Құшағы кең киелі білім шаңырағы
жеке
блог

Құшағы кең киелі білім шаңырағы

Әлемнің екінші ұзтазы Әбу Насыр әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Қазақстан Республикасындағы жетекші жоғарғы оқу орындарының бірі. Қазіргі таңда еліміздегі ірі білім және ғылым ордаларының да алпауыты болып саналады.
Университеттің 81 жылдық аса бай тарихы Қазақстанның академиялық жоғары мектебінің, білімінің дамуы және қалыптасуымен тығыз байланысты. ҚазҰУ-ды еліміздің білікті мамандар ордасы, барлық жоғары білім беру жүйесінің тірегі деп атауға болады. Оның бір себебі, университеттің мыңдаған түлектері Қазақстанның және оның аумағынан тыс жерлердегі өндірістің және биліктің барлық салаларында табысты қызмет атқаруда. Зейнолла Қабдолов, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Дулат Исабеков, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Жүрсін Ерман, Олжас Сүлейменов  секілді ел даналары мен Бақытжан Жұмағұлов пен Қайрат Мәми сияқты ел басындағы адамдар білім алған.
 
1934 жылы іргесі қаланған ҚазҰУ әлемдік білім беру жүйесінде өз ұстанымын жақсартып келеді. Университет құрамында 20 ғылыми-зерттеу институты, 14 факультеттің құрамындағы 98 кафедра және Технопарк жұмыс істейді. Сонымен қатар, 2000-нан астам профессор, доктор, ғылым кандидаты мен философия докторы университетте білім беріп келеді.
Университетте 20000 студент кәсіби жоғары көпсалалы білім жүйесі бойынша білім алуда. Университеттегі оқу үдерісі Болон реформасына сәйкес жүргізіледі, оқытудың кредиттік жүйесі толық күшіне енген. Оқу үдерісінің ашықтығы, білім алушыларға академиялық білімді толыққанды қамтамасыз етеді.
 
Оқу ордасында «бакалавр – магистр – PhD» түрінде үш сатылы мамандар дайындау жүйесі бар. Университеттің жаңа даму кезеңінде әл–Фараби атындағы ҚазҰУ–дың жаңа Академиялық саясаты іске асырылып, білім тексерудің қуатты корпоративтік Интранет желісі іске қосылған. ҚазҰУ мемлекеттік білім беру гранттары және келісім бойынша жыл сайын мыңдаған студенттерді қабылдайды. Университетті әр жылы 180-нен астам мамандық бойынша түлектер бітіріп шығады.
Жалпы даму бағыты халықаралық білім беру стандарты бойынша қабылданған. Университет әлемдік білім кеңістігінде интеграциялауға, жоғарғы білікті мамандарды даярлауға, өндіріске енгізілетін іргелі және қолданбалы зерттеулерді дамытуға бағытталған кең көлемдегі ғылым, білім, рухани-тәрбиелілік, инновациялық және өндіруші негізіне ие.
                                                    Худайбердина Г.А.
                          әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық  
                                 Университеті, заң факультетінің
                             азаматтық құқық және азаматтық
                             іс жүргізу, еңбек құқығы
                                 кафедрасының аға оқытушысы
                                                          Алдашев С.М.
                          әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық  
                                 Университеті, заң факультетінің
                             азаматтық құқық және азаматтық
                             іс жүргізу, еңбек құқығы
                                 кафедрасының доценті, заң
                                     ғылымдарының кандидаты