Қызым саған айтам, келінім сен тыңда. Тәрбие блогы: Қазақ балалар әдебиеті

Қызым саған айтам, келінім сен тыңда. Тәрбие блогы: Қазақ балалар әдебиеті
жеке
блог

«Ерте ерте ертеде, ешкі жүні бөртеде...» деп шығыс халықтарының ертегілерімен сусындаған бала Абайға әжесі Зере өз ақылы мен нақылын ауыздан-ауызға тараған осы көркем шығармалар арқылы жеткізетін. Абайдың ұлы атануына себепші жастайынан өлең-қиссалар мен кітаптарға деген қызығушылық болуы керек. Кім біледі, ол заманда ауыз әдебиеті балаларға уақытты қызықты өткізетін аз ермектердің бірі болған шығар...

Қазір заман басқа... Технологиялар ғасырында өмір сүріп жатқан бүлдіршіндерге және жас өспірімдерге уақытты көңілді өткізетін «активитилер» көп: видеойындар, Интернет, теледидар. Қазақ өркениетінің дамуына бұл кедергі келтіреді ме?!

Тарихы жүздеген жылдарға жалғасқан қазақ әдебиеті – ата-бабаларамыздан сақталып келген ұлтымыздың бір тамыры. Шыны керек, бүгінгі таңда қазақ әдебиетіне деген сұраныс аз; сол себепті де, қазіргі қазақ әдебиеті өткен ғасырларда әлемдік классикалардан кем түспейтін қазақ қаламгерлерінен туындаған шығармаларға сапасы жағынан жетпейді. Оған себеп, жастар қазақ әдебиетін менсінбейді; оған қарағанда, батыс әдебиетіне деген қызығушылықтарын танытады. Жоқ, бұл ұлтшылдық емес. Айтайын дегенім, осындай тенденцияның сақталуы  бір-екі ұрпақ ішінде мәдениетіміздің, тарихымыздың және ең бастысы – бай тіліміздің ұмытылуына алып келеді. «Егер тілім ертең болса құрымақ, мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ» деп Расул Ғамзатов айтпақшы, ұлт тағдырына қауіп төніп тұр.

Ұзын сөздің қысқасы, бұл блогта мен өзімнің басымнан өткен тәжірибеге сүйене отырып, балаларыңыздың, іні-қарындастарыңыздың қазақ әдебиетіне деген махаббатын оятатын үш жазушы туралы сөз қозғаймын.

Мектеп программасы бойынша алғашқы төрт жылда шағын әңгімелер, ертегілер оқытылады. Әдетте бала есейген сайын ертегілер қызықсыз көрінеді. Орта мектепке қадам басқан бүлдіршін Алпамыс, Қобыланды батыр сияқты жырлармен, Ер Төстік секілді көлемді ертегілермен таныс болады. Сынып жоғарылаған сайын, жеткіншектер XIX – XX ғасыр қазақ әдебиеті әлеміне енеді.

Алайда, біздің қоғамда оқушы үшін мектеп бағдарламасындағы материал баға үшін мәжбүрлеу арқылы оқытылады. Яғни, қазақ әдебиеті баланың бос уақыттағы ермегі емес, керісінше, міндеті іспеттес болады.

                1 Кеңес:  Баланы кітап оқуға мәжбүрлемеңіз. Баланың кітапқа деген қызығушылығын кеңестеріңіз арқылы оятыңыз.

                2 Кеңес: Баланың кітап оқуға мүлдем қызығушылығы болмаса, алғашқы қадам ретінде өзі сүйіп көретін фильмдарының кітаптарын беріңіз: Гарри Поттер, Хроники Нарни, т.б.

                3 Кеңес: Мектеп бағдарламасында жоқ көркем шығармаларды оқытуға талпыныңыз.

Егер орта мектепте оқитын балаға «Абай жолын» немесе «Ақбілек» сынды шығармаларды беріп қойса, оның қазақ әдебиетіне деген құштарлығын айнытып алуымыз мүмкін. Сол себепті де баланың қазақ әдебиетіне сапарын балалар әдебиетімен бастаған жөн.

Балалар әдебиетінде оптимизм басым. Яғни, сары уайым, қайғылы оқиғалар көбінесе кездеспейді. Сонымен қатар, балаларға арналған шығармалардың тілі, ең алдымен, өзінің ана тілін жетік білуге, сөздік қорын байытуға, жүйелі түрде қисынды сөйлеуге, әсіресе, ана тілін сүйе білуге баулитын көркем құрал болуға негізделген.

Төменде ұсынылатын шығарманы әр оқыған сайын балалық шағым есіме түседі, сол себепті, балалық шағыммен жиі байланыстырамын. Қазақ әдебиетіне немқұрайлы қарамауым да осы көркем туындыны оқу арқылы туындағанын сеземін.

 

 

Менің атым Қожа. Бердібек Соқпақбаев

"Менің атым Қожа" фильмінен кадр. http://old.aikyn.kz/ru/articles/show/20906-_ozhany_n_ler_aida_ сайтынан алынды

"Менің атым Қожа" фильмінен кадр. Aikyn.kz сайтынан алынды

«Менің атым… Атымды айта бастасам, тілім таңдайыма жабысып қалғандай болады да тұрады.» деп басталатын Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі – бала көз қарасымен бейнеленетін шынайы өмірді сипаттау арқылы оқырмандарының жүрегіне жол тапқан ерекше шығарма. Повестьте кішкентай Қожаның мектеп қабырғасында және мектеп қабырғасынан тыс болған оқиғалары баяндалады. Қожабергеннің ақылды тентектілігінен «жазушы», «ғарышкер» боламын қиял-армандарынан еріксіз езу тартқызуы – қызық сюжеттен пен бала тілмен шебер суреттелген жазушының еңбегі. Бұл повесть 12-13 жастағы бала үшін (әсіресе, ұл балалар үшін) таптырмас шығарма екені сөзсіз.

-          Осы повеске негізделген «Менің атым Қожа» атты комедиялық көркемфильм – қазақ кинематографиясы шедеврларының бірі.

-          Балаңызды қызықтыру үшін фильмді интернеттан көрсетуіңізге болады.  Атап айтқанда, YouTube желісінде жүктелген видеосы бар. Немесе, мемлекеттік демалыс күндерінде әртүрлі каналдар көрермендерге осы фильмді жиі ұсынады (алғашқы рет кездейсоқ теледирдан тамашалаған болатынмын)

Қазақ балалар әдебиетінің мол қазынасы тек «Менің атым Қожа» повестімен ғана шектелген жоқ. «Қазақ балалар әдебиетінің ақсақалы» атанған Сапарғали Бегалин, Дулат Исабеков сынды сөз шеберлеріміздің «Бала Шоқан», «Дермене» және «Ермектің алмасы» сияқты туындылары бүлдіршіннің «шорт-листына» енуі керек деп ойлаймын.

 

 

 

Қолданылған әдебиет тізімі

Қожа, Ая. 2011. «Менің атым Қожа» немесе қазіргі балалар образы. http://kerekinfo.kz/2011/11/07/meni-atym-ozha-nemese-azirgi-balalar-obrazy.html

Балалар әдебиеті туралы түсінік. 2018. https://baribar.kz/student/13035/balalar-adebieti-turaly-tusinik/