Мамандықтың бәрі жақсы: Экскурсия жүргізуші

Мамандықтың бәрі жақсы: Экскурсия жүргізуші
жеке
блог

Музей – адамның рухани құндылықтарын дамытушы әрі бүгінгі өмірге тарих көзімен қарайтын орын болғандықтан, уақытша немесе науқандық дүние емес, сан ғасырларға есептеліп салынатын мәдени орталық. Өздеріңіз білесіздер, музей ісіндегі экскурсия жүргізуші мамандардың (экскурсоводтардың) атқарар қызметі өте зор.

Экскурсия жүргізуші  – жан-жақтылықты және зерделікті талап ететін шығармашылық мамандық. Сала қызметкерлері бір елдің ғана емес, әлем тарихын, мәдениетін білуі қажет. Бірнеше тілді білу де міндеттеледі әрі шетелге барып, біліктіліктерін арттырып отыруы да маңызды.  Музейге келген адам ең әуелі экскурсия жүргізушілері көрсеткен қызметке қарай музейдің бүгінгі тынысын байқайды. Сол себепті оларға қояр талап та жоғары болмақ.

Экскурсия жетекшілері - Айгерим Амиева және Назира Сағындық

Экскурсия жүргізушілердің негізгі міндеттері:

- зерттеу жұмыстарын жүргізу, архивтік құжаттарды, статистикалық зерттеу мәліметтері мен экскурсия обьектілері жайында ақпарат беретін кез-келген материалдар мен құжаттарды жинау;

- шешендік өнер, сұрақтарға мүдірмей жауап беру, тапқырлық және көпшілік алдында сөз сөйлеу техникасын меңгеру;

- түсіндіру әдісін қиындатпай, керісінше тыңдаушыға ақпаратты оңай әрі ұғынықты тілмен жеткізу;

- музей табалдырығын аттаушыларға, саяхатшыларға қауіпсіздік ережесі мен сақтық шаралары жайында нұсқау беру, яғни, экспонаттарды көрсету кезінде сақтық шараларын қатаң бақылауда ұстау;

- нақты ақпараттар берумен қатар мәдени шаралар өткізу.

«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде жүргізілетін экскурсияның ерекшелігі, мұнда мамандар бірнеше тілді меңгерген (оның ішінде – қазақ, орыс, ағылшын, неміс, түрік, қытай тілдері) және қызметкерлердің барлығы дерлік экскурсия қызметін көрсете алады.

Музейдегі экскурсия жүргізуші – өскелең ұрпақтың өз халқының тарихын, мәдениетін зердесіне түйген отаншыл азамат ретінде қалыптасуы үшін еңбек сіңірсе, ал алыс-жақын шетелден келген қонақтарға қазақ халқының тарихы сонау сақ заманынан бастау алғанын, ата-бабаларымыздан жеткен құнды мұралар мен жәдігерлерді дәріптеуі қажет. Сонымен қатар  «Есік» қорық-музейінде мектеп оқушыларына арналған арнайы мәдени білім беру бағдарламалары дайындалған. Бағдарламаның негізгі мақсаты: оқушылардың мектепте алған білімдерінен тыс төл тарихымыздан қосымша ақпараттар беру, тарих туындыларын көзбен көріп, сезінуіне жағдай жасау.

«Есік» Мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі 1970 жылы әйгілі сақ ханзадасының қабірі табылған Есік қорымы аумағында, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылдың 30 қаңтарындағы №43 Қаулысына сәйкес, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен іске асқан «Мәдени мұра» Стратегиялық ұлттық жобасы аясында құрылды. «Есік» қорық-музейінің негізгі тақырыбы мен ғылыми-зерттеу жұмыстарының бір бағыты – Сақ мәдениеті мен Алтын адам.

Авторы: Айгерім Әмиева

«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің экскурсия жүргізушісі

Музейдегі кілем