Бала тәрбиесі- қоғам айнасы

Бала тәрбиесі- қоғам айнасы
жеке
блог

     Қазақ халқы ерте кезден «ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп бекер айтпаса керек. Кең даланы жайлап өскен ұлтымыздың өзіне тән халықтық педагогикасын өскелең ұрпақтың бойына сіңіру маңызды. Дана халқымыз бала тәрбиесіне өте ұқыптылықпен қарап, оларға күтімнің маңыздылығын түрлі мысалдармен ұштастыра білген. Соның ішінде бала тәрбиесі мен ағаш күтімін ұқсатады. Яғни, ағаштың артық өскен сабақтарын қырқып, түбін әктеп тұрсаң ол ағаш түзу өсіп, құрылысқа жарамды ағашқа айналады, ал еркімен өскен ағаш қисайып үсті құрттап ақыр соңында отыннан басқаға жарамай қалатындығы сөзсіз.

     Бала тәрбиесінің қалыптасуында көптеген факторлардың әсері болады. Оның арасында ең маңыздылары: жанұя, қоршаған орта, оқу орны және бұқаралық ақпарат құралдары. Дұрыс тәрбие қалыптастыру жолында тек отбасы институты маңызды деген қате пікір. Бұлардың әрқайсысы бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болуы керек. Біреуі өз қызметін дұрыс атқармаса, белгілі бір дәрежеде ол екіншісіне кері әсерін тигізері сөзсіз. Ұлы ойшыл әл-Фарабидің: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» деген сөздері осының дәлелі болса керек.

     Қоршаған ортаны танып білуде баланың ең алғашқы көмекшісі ата-ана. Бесіктен белі шықпай жатып, бала үшін ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін танытып бастаудың рөлі зор. Хәкім Абай: «Адамның жақсы болуы тегінде емес, тәрбиесінде, ақылында, өнер, білімінде. Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, досынан. Әсіресе олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады», — деген екен. Расында да, ата-ана мен ұстазбен шектелмей, оның ортасына да ден қойған дұрыс.

     Қазіргі қоғамның алдында тұрған мәселенің бірі – бүгінгі жас жеткіншектің бойына бәсекеге қабілетті құндылықты қалыптастырып, дамытуға айрықша көңіл бөлуді қажет етеді. Әр баланы өз кезегінде ата-баба өсиеттерін сіңіріп, салт-дәстүрлерді біліп, ел қамын ойлайтын, тілін, дінін құрметтейтін, өз ұлтымен қатар өзгелерді сыйлай алатындай етіп шығару ата-ананың басты мақсаты болуға тиіс. Бүгінгі таңда еліміздің бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіруі-басты мәселе.Еліміздің ертеңі- бүгінгі жастар. Оларды дұрыс тәрбиемен қатар озық үлгілі біліммен де қамтамасыз ету маңызды міндеттеріміздің бірі.

                                                    

Алтынай БАЖИКОВА,
 С. Сейфуллин атындағы жалпы орта мектебінің
 бастауыш сынып мұғалімі.
 Түркістан облысы, Ордабасы ауданы