйеп, сол арада көп отырып, қайта атқа мініпті.

Әкем қыста қысыр байлатып, қымыз ішетін, кейін қымызды да көп ішпейтін болды. Науқасы бұрынғыдан ауырлап, қан құсқанын маңайдағы ауылдар естіп, көңілін сұрағандар жиі келетін болды. Қысқы қатынасқаннан бұл жайды қалада жатқан Абай естіп-біліп, дәрілер алып, біздің ауылға келеді. Әкем Абайдың сәлемін алып, олар құшақтаса көрісті. Абай әкеме ақ ұнтақ дәрі және тамызып ішетін қызғылт дәрілерді ішкізді. Содан әкем Абаймен сырқаты жоқ адамдай шүйіркелесе әңгімелесіп кетті. Абай әкейге «қалаға апарып дәрігерге қаратсам» деген ойын айтты, әкем «оның жөн ғой, бірақ, қазір қыс уақыты, жаз шыға апарарсың» деді.

Көкек айының іші, күн жылынып, жер көктей бастаған кез. Әкемнің сырқаты бұл уақытта ауырлап, төсек тартып жатқан болатын. Қораның қасындағы кен, көгалға үй тігіп, әкемді сонда жатқызғанына бірнеше күн болған. Әкем өте арықтап, өңі ағарып, төсекте бірде басын көтеріп отырып, бірде жататын, анда-санда сусын ішеді. Қасынан шықпай отыратындар Абай, Әмір өз шешем басын сүйеп, кіші шешем аяғын сипап отыратын. Сондай жүдесе де, әкем сөзден қалған жоқ, Абаймен, шешелерімен ақырын, баяу дауыспен сөйлесіп те қоятын. Басқалардан қасында Өтебай молда отырып, кейінгі кезде молда әкеме анда-санда дем салып қоятын болды. Осыны байқаған соң, балалардың ойнап, айғайлауы тоқталған. Кейде ойнап, айғайлаған бала болса, Мырзағұл шығып оларға ұрсып тастайтын. Мырзағұл әкемнен үлкен, оны әке - шешелерім қатты сыйлайтын. Сондықтан біз де Мырзағұлдан именетінбіз. Үйде жүрген әйел-еркектердің де бұрынғыдай жайдары, ашық мінездері, қатты сөйлескен күлкі - әзілдері, шуы да жоқ, сыбырлап қана сөйлейтін болған.

Маған айналамдағы барлық тіршілік тылсыммен байланып, қозғалмай қалғандай сезініп, ойымды көңілсіздік, бір ауыр нәрсе басқандай жүрегіме бір зат қадалғандай, жүрегім лүпілдей беретін болды. Балалар да далада ойнамай, үйде отыратынбыз.

Бір мезгілде, бізді үйге шақыруға Барақ келді. Оның көзінде іркілген жас көрінді, мен оны байқап, жүрегім дүрсілдеп, шошып кеттім. Мұртаза: «Бізді кім шақырады?» — дегенде, Барақ: «Бәкем шақырады» — деп, ертіп келді. Үйге кірсек, жастығы жоғары салынған әкем шалқасынан жатыр екен. Ақырын дауыспен: «Бері келіңдер», — деген соң, біз қасына келдік. Әрқайсымызды құшақтап, төсіне қысып, маңдайымыздан иіскеді, басымыздан салқын алақанымен сипады. Бізді Барақ үйден алып шығарды, біз жылап жібердік. Ол: «Бәкем қысылыңқырап жатыр, жазылады, жыламаңдар, жаман болады!» — деп жұбатты. Бізді Айдынай атқарып, тамақтандырмақ болып жүр еді. Қазақ үйден әйел -еркектердің шу етіп жылаған дауыстары шықты. Әкем өлді. Біз тысқа шықтық. Абай мені құшақтап, көп жылады. Абайды Мырзағұл жұбатып, тоқтау айтты.

Әкем қайтыс болған соң, ауылға көп кісілер жиналып, әкемді жатқан үйден кілемге орап, қара ала патсайы шапанды үстіне жауып, бір топ адам көтеріп алып шығып, қораның күн батыс жағындағы кең жазық көгалдың ортасына апарып қойды. Көп адам қатар тұрып жаназа оқып, теңге салып, көп адамдар өзенді құлдап алып кетті. Үйден шешелеріммен бірге көп әйелдер шығып дауыстап жылап тұрды. Біз де әкеміздің сүйегін алып бара жатқандардың қарасы үзілгенше жылап қарап тұрдық.

Әкем өлгеннен бастап, таяққа таянып еркектердің күңіренген мұңлы дауыстары, үйдегі жоқтау айтып, зарлаған әйелдердің зарлы үндері бір ауыр қайғыны жүрегіме орнатып, езіп-жаншып тұрғандай сезілді. Жаралыстың жайнап, жарасымды жасыл көктемі болып тұрса да, менің ойымды бір зілдей ауыр нәрсе басып тұрғандай болды. Мен әйелдер отырған үйді жағалап жүріп, олардың, зарларын еститінмін. Олардың аянышты зарлы жоқтау сөздерін естіп, кейде жылап алатынмын. Жоқтауларын жатқа айта алатын едім. Жәдігердің жайын өзіме ұқсатып, оңашада көп жылап отыратын едім. Әкемді ойлап, оның еркелеткені, айтқан сөздері есіме түсіп, өксігімді баса алмайтын да кезім болды. Төлегеннің қаздарға айтқан зары, Төлегеннің өлгені көз алдымда тұрғандай болып, мен де зар-мұңымды айтсам дегендей болушы едім», — дейтін еді Шәкәрім.

Абай Шәкәрімнің, жасынан домбыраға құмарлығын байқап, күздің басында, керей руынан шыққан атақты домбырашы — Біткенбай деген адамды шақыртып алып, Шәкәрімге күй үйретуді тапсырады. Бір жылға тақау, ел жайлауға шыққанша, Біткенбай Құдайбердінің аулында болып, Шәкәрім одан — «Саймақтың сары өзені», «Алшағырдың ашты күйі», «Асан күйі», «Ала байрақ», «Кертолғау», «Азаматқожа», «Теріс қақпай», «Ақсақ құлан», «Ақпан күйі», «Аққу зары», «Бозінген», «Ақсақ тоқты», «Боз айғыр», «Қара жорға», «Қорқыт сарыны», «Қорамжан», «Жетім қыздың зары», «Әсірқалша» сияқты көптеген қазақ күйлерін үйренеді. Ел жайлауға шығып, кереймен біздің ел беттесіп келгенде, Дәметкен Біткенбайға көйлек, шапан кигізіп, сауынға бір сиыр айдатып, бір бесті ат мінгізіп қайтарады. Шәкәрім: «Менің домбыра ұстазым — Біткенбай, оны тауып алдырып беруші — Абай», — дейтін әркез.

Шәкәрім жасынан қол өнерге — ою ойып, киім пішуге ұсталық ісіне шебер болған дедік. Бұзылған сағат, іс машиналарын бөлшектеп, олардың құрылыстарымен танысып, оларды жөндейтін де қасиет бар еді әкейдің. Сағат, машина, темір соғуға, істеуге керекті ұсақ саймандары өзі көз жұмғанша бар болатын. Ағаштан ойған ожаулар, қаралап соққан пышақтары болушы еді. Шәкәрім киімді не қазаққа, не басқа елдер үлгісіне ұқсатпай, пішіп киетін болған. Оюдың бұрынғы қошқар мүйіз нақыштарына бірнеше түрлерін енгізген. Жастың бетінің, түскиіздің кестелеу оюының нәзік, ұсақ оюларын шығарған. Тек мұнымен ғана шұғылданбай, Абай әкеп берген, әкесінен қалған «Мың бір түн», ескі қиссаларды жасынан үзбей оқитын болған. Құрбы-құрдастарына өлең шығарып, жиын, той-думанға кеп араласқан, 13 жасынан бастап аңшылыққа ауады.

Шәкәрім: «Аңшылыққа жасымнан құмар болдым. Әкемнен қалған шитіні алып, тауға аң аулап шығып кететін едім. Ауыр шиті иығымды қиып кеткен күндері де болды. Сол аңға құмарлықты қоя алмай кеттім» — дейтін.

Шәкәрімнің басынан өткізген істері өте көп те, әрі қызық Бірақ оның бәрін жазуға қаншама уақыт керек және сексенге жуықтаған жасы бар менің өмірім де оған жетпес, дегенмен бірлі - жарымын кейінгі ұрпақ үшін хатқа түсірмекпін. Шәкәрім бір әңгімесінде: «Әкем қайтыс болғанына көп уақыт өткен жоқ. Мен қыстаудың алдындағы төбеде жалғыз отырып, тасқа өрмелеп бара жатқан жұлдыз құртты езіп өлтіріп алдым. Өлтірсем де оған жаным ашып, өз жетімдігім ойыма түсіп, «құрт болып» өлең шығарғаным есімде. Басқасы ұмытылып, екі аузы ойымда қалды», — дейтін. Сол екі ауыз өлеңі:

Өлтірдің, онан таптың қандай пайда?

Өмір сүріп жүруші ем жазда сайда.

Жетімдік қандайлығын көзің көрді,

Кешегі тірі жүрген әкең қайда?!

Менің де жетім қалды балаларым,

Олар да жылайды аңсап аналарын.

Өзің жетім, жетімді аясаңшы,

Жоқ екен басыңда ми - саналарың...

Осындай бірнеше ауыз өлең еді. Осы өлеңімді кешке шешелеріме оқып беріп, шешелерімнің жылағаны есімде. Абай келгенде, өз шешем айтып, Абай оқып көрді, шешем Абайға сен Шәкәрімге өлеңді әзір жазба деп, ақыл айт дегенде, Абай: «Шәкәрімге өлең жазба демеңіз, оны тыймаңыз. Жазсын, өзім қалай жазуды үйретемін», — деді. Абай маған өлеңді қалай жазу керек, қандай өлең жазу керектігін айтып көп-көп кеңес, ақыл беретін. Мені Абай тәрбиеледі. Абай болмағанда, мұндай болуым неғайбыл еді» — дейтін.

Тоғыз жасында Шәкәрімге шешек шығып, қатты ауырады. Осыдан бастап, молдадан оқуды доғарады. Абай Құдайбердінің аулына жиі келіп, інілерінің, жеңгелерінің, хал-жағдайын біліп, бірнеше күндеп жатады. Інілеріне, әсіресе, Шәкәрімге ақыл айтып, оқитын кітаптар беретін болған.

Шәкәрім өз тұсындағы құсбегі, мерген болғандардың алдыңғы қатарындағы адам еді. Шәкәрім жақсы мерген болуыма да, Абай себеп болды деп, ол жайында былайша сыр тарқататын. Бір жылы жазғытұрым Абай аулына бір мерген адам келіп жатады. Абай мені шақыртқан соң барсам, орта жастағы орыс екен. Ай жарық, желсіз түнде, ол мергендігін көрсетпек болды. Екі жүз қадамдай жерге мосы тігіп, оның жел жағын киізбен қалқалап, ортасына май - шам жаққызып, сол шамның тек білтесін ғана қырқып түсіретінін айтты. Бұл жұмысты Баймағамбет орындап, өзі шамға таяу жерде тұрды. Мерген көп те сығаламай, атып жібергенде шам сөніп қалды. Жақында тұрған Баймағамбет шамды алып келді. Қарасаң, дәл білтенің түбінен қиып түсіпті, ал шамның өзіне оқ жөнді дарымаған. Ол Абайға таныс, Абай аулына құс атуға келген адам екен.

Шыңғыс сыртында айналасы қалың қамыс «Саркөл» — деген көл болатын. Онда жазғытұрым құс көп болады. Мен мергенге сол көлге барып құс атайық деп кеңес бердім. Оны Абай да мақұлдап, Саркөлге қостап барып, құс атып, бір айдай жаттың. Атқаны қашанда құр кетпейді. Түнде де атады. Бір жүндес ақ иті бар, жаралы, атып түсірген құсты қолма-қол алып келеді.

«Түнде қалай атасыз?» — дегенімде ол: «Түнде суда отырған көп құстардың шу дыбыстары естіледі. Мен құсты көрмей, тыңдап, дауысты межелеп атамын. Оларға көбіне оқ басынан тиеді», — деді. Мен кейін аңғардым, шынында оқ түнде атылған құстың көбінің басынан тиген боп шықты. Көп құс аттық. Атқан құстардың жүндерін өзі не бақыршыға жүндетіп, жүнді қапқа салдырып, еттерін аздап тұздап, кептіре береді. «Құдайбердиевич! Бізде ет болмайды. Сіздердей соя беретін қой жоқ қой» деп қалжыңдап қояды. Өте адал, ақкөңіл адам еді. Маған аңшы жайлы көп-көп қызықты әңгімелер айтып, көз мергеннен қол мерген артың болады деп, маған көп сығаламай, екі жағымнан да атуды сол адам үйретті. Және ұшып бара жатқан, не су толқынында жүзіп бара жатқан, желді күні құсты қалай көздеп, қай жерінен сығалап атуды да үйретті. Өзі Омбыда туып, жасында сонда болғанын, мергендікке бала кезінен құмар болғанын айтты. «Өзіңдей мерген көрдіңіз бе?» дегенімде ол күліп: «Өзімнен артың мергенді көрдім. Мені үйреткен бір ұстазым болды. Сол екеуміз бір күні қайыққа мініп, құс атуға келе жаттық. Бізден төмен жеңіл қайықпен жүзіп бара жатқан екі адамды көрдік. Бірі екі күректі есіп барады. Бірі аузына нанын тістеп, темекі сорып, қайық ортасындағы көлденең салынған тақтайда отыр. Әлгі менің қасымдағы ұстазым «Анау отырған адамның аузындағы нанын атам» — деп, мылтығын жұлып алдым. Мен өлтіресіз деп, қолынан ұстай алдым. Оған болған жоқ атып қалды. Менің зәрем ұшып кетті, нан тартып отырған адам шалқалап құлады. Мен өлді дедім. Сонда жолдасым: «Өлген жоқ, оқ нанды жұлып кеткенде, оқ екпінінен құлады» — деді. «Қайта қарасам тірі екен. Міне, осындай епті, менен артық — сол ұстазым!» деді мерген. Ұшып бара жатқанда атуға қиын бұлдырық болады. Ол тура ұшпай, бұлтақтап ұшады. Бұлдырық атайық деп, екеуміз Бұлдырық атуға шықтық. Ол бұлдырықты ұша жөнелгенде бірақ атып түсіреді. Мен көпке дейін тигізе алмай жүріп, ақыры бұлдырық атудың да айласын үйрендім. Сол алғашқы ұстазыма ырза болдым. Қайтарда ауылға ертіп келіп, Әмір мен шешелеріме қой беретінімді айтқанымда, Әмір: «Оның аз ғой. Ол сені өлмейтін өнерге үйретті, ат не құнан неге бермейсің? — деді. Мен қуанып, Өмірді құшақтадым. Сөйтіп, досыма бір семіз торала құнанды беріп, Ақшоқыға жеткіздіртіп салдым».

Абай Шәкәрімге орысша оқы деп ақыл айтады. Шәкәрім орысша білетін Нұрпейіс деген адамды қолына ұстап, орысша үйреніп, сөздік алып, орыс тілін жақсы үйреніп алады. Нұрпейіс бертінде қайтыс болды. Үйге келгенде: «Шәкәрім менің шәкіртім еді. Менен асып кетті. О да жақсы. Абай айтатын еді, «Шәкірті ұстазынан асса, оған ұстазы қуануға керек», — деп. Мен Шәкәрімді көргенде сол себепті қатты қуанамын», — деп жайдарлана күлетін. Әкей Нұрпейісті сыйлайтын.

Он бес жасқа келгенде Шәкәрім қаршыға ұстап, құс баптап, аңшылық жолына түседі. Осыдан бастап, қыс болса қостап, елсіз жайлауға барып, аң аулайды. Жаз болса, қаршыға салады. Қостап шыққанда, оқитын, жазатын құралдарын ала жүретін. Шәкәрімнің нағашылары музыкаға құмар, скрипка тартуға шебер болған. Ол ауыл да өлең - әңгімеге құмар, сауықшыл ауылдың бірі еді. Шәкәрім нағашыларының аулына барып тұратын. Он жеті жасынан бастап скрипка тартуды үйренеді. Қаладағы музыкант орысқа «скрипка алғызып бер» деп тапсырады. Жазғытұры барып, скрипкасын алып, сол орыстан да скрипка үйренеді. Гармонды бұрын үйренген. Орынбасар Мырзатайұлы, Өтегелді Сеңгірбайұлы, Сқақ Ырсайұлы сияқты әнші, әңгімеші, домбыра гармоншы адамдарды жинап алып, қосылып музыка ойнайтын болады. Мен жас кезімде әкемнің мұндай ісін көрдім. Жоғарғы адамдар жиылып бірі гармон, бірі скрипка, бірі домбыра тартып, кейбірі тісіне жұқа қағаз, не тарақ қойып ысқырып, Базарбай үлкен жез шіләпшінді оқтаумен ұрып даңғырлатып, бәрі қосылып ойнайтын.

Әкем жасында киімді өте сәнді киеді екен. Мен білетіннен бастап құба төбел киетін, киген киімдерін таза ұстайтын еді. Көп ұйықтамайтын, ұйқысы сергек болатын. Жазуды отырып, дөңгелек столға жазатын. Жазу жазып, не оқып отырғанда, балалардың қасында ойнағандарына алаң болмайтын. Мен ініммен екеуміз жазу жазып отырған үлкен столының бос жеріне кеней тігіп ататынбыз. Сақамыз не қолына, не сыясына тиіп кеткенде ғана «ақырын» дейтін де қоятын. Әкем жалпы балаларды жақсы көретін. Баласын ұрып, ұрысқан адамдарға: «Өзің бала күніңде істегеніңді ұмытып кеткен соң, ұрсасың-ау!» — дейтін. Бізбен ойнап еріп келген, не үй маңына келген, үйге кірген балаларға бізбен тамақ ішкізетін, сондықтан әкемнен бір бала қашпайтын. Әрине, жарамсыз істесек ұрсатын. Он алты жасымда, есімнен қалмастай бір ұрысқаны мәңгілік есімде қалды. Біздің үлкен ауылдың алдында қатар екі көл болатын — бірінің суы бар, бірі сусыз батпақ болушы еді. Екі көлдің арасы жақын ортасында қылдай жол бар. Күн жауғанда сол жолдан жүрген адам батпақтап жүре алмайтын. Мен бауыр жақтан келе жатсам, екі көлдің арасындағы жолда бір қартаң адамның екі қап бидай теңдеген түйесі батпаққа батып қалып, екі қапты батпақ жерге қалдырып, түйесін құрғақ жерге шығарып, батпақтағы бір қабын сүйреп, түйе қасына әкеп қойған екен. Мен қасына тақап келгенде ақсақал: «Балам, бір қапты түйенің қабырғасына қойып берейін, сен сүйеп тұр, ана қапты әкеліп, теңдеп алайын» — деді. Мен оның айтқанына құлақ аспай, жүріп кеттім. Мен үлкен ауылға барып, Шидің жиегіне бүгін қонған ауылға келсем, әкей өзінің қосында отыр екен. Мен өзіміздің үйге түсіп жатқанымда, әкей «бері кел!» деп шақырды. Мен келсем, бағанағы өзіме кездескен ақсақал отыр екен. Олар менің келе жатқанымды түрулі тұрған қостың есігінен байқапты. Мен кірісімен әкей: «Мына ақсақалға жолықтың ба?» — деп сұрады. Мен тана алмадым, «Жолықтым!» — деуім-ақ мұң екен, қатты ұрысты. «Саған мұны кім үйретті? Өзің осы ақсақалдай болмайсың б

0
Рейтинг: +1

Жазылған уақыты: 05 тамыз, 10:24
Тегтер: Шәкәрім Құдайбердіұлы, Шәкәрім туған күн, Шәкәрім өмірбаян

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.