Жетістігімен мақтанады

Жетістігімен мақтанады
жеке
блог

Байқоңырдағы 5 мектеп қазақстандық білім беру стандартына көшті. Ал қала бойынша 13 мектепте 9398 оқушы білім алады. Оның ішінде 8 мектептегі 4153 бала орыс стандарты бойынша оқиды.  

 Аталған 5 мектептің бірі Қармақшы аудандық білім бөлімінің «№ 272 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Мектепте 922 бала білім алады. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда әлдеқайда өскен. Осы орайда мектептің жетістіктері мен атқарылған жұмыстары турасында мектеп директоры Мира Оспанованың әңгімесін назарларыңызға ұсынамыз.

–        Мектептің дәрежесі оқушылардың білімі мен тәрбиесінен көтеріледі. Сайыстардан жеңімпаз атанып  жүрген талантты оқушыларыңыз туралы айтсаңыз?

–        Биылғы жыл біз үшін де оқушыларымыз үшін де табысты болды деп айта аламыз. Оқушыларымыз аудандық, облыстық, республикалық пәндік олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Атап айтсақ, 10-сынып оқушысы Ғалымжанова Айдана орыс тілі мен әдебиетінен аудандық, облыстық жарыстарда І орын, республикадан ІІІ орынды алса, «Көркемсөз шеберлері» байқауында бас жүлдені иемденіп отыр.  9-сынып оқушысы Нұрлан Байсынов биология пәнінен аудандық олимпиадада І орын, облыстық сайыстарда ІІ орын. 9- сынып оқушысы Тоқшылықов Ұлдана «ұлттық аспапта өнер көрсетеу» номинациясы бойынша ауданда І орынды қанжығалады. Мұқағали деген оқушымыз робототехника бағыты бойынша өткізілген «Robo Fest- 2018» облыстық фестивальге қатысып, диплом мен бағалы сыйлықтармен марапатталды. ҰБТ -да ойдағыдай өтті деп айта аламын. Орташа бал 74% пайыз. Төмен нәтиже көрсеткен оқушы жоқ. 14 оқушы тапсырып, мемлекеттік грантқа 8 оқушы ие болды. Ал мектеп бітірген 23 оқушының бәрі әр түрлі оқу орнына түсті. Болашақта ұл-қыздарымнан елдің кетігіне кірпіш болып қаланар азаматтар шығатынына сеніміміз мол.

 

–        Шынымен, оқушыларыңыздың талабы таудай екен. Бүлдіршіндерді тәрбиелеп отырған ұстаздардың да еңбегі орасан ғой. Қанша ұстаз бар білім ордасында?

–        Мектебімізде 77 ұстаз оқушыларға тәлім береді. Оның ішінде жоғарғы санатты 10 ұстаз, бірінші санатты 28 ұстаз, екінші санатты 27 мұғалім бар. Еңбегімен еленіп, шәкірттерінің ықыласына бөленіп жүрген ұстаздарымыздыз да жетерлік. Олар, Мереке Қайназарва, Шолпан Әбдірахманова, Шынзадай Халлаева, Ақжарқын Асанова, Алтынбек Изтаев, Ляззат Мешітбаева, Алмагүл Бакеева, Дәмеш Қарайғырова, Жанар Ойнарова, Бауыржан Оразов сынды ұстаздарымыз бар. Ал, Асылбек Қожағұлов, Жәнібек Бұхарбаев деген ұстаздарымыз жастарды спортпен айналысуына атсалысып жүрген жандар. Олар дайындаған барлық бүлдіршіндер спорттық сайыстан  жеңіс туын көтеріп қуантып жатады. Оның ішінде футбол, волейбол, шахматтан әр түрлі жеңісті орындарымыз бар. Атап өтерлігі, мектебіміз жас кадрлармен толықты. Қоғамдық жұмыс пен ұстаздық қызметті қатар атқарып жүрген ұстаздарымыз да жеткілікті. Айталық, Жазира Ерғалиева «Жас Отан» партиясының, Саламат Алтруева «Қазақ тілі қоғамының» төрайымы.

–        Жаңартылған білім беру мазмұны қиындық тудырып жатқан жоқ па?

 

–        Жаңартылған білім беру мазмұнына 1-8-сыныптар көшті. Оқушыларға бағдарлама бойынша қалыптастыру мен жиынтық баға қойылады. Мұғалім өткізген сабағын электронды күнделікке түсіреді, тоқсан соңында бағалау қортындысы шығып, мониторинг жасалады. Оқушылардың барлығы жаңа кітаппен қамтамассыз етілді. Сыныптар интербелсенді тақтамен жабдықталған. Мектепте мұғалімнің кез келген сабақты өткізуіне толықтай жағдай жасалған, Бұл жаңартылған бағдарламамен білім беруді оңтайландырады.

 

–        Оқушылардың жағдайы қалай? Қайырымдылық шаралары өтіп тұра ма?

 

–        Биылғы жылы 200 шәкіртіміз тегін тамақпен қамтамассыз етілді. Аз қамтылған, көпбалалы отбасыларына жылына екі рет қыстық, күздік киім беріледі. Демеушілердің арқасында оқушыларымыз сыртқы лагерге Жаңақорғанға үш оқушы дем алып қайтты. Демеушілік көрсеткен «Техносервис» басшысы С. Ажмолдаевқа, мектепті тамақпен қамтамассыз етіп отырған жеке кәсіпке Е. Әбдиевке алғысымыз шексіз. Мектеп ішінде «Балдаурен» жазғы демалысы ұйымдастырылып, 30 оқушы қатысты. Жаңақорғандағы «Талдысу» демалыс аймағына 13 оқушы барып қайтты. Осының бәрі бір сыныпқа жоғарылған балаға күш пен жігер берері сөзсіз.  Сыртқы лагерлермен жұмыс істеген педагог Тұрсынкүл Сәрсенбаевтың еңбегі де орасан.  

 

Мектеп бітірген түлектер мен және ата-аналармен мектептің байланысы қалай?

–        Мектептің түлектері үшін есігіміз әрқашанда ашық. Жыл сайын бітіруші түлектер үшін, кездесу өткізіледі. Мектептің дәрежесі оқушылардың білімімен көтерілетіні белгілі. Ал оқушылардың білімі ұстаздар мен ата-ана бірлесіп жұмыс істегенде ғана нәтижесін береді. Мектепте ата-аналармен тығыз байланыс бар. Тағы бір ерекше айтып өтерлігі білім ордамызда мүмкіндігі шектеулі балаларға «Жүректен жүрекке» атты қайрымдылық концерті өтті. Бұл да оқушыларды ізгілікті іске тартудағы келелі жұмыс деп ойлаймын

–        Әңгімеңізге көп рахмет!

 

Думан Кеңшілік