Жатақханадағы өмір
жеке
блог

Жатақханадағы өмір

Түннің жарымында, жарығы жартылай қосулы, жатахана қабырғасының оқу залы лық толы студент.

Бір-бірімен бірігіп, кейбірі жекеленіп, көзі майын тауысып, үлкен ұмтылыспен ертеңіне дайындалып отырғаны, болашағының ашық боларын айқын көрсетеді. Шаршаған, қалқулы күйде қолыма ілінген нәрселерімді алып, бөлмеме асықытым. Есік алдыннан бұрынғы балалық шақтағы құрбыммен кездейсоқ көрісіп, біраз іркіліп, әңгімелесіп тұрып қалыппын. Оқу мен алғашқы тұрмыстық күндерді қатар кешіп, қиындығына қарамастан біліммен ұштастыра білген жанның бірі. Шүйіркелесіп әңгімелеспегенімізге көп болғандықтан ба, ішімдегіні айтып, өзімді бір сергіп қалғандай сезіндім.

Әдеттегідей, күнім таңертеңгі тәтті ұйқымды ашқан, даусы көтеріңкі оятқыш сағаттың үнімен, тырбың тіршіліктің кәдесіне жалғасты. Ауыз тиерге қара нан, қара суды азық етіп, қалтамызға бар тиын-тебенімізді салып, жатаханадан шыққан күйі жаяулатып, білім шаңырағына жеделдетеміз. Күн ұзаққа уақытымыз түзде білім кезумен өтіп, кешке үйіміздей болған жатахана есігін ашуға асығамыз. Мәңгілік естен кетпес, жастық шақтың лебін сездірген, қайталанбас сәттерге толы оқиғалармен жалғасып жатқан студеттік кезеңімізді, жатахана қызықтарынсыз елестету мүмкін емес. Ұйқысыз түндерге ұласқан, қайғысын жұбаныш ұмыттырған, қиындығын көрсетіп, сынға шыдамдылықпен үйреткен жатаханының тыныс тіршілігі. Тамақтануға азық таппаған кездері бір-бірімізге қолымыздан келгенді аямай, бір үйдің баласындай болдық. Үміт артып отырған ата-атанамыз хал-жағдайымызды, тоқтығымызды сұрап хабарласқанында, қарнымыз жабысып, асқазанымыз бос болса да, алаңдамасын де сыр білдірмеуге тырысамыз. Қалтамыз қусырып тұрса да, ештеңеге қарамастан бақыттымыз. Студеттердің бірі степендиясын әрі тартып, бері тартып ақыры бір айды алып шықса, енді бірі жұмыс істеп, нәпақасын тауып, күнін көреді. Жан-жақтан жиналған бөлмеміздің ортақ тұрғындарымен, әр түрлі мінезіне қарамастан, етене жақын араласып, тез үйреніп кетеміз. Жатахана есігі жабылып кеткен уақытта, кіруге үлгермей қалсақ, амалсыз құйтырқы әрекетке барған сәттер жетерлік болған соң, тәртіппен қимылымызды бақылауға аламыз. Қателікке ұрынсақ та, сынақ ретінде есімізге сақтап, қайталанбауын қалаймыз.


Көрмегенімізді үйретіп, санамызды жетілдірген жатахана тынысы. Үлкен өмірге аяқ баспастан бұрынғы кішігірім тәжірбиенің бастауы. Туып, өскен өлкеге деген ыстық сағыныштың сазы. Асқақ арман мен биік мақсат алға жетелеген талпыныс. Қоғаммен тығыз байланыс. Сүйікті, қалауымыздағы ісімізбен айналсыуға мүмкіндік. Тынымсыз тіршілік. Өмірге деген құштарлық.

Сұлтанмұратова Мадина. Журналистика мамандығының 2 курс студенті