Табиғат

Табиғат
жеке
блог

 

      «Ұшы-қиыры жоқ теңіздей шексіз даланы неше алуан шөп басып,үлбіреген нәп-нәзік гүлдер бейне жасыл дастарқандай боп жайылады»,-деп Шоқан Уәлиханов айтпақшы,тылсым табиғат қашан да құнды дүниесімен тамсандыруын тоқтатпақ емес.Күн шуағын төгіп айналаны нұрландырса қуанышты деп,аспанды бұлт торлап,желімен жерді жексен етсе табиғаттың ашуы деп түсінетін біздердің,сонау ықылым заманнан бері табиғатқа деген құрметіміз ерекше.Адам баласының табиғат аясында тыныстаған әрбір демі алапат күшке ие.Оны сөзбен түсіндіру тіпті мүмкін емес шығар,сірә!

   Менің қиялымдағы табиғат ұғымы-ерекше сезім,мол шабыт,көркем дүние,қайталанбас туынды,көрінісімен көңілімізді көтеріп,ерекшелігімен есте қалар,әсем де келбетті пейзаж іспетті.Кейде ұстаздарымыз «табиғатқа қарап-ақ біраз нәрсені жарыққа шығаруға болады» дейтін.Өйткені,сарқылмас шабыттың басты діңгегі-табиғат.

    Адам мен табиғат қатар ұғым.Себебі,табиғатсыз адам болмайды,адамсыз табиғат болмайды.Адам жүрексіз өмір сүре алмайтыны сынды табиғатсыз да өмірдің мәні жоқ.

      Қаймағы бұзылмаған қазақ халқы қашан да «табиғат» ұғымын ұлықтап,тағзым еткен. «Адам табиғаттың патшасы» деген ұғым сондықтан айтылса керек.Құндылығын жоймаған бұл ұғымды өзгеше түсініп, «өз жерім өзім қожа» деп білгенін істеп,немқұрайлылықпен қарап,табиғатты қорғаудың орнына жағымсыз іс-әрекеттер жасау нағыз ақымақтың ісі.Сонау заманның қырат-қырат белестерінен байқасақ, еліміз шұрайлы өлкеге,әсем де сұлу табиғатқа,тіпті орасан зор құдіретті күшке ие екендігі тайға таңба басқандай анық байқалады.Сондықтан да, «Адамның табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың оны айтар тілі жоқ», «Табиғат жер байлығы, батырлар ел байлығы», «Жер - ана, ел – бала», «Табиғат - тал бесік» сынды мақал-мәтелдер бекер айтылмаса керек-ті.Ендеше,ата-бабаларымыздан аманат болып,ұрпақ сабақтастығының бірі саналар табиғатты қорғау әрбір перзенттің міндеті екендігін естен шығармайық.