Оңтүстігім

Оңтүстігім
жеке
блог

Оңтүстігім

О дариға-ай, Оңтүстік ұлық өлкем,

Отты жүрек ұл менен қыз өсірген.

Қыран құсы көкті шарлап қалықтаған,

Құлдилайды аң-құс көрсе шың төсінен.

 

Қарт Қаратау қалжырап қалғып жатыр,

Хан жайлаған қойнауын қойынға алып.

Тіл мен ділдің құт мекені қара шаңырақ,

Оңтүстік!-деп кел ағайын мойындалық.

 

Шиырлаған сүрлеулердей белес-белің,

Әдеп-ғұрпың Ғұннан қалған ізгі амалың.

Салт-дәстүрің санамдағы алтын қазық,

Солар үшін от шайнап, тұз жаладың.

 

Қайран менің Оңтүстігім қонақ пейіл,

Дастарханы даламдай кең жиылмаған.

Бұлттай көшіп ауғанда бұлтың тағдыр,

Шежіресін тағдырының шиырлаған.

 

Оңтүстігім, орманымсың, көкорайлы,

Қысы жайлы, жаймашуақ жазы жайлы,

Дархан көңіл диханымның қолы тисе,

Жомарт пейіл, жер -Ана жадырайды.

 

Қадам бассаң рух пен кие қолдар,

Дәл өзіңдей мекенді құт таба алар кім?

Баршаңызды желеп жүрсін, жебеп жүрсін,

Әз рухы қасиетті бабалардың!

 

Күннен бұрын күй түскен шаңырағынан,

Оңтүстігім шырайлым, құтты мекен,

Ақ батаңнан айналдым Алтын Ордам,

Перзентің боп Мәңгілік сүйіп өтем!

 

Елнұры Жеңіс