Қыз тәрбиелей отырып-ұлтты тәрбиелейміз

Қыз тәрбиелей отырып-ұлтты тәрбиелейміз
жеке
блог

Қазақ халқы қыз баланы ерекше құрметтеп,тәрбиесіне айрықша көңіл бөлген.Оны мынадай мақалдар мен даналық сөздерден де байқауға болады.

"Қыз қылығымен тәтті","Қыздың жолы жіңішке"

Әлбетте,ата-ана үшін ұл болса да,қыз болса да дүниеге әкелген баласын қанаттыға қақтырмай,тұмсықтыға шоқтырмай,өз қатарынан қалдырмай өсіріп  жеткізеді.

Қыз балаға жүктелер міндет өте салмақты.Ол ертеңгі жар,өмірге ұрпақ әкелетін ана,бір отбасының арқа сүйер келіні.Жастайынан жақсы тәлім тәрбие алған,басқаларға үлгі-өнеге болатын қыз бала болашақта әдептілігінен,инабаттылығынан танбасы анық.Сырт көзге сүйсінетін,көркіне ақылы сай қыз тәрбиелеу,бұл ата-ананың үлкен,жауапты міндеттерінің бірі болып табылады.

Қыз емес,қыздың аты-қызыл алтын,

Көрінер туған айдай жүзі жарқын.

Үлкеннің алдын кесіп сөз сөйлемес,

Халқының сақтай білген ізгі салтын.

"Қызға қырық үйден тыю"-деген сөздер күні-бүгінге дейін айтылып,мәнін жоғалтпауда.Осы сөздің өзі-ақ қыз бала тәрбиесінің жауапкершілігі зор екенін аңғартады.Қыз баланың сөзі,іс-қимылы әрдайым көптің назарында.Тәрбиенің көзі-әдеп сақтап,инабаттылық таныту."Қыз қылығымен көрікті"-деген аталы сөз бекер айтылмаса керек.

"Қызды тәрбиелегенің-бір ұрпақты тәрбиелегенің"-деген ата-бабамыз.Әубәкір сынды үлкен ақын "Қыз бала-үйдің бояуы"-деген екен.Сол кісінің айтқанындай қыз-әлемнің көркі.Қыз баланың ары мен абыройы,сыры мен сымбатынын сақтауы,келешек өмірге даярлығы,т.б. әрқайсысы өз алдына дербес тақырып.Халқымызда "Бір ұл тәрбиелесең-бір әулетті тәрбиелегенің,бір қыз тәрбиелесең-бір ұрпақты тәрбиелегенің"-деп бекерге айтпаған.

Сонымен халқымыз қазақ қызын қалай тәрбиелеген екен,соған тоқталайық...

Қазақ халқының маңызды қызметтерінің бірі-ол,әрине,тәрбие.Қазақ халқымыз қыз баланың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген.Қазақ халқы қыз баланы ардақтап ұстаған,мәпелеп өсірген және де оны қатал  ұстап,оның тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген.

Қыз бала тәрбиесінде ананың орны ерекше.Ана қыз бала тәрбиесінде әкеге қарағанда ерекше қызмет етеді.Қыз бала анаға бір табан жақын ғой.Біздің қазақ қыз-келіншектердің бойында ізеттілік,ар-ұят,ұялшақтық,үлкенге құрмет көрсету,осындай қыз балаға тән қасиеттерді қызының бойына сіңірген ең бірінші ол,әрине, анасы.

Қорыта келе,қыз баланың тәрбиесін үлкен жауапкершілікке алуымыз керек.Демек,болашақ жас ұрпақты адамгершілікке мол,иманды,инабатты,өнерлі  етіп тәрбиелеу-қазақ халқына үлкен де,жауапты міндет.Болашақ ұрпақтың рухани несібесі бүгінгі қыздарымыздың қолында.Сондықтан,қыз тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қараған абзал.

Сөйтіп,қыздарымыз-қылықты, ұлдарымыз-ұлықты болып өсе берсін, лайым.