"Оффлайн каникул" - жаңа отбасылық кино

"Оффлайн каникул" - жаңа отбасылық кино
жеке
блог

Көктем мезгілінің басты мерекесі Наурыз мейрамы қарсаңында еліміздің барлық кинотеатрларында «Оффлайн каникул» («Каникулы оффлайн») атты көмедиясы көрсетіле бастайды. Жаңа комедия режиссері Руслан Акун көрермендерге бүгінде өзекті мәселеге айналған тақырыпты жарасымды әзілдер және күлкілі диалогтарға толтырып отыр. Ересек кәсіпқой актерлармен қатар фильмге балалар да түсті. Басты рөлдерді Мейірғат Амангелдин, Бекзат Елеусізов, Еламан Есентаев,  Ермұрат Ментаев, Ясмин Нұрмақова, Мағжан Хамит, Камилли Болат, Арлан Нұртаев,  Ажар Есенбай ойнады.

Кино желісі бойынша үш дос жаңа істің басын бастап, этно-лагерь ашады. Мақсаты -телефон мен гаджет ойындарына құмар жас өрендерді күнделікті әдеттерінен арылтып, оларды ауыл тыныс-тіршілігі мен ұлт мәдениетімен таныстыру.

Кино түсірілімі Алматы қаласы, Алматы мен Жамбыл облыстарының табиғаты сұлу жерлерінде өтті. «Оффлайн каникул» («Каникулы оффлайн») атты көмедиясының продюсері Эрнар Курмашев кинопремьера алдында сұхбаттасқан едім.

-          «Оффлайн каникул» («Каникулы оффлайн») атты көмедиясын түсіру қай кезден бастап қолға алынды? Идея авторы кім?

-          2016 жылы «Тұлпар» жүлдесінің марапаттау салтанатында Ақан Сатаев режиссер Руслан Акунмен танысады. Сол кезде мен іс-сапармен Санкт-Петербург қаласында жүрген едім. Ақан Сатаев маған: «Руслан деген жас режиссер бар. Бірге жұмыс істеп көрелік» деп өз ойын айтты. Русланның жаңа форматта түсіруге болатын, үлкен-кіші көрермендерге арналған комедиясы бар екен. Бізде бұрыннан көпшілікке ортақ, қызықты оқиғаларға толы киножобаны қолға алсақ па деп ойлап жүргенбіз. «Іздегенге сұраған» дегендей, оның да, біздің де ойымыз ортақ болып, бірге жұмыс жасауға кірістік. Бұл өте қызықты әрі өзекті тақырып. Өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды, мәдениетіміз бен рухани байлықтарымызды көрсеткіміз келді. Алдын ала дайындық шараларын өткізіп, сценарий жазып, 2018 жылдың жаз мезгілінде түсірілім жұмыстарын бастап кеттік.

-          Киноға кішкентай балалар түсті. Балалармен жұмыс істеу оңай емес екендігі белгілі. Басты кейіпкерлер қалай іріктелді?

-          Қызығы, біз киноға түсетін балаларды көп іздедік. Камерадан қорықпайтын, ашық мінезді, еті тірі 15 баланы табу оңайға соқпады. Актерлік қабілеттің болғаны да шарт еді. Режиссер Руслан Акун мен кастинг директоры Жайна Абдиева екеуі іріктеу кезеңінде біраз тер төкті. Нәтижесінде, 6-14 жас аралығындағы 15 баланы таптық. Барлығы да кино түсіріліміне жауапты қарап, тырысып жатты. Русланның еңбегі өте зор. Ол кез келген баланың тілін таба білетін жан. Балақұмар, жүрегі жұмсақ. Соның арқасында әр баламен жеке жұмыс істеп, олардың міндеттерін түсіндіре алды. Балалардың 70-80% болашақта мықты актер болып өсетініне мен сенемін. Егер біз жыл сайын балалардың қатысуымен осындай бір кино түсіретін болсақ, жаңа есімдерді танитын боламыз, жас, дарынды актерлердің саны артады. Киноға түскен балалардың барлығы да қалада өскен, ауыл тіршілігінен бейхабар жандар. Балалардың ата-анасымен де тығыз байланыста болдық. Әрине, әр ата-ана баласы үшін алаңдайды. Балаларын бізге сеніп, екі аптаға түсірілім жұмыстарына жібергендері үшін оларға рахмет!

-          Қаланың балаларына ауылда қиын болған жоқ па?!

-          Ол өте қызықты жағдай болды. Басында бөтен ортаға түскен балалар ата-анасына қоңырау шалып, алып кетулерін сұрап жатты. Есесіне ата-аналар бізге хабарласып, балаларын алып кеткісі келетіндіктерін айтып жатты. Барлығын сабырға шақырып жаттық. 2-3 күт өткен соң, балалар ауыл өміріне бейімделіп, тез үйреніп кетті. Тіпті, 2 аптадан кейін үйлеріне қайтпаймыз деп шулап қоя берді. Ауылда қалғылары келген балаларының  мінездерінің жақсы тұсқа өзгергендігін айтып, ата-аналары ризалығын білдіріп, қоңырау соғып жатты. Фильм атауы «Оффлайн каникул» («Каникулы оффлайн») болған соң, біз барлық балалардың телефон, планшет, ноутбуктарын жинап алдық. Тек кешкі уақытта ата-анасымен хабарлассын деп телефонмен сөйлесуге рұқсат беретінбіз. Кино сценарийіндегі жағдай өмірде де орын алды десек болады. Су тасу, аула сыпыру, малға қарау секілді ауылдағы күнделікті тірлікті көріп бастапқыда шошыған еді. Кейін қол жуу үшін де су әкелу керектігін түсінген балалар расымен де өзгере бастады. Оларға тіпті телефон мен гаджетте ойнау емес, сол сәттер қызығырақ болды. Атқа мінуді үйреніп, асық ойнау, көкпар тарту сияқты ұлттық ойындарды ойнауды үйреніп жатты. Жергілікті балалармен достасып, олармен жарысқа түсті. Барлығына ауылдың тіршілігі ұнады. Балалардың өздері екінші бөлімін түсіріңіздер деп өтініш жасап жатыр. Ата-аналары да хабарласып, жалғасы бола ма деп сұрап жатыр.

-          Мен өзімді және құрдастарым жайлы айтсам, біз балалық шағымызда ауылға баратын едік. Қазір ауыл мен қала арасындағы байланыс үзіліп бара жатқандай. Кино жарыққа шыққан соң, көрермендер ойланып, балалар ауылға жиі баратын шығар. Бәлкім, этно-лагерьлер ашылып қалар. Сіз қалай ойлайсыз?

-          Кино түсірілімінен кейін балалар жанарындағы отты көріп, біз ойланып қалдық. Балалар үлкен қызығушылық танытып отырса, неге барлығының басын қосып, кинодағыдай «Ауыл Camp» этно-лагерін ашпасқа?! Этно-лагерьлерді қала іргесіндегі 2-3 ауылда құрсақ, басқа да қалалар мен облыстар қызығып, олар да ашатын болар. Ауыл халқына да жақсы болар еді. Инфраструктура дамып, қосымша жұмыс орындары ашылатын еді. «Балам қазақ тілін үйренсін, жақсы сөйлесін, ауыл өміріне бейімделсін» деген ата-аналар балаларын демалыста осындай лагерьлерге жіберетін еді. Осылай біз екі ортадағы байланысты нығайта алатын едік деп ойлаймын. Айта кететін жайт. Түсірілім жұмыстары Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақастек ауылындағы менің туыстарымның үйінде өтті. Менің анам сол ауылдың тумасы, менің де балалық шағым сол ауылда өтті десем де болады. Нағашыларымның ескі үйінде өткен түсірілім 2 аптаға созылды. Жергілікті халық та көмек қолдарын созып, асарлатып жатты. Балалар да оларға үйреніп алды. Ал қазір менің туыстарым да хабарласып, фильмнің жалғасы қашан болатынын сұрап жатыр.

-          Кино премьера көктем мезгілінің басты мерекесі Наурыздың алғашқы күнінде су жаңа комедия көрермендерге жол тартады. Бұл да тектен тек емес шығар?!

-          Иә, жыл басы Наурызда біз өз көрермендерімізді жаңа картинамен қуантқымыз келді. Мереке күндері отбасымен бірге жаңа комедияны тамашалап, уақытты тиімді әрі қызықты өткізе алады. Бұл жыл сайын өтетін игі дәстүрге айналсын деп тілейміз. Кинопремьера қарсаңында жас өнерпаз Данэлия Тулешова мен рэпер AlvinToday фильм саунд-трегін орындап, клип түсірді. Ол туынды жақында көрермендерге жол тартып, жақсы бағасын алып жатыр. Жаңа комедия көрермендердің ықыласына бөленіп, сүйікті кинолардың біріне айналады деп сенемін.

-          Сұхбатыңызға көп рахмет! Сәттілік тілеймін!

Ауылға, лагерьге демалуға келген балалардың жат ортаға бейімделуі, бастан өткен қызықты оқиғалары, әдеттерінен арылуы қалай өтетіндігінін білгіңіз келсе, міндетті түрде, киноға барыңыз!