Жетісудың мүсін тастары

Жетісудың мүсін тастары
жеке
блог

Ата-бабамыздан ғасырлар бойы мирас болып сақталып келген мүсін тастар – күллі түркі әлеміне ортақ саналатын асыл мұра. «Мүсін тастар» – тамыры терең тарихтың куәгерлері. Өкінішке қарай адамдар көбіне мүсін тастар мен балбал тастарды ажырата алмай жатады. Археология ғылымындағы балбал тас пен мүсін тас атауларынан бөлек, бүгінде халық арасында «тас мүсін», «адам тас», «тас батыр», «палуан тас» деген атаулардың жиі кездесетінін айта кетейік.

Балбалдар мен мүсін тастардың айырмашылығы туралы айтсақ, қоршаудың сыртындағы шығыс іргеге қайтыс болған адамның бейнесін көрсететін тас мүсін қойылса, одан әрі шығысқа қарай ондаған, жүздеген балбалдар (тік қойылған бағана тастар) тізбегі орнатылады. Мұндай тас бағаналар қаза болған ардақты батырмен қоштасу рәсімін, оған ас беру салтанатына арнайы келіп қатысқандар бір-бірден тас әкеліп қойған түрлі рулық топтар мен жекелеген адамдардың құрметін көрсететін семантикалық өрісі кең символдар болып есептеледі. Көрнекті ғалым және археолог Ә.Х.Марғұланның деректері бойынша, ертеректе Қарқаралы, Баянауыл жерлерінде жалпы саны 300-350 астам бағандардан тұратын балбал тізбектері кездескен. Мұндай аса үлкен тізбектер қайтыс болған адамның қадір-қасиетін, беделді болғанын білдіреді. Сондай-ақ, ашық аспан астында орналасқан бұл ескерткіштер шындығында ерте замандағы түркі халықтары мекен еткен ұланғайыр жердің шекарасын айқындайтын бірден-бір дереккөз болып табылады. «Ата-бабаларың осыншама ұлан ғайыр жерге ие болған, енді сендерде осы жерге ие болып қалыңдар» дегенді ашық айтып тұрғандай әсер қалдырады.

«Есік» қорық-музейінің қақпасынан кіре қалған сізді көненің көзіндей, ежелгі бабалар рухының өзіндей болып қатар-қатар сап түзеген бейнелер, яғни ежелгі бабаларымыздың өнер туындысы тас мүсіндер қарсы алады. Олардың музей ауласынан орын алуының өз тарихы бар. Жеті бірдей тас мүсін археологиялық барлау жұмыстары шеңберінде және де аймақтағы адамдардың жеке коллекцияларынан алынып, қорық-музейдің қорына арнайы тапсырылған құнды жәдігерлер. Хронологиялық мерзімдері ерте түркі дәуірінен бастау алады.

Олардың бірі – Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Кетпен асуы, Жаманбұлақ жерінен табылған. Таста ер адамның бет пішіні кескінделген. Тастың биіктігі – 116 см, ені 43 см, қалындығы – 19,5 см (1-сурет).

1-сурет

Алматы облысы, Райымбек ауданы, Байынқол өзенінің маңындағы Талды деген жерден табылған VIII-IX ғасырдың еншісіндегі екінші тас мүсінде де ар адамның бет-бейнесі кескінделген. Көздері қиғаш, екі жаққа қараған ұштары көтеріңкі мұрты бар және сол қолында ұстаған құтысы бедерленген (2-сурет).

2-сурет

Бұл мүсін тастарды жеке кәсіпкер, зейнеткер, археолог боламын деген бала арманының отын өшірмеген Сайтбеков Әбдімәлік ағамыз жылдар бойы сақтап, соңында музей қорына өз қолымен табыстаған болатын. Тарихымыздан сыр шертетін, бабаларымыздың өнерін паш ететін тас мүсіндерді суреттен ғана тамашалап қоймай, музейге келіп өз көздеріңізбен көрсеңіздер ерекше әсер алатыныңыз анық.

2018 жылы Қордай аумағында Андрей Бузыкин мен Елена Теплухина бастаған экспедиция кездейсоқ Түркі дәуіріне жататын батырдың басына қойылған мүсін тасты кездестіргенін хабарлады. Қорық музейдің қызметкерлері Ермек Джасыбаев пен Бекбол Нұрмұханбетов құтқару экспедициясын құрып, аманат етіп тапсырылған тасты музейге жеткізді (3-сурет).

3-сурет

Жалпы айтқанда антропоморфты мүсін тастардың биіктігі әртүрлі және ер адам мен әйел адамның бейнесі көптеп кездеседі. Екі метрден асатын адам кейпіндегі бұл мүсіндер көбінде көзі, мұрнының болуымен, малдас құрып отырумен немесе кеуде тұсында оң қолымен ыдыс ұстауымен ерекшеленеді.

Қорыта айтқанда, балбал тастарды мүсін тастардан бөлек дегенімізбен, олардың екеуі де жерлеу рәсімінің ғұрыптық құрамдас бөлігі болған. Мүсін тас қайтыс болған адамның басына қойылса, балбал тастар он шақты немесе жүз шақты шамасында жерге тізбектеліп орнатылған. Әрине бұл мақаламызда біздер тас мүсін мен балбал тастардың толық немесе жеткілікті талдау жасадық деп айта алмаймыз. Себебі, Ұлы даламыздың ескерткіштерінің әлі де зерттелмегені, ашылмаған сырлары өте көп.

 Назира Сағындық, Айгерім Әмиева